Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2025
Аласапыран 202 2 пікір 15 Қаңтар, 2025 сағат 13:53

Трамп Украинаны Путиннің жемсауында кетіре ме?

Сурет: nournews.ir сайтынан алынды.

 Үшінші жыл жалғасып жатқан Ресей мен Украина соғысына қатысты маңызды ақпараттарға шолу ұсынбақпыз...

ПУТИННІҢ КӨМЕКШІСІ: «УКРАИНА МЕН МОЛДОВА МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ МҮЛДЕМ ЖОҚ  БОЛАДЫ»

Ресей президентінің көмекшісі Николай Патрушев: «2025 жылы Украина мемлекет ретінде карта бетінен сызылады», - деп мәлімдеді. «Әсіресе, неонацистік идеологияға күштеп мәжбүрлеу мен әсіре руссофобияның Украинаның бір кездері гүлденген қалаларын, соның ішінде Харьков, Одесса, Николаев, Днепропетровск қалаларын құртып жатқаны алаңдатады. Алдағы жылы Украина мемлекет ретінде мүлдем жоқ болуы мүмкін», - деді Патрушев.

Сурет: ria.ru

Патрушев қызды-қыздымен: «Кишиневтің Ресейге қарсы агрессивті саясаты Молдованың не басқа мемлекеттің құрамына кіруіне, не мүлдем өз өмір сүруін тоқтатуына алып келеді.  Бұл жағдайда Украинаның мысалын сөз етуге болады, онда неонацизм мен русофобия арнайы әскери операциядан бұрын елді күйреуге бастап алып келді», - деген ойын қосты .

Ол: «Ресей мен АҚШ Украина бойынша басқа елдердің қатысуынсыз келіссөздер жүргізуге тиіс. Ешқандай Лондонмен және Брюссельмен сөйлесуге қақылары да жоқ. Еуропалық одақ басшылығының бірқатар мүшелерінің, оның ішінде Еуропадағы тұрақтылыққа мүдделі және Ресейге қатысты салмақты ұстанымды ұстанатын Венгрия, Словакия, Австрия, Румыния және Еуропаның басқа да кейбір елдерінің атынан сөйлеуге олар үшін ешкімде құқық берген жоқ», - деп, кеңінен көсіле гәпіріп алды.

Сурет: novostipmr.com

КИШИНЕВ ПАТРУШЕВТІҢ МӘЛІМДЕМЕЛЕРІНЕ ЖАУАП БЕРДІ!

Молдова Сыртқы істер министрлігі Ресей президентінің көмекшісі Николай Патрушевтің «Молдова билігінің Ресейге қарсы саясаты бұл елдің мүлдем мемлекет ретінде жойылуына алып келуі мүмкін» деген сөзіне қарсы жауап қатты.

«Мұндай мәлімдемелер еліміздің ішкі істеріне қол сұғушылық. Бұл өңірді тұрақсыздандыруға бағытталған қадам болып табылады. Молдова Республикасы өз азаматтарының еркіне сәйкес демократия және еуропалық интеграция жолымен дәйекті түрде жүріп келе жатқан егеменді мемлекет», - деді Молдова сыртқы саяси ведомствосы.

Сурет: euronews.com

ТРАМП УКРАИНАНЫ ПУТИННІҢ ЖЕМСАУЫНДА КЕТІРЕ МЕ?

Әлем АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Доналд Трамптың инаугурациясын екі көздері төрт бола күтуде. Бірнеше күннен кейін Американың жаңа президенті ресми түрде өз қызметіне кіріседі. Ал солай бола тұра, «Bloomberg» агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Владимир Путинмен кездесуге дайындалып жатқан Трамптың Украина тағдырына мүдделі еместігін хабарлап, әлем жұршылығына жер шұқытты.

Өйткені, Трамп АҚШ үшін Украинаның Ресейге қарсы соғысының стратегиялық маңызын жете түсінбейді.

Трамп Украинаны Путинге бере ме? Оның орнына не қалайды? Украина Еуроодақтың көмегіне ғана сүйене отырып, АҚШ қолдауынсыз Ресеймен соғысқа шыдай ала ма? деген сауалдар Путин: «Орыс тілді республикада тұрасыңдар» деген қазақтарды да алаңдата бастады.

ПЕНТАГОН БАСШЫСЫНА КАНДИДАТ: «БІЗ АГРЕССОРДЫҢ КІМ ЕКЕНІН БІЛЕМІЗ...»

Дональд Трамп АҚШ қорғаныс министрі лауазымына ұсынған Пит Хегсет өзінің кандидатурасын қарауға арналған тыңдауларда АҚШ Конгресі Сенатының Қарулы күштер істері жөніндегі комитетінде  сөз сөйлеп, болашақ әкімшілік Украинадағы соғыстың табиғатын түсінетінін және оның тезірек аяқталуын қолдайтынын мәлімдеді.

Сенатор Ангус Кинг Хегсеттен Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты оның ұстанымын сұрағанда: «АҚШ-тың келесі президенті Украинадағы «қақтығысты» Киев үшін барынша тиімді жолмен реттеуге тырысады», - деп мәлімдеді Хегсет.

Пентагон басшысы лауазымына үміткерден Вашингтонның жаңа әкімшілігі «Украинаны тастап кетуді» жоспарлап отырғанын анықтап беруін сұраған шақта Хегсет: «Бұл президенттік деңгейдегі саяси шешім. Трамп бұл қақтығыстың аяқталғанын көргіміз келетінін анық айтты.

Біз агрессордың кім екенін білеміз. Біз жақсы жігіттің кім екенін де білеміз. Біз оны (шешімді) украиндықтар үшін барынша тиімді болады деп ойлаймыз. Қанша дегенмен бұл соғыс тоқтатылуға тиіс», - деп атап өтті Хегсет.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір