Әлемнің ең үздік білім беретін 7 елі
PISA ЗЕРТТЕУЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ?
Адамдар табысқа жетуді білімнің сапасымен тікелей байланыстырады. 15 жастағы оқушылардың білімі мен дағдыларын бағалайтын «PISA» халықаралық бағдарламасы жаһандық рейтинг түзіп, баланың сабақтағы үлгерімі оның туа біткен дарындылығынан бұрын, мұғалімнің оқыту шеберлігіне тікелей байланысты екенін дәлелдеді.
Зерттеушілердің тұжырымдарына сүйене отырып, әлемнің беделді жеті елінің мысалында қай жерде ең сапалы білім алуға болатынын қарастырып көрейік.
СИНГАПУР: Нақты өмірге қош келдіңіз
Сингапур білімі бүгінде әлемдегі ең үздік болып саналады. Басқа елдер Сингапурдың білім жүйесін «балаға тым қатал қарап, психологиялық қысым түсіреді» деп айыптағанымен, оның жетістікке жету құпиясын ұғынуға өте ынтызар. Ондағы мұғалімдер оқушыларға болашақ мамандығымен, еңбек нарығындағы орнымен және шынайы өмірмен байланысты ең үздік практикалық білімді беруге ұмтылады.
Бұл ұстаным жай мектептер үшін де, беделді ірі оқу орындары үшін де басты негіз болып табылады. Тіпті елдегі ең ескі оқу орны «Раффлес институты» оқушыларға мамандық таңдауды және соған сенімді болуды үйретеді.
Мысалы: Ветеринар болғысы келетін оқушыға үйдегі мысық пен ит күтімін емес, зообақтағы сиыр мен жылқы сияқты ірі жануарлармен жұмыс істеу практикасы беріледі.
Соның арқасында оқушылар дәрігер болу үшін химияны ұнату керектігін, ал суретшіліктің отбасын асырауға әрдайым мүмкіндік бере бермейтінін ерте түсінеді. Сингапур білімінің тағы бір ерекшелігі барлық сұраққа дайын дұрыс жауап беруде емес, зерттеп жатқан мәселені терең түсіну мен зерттеу дағдысын қалыптастыруда.
ЭСТОНИЯ: Еркіндік, теңдік және бауырластық
Америкалық журналистер зерттеу жүргізе келе, қазіргі Эстонияның жоғары білім деңгейі Кеңес дәуірінен қалған жүйемен байланысты деген тұжырымға келді. Мұндағы мектеп жүйесі балаларды отбасының тегіне, байлығы мен жағдайына қарамастан, бір-бірімен тең деп үйретеді. Эстония мұғалімдері белгілі бір сыныпты ұзақ уақыт бойы, кейде алты жылға дейін жетекшілікке алады.
Бұл мұғалімдерге оқушыларды терең танып-білуге, олармен сенімді әрі жақын қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұнда басқа елдердегідей үлгермей жатқан оқушыға ғана емес, үздік оқушылардың төмендеп кетпеуіне көбірек назар аударылады. Эстониядағы «PISA» координаторы Гунда Тире (Gunda Tire): «Мұнда ешкім білім жүйесін тамаша деп айтпайды. Өйткені олар үшін ештеңе де жеткілікті түрде мінсіз саналмайды», — деп елдің басты ерекшелігін сипаттаған.
ҚЫТАЙ: Әрдайым мұғалімдікі дұрыс
Қытай мектептерінде жеке баланы емес, ең алдымен тұтас сыныпты бірінші орынға қояды. Ата-аналар мұғалімді толықтай мойындап, оған үлкен құрметпен қарайды. Осылайша білім сапасы артады деп есептейді. Барлығы да жетістік туа біткен дарын емес, қажырлы еңбектің нәтижесі екенін жақсы түсінеді.
Мұнда ата-аналар сабақ үшін баланың бетінен қақпай икемге келтірмейді, сондықтан оқушылар мектепте жазаланса да, бұл туралы ата-анасына айтудың пайдасыз екенін біледі. Білім ең басты мақсат, ал ата-аналар таршылық көрсе де, баласының оқуына жағдай жасауға тырысады.
Жапон мектептері сияқты үй тапсырмасы өте көп беріледі, сондықтан оқушылардың жеке уақыты дерлік болмайды. Кейбіреулер бұл жүйені тым қатал деп есептегенімен, қытайлық оқушылар еңбек етсе ғана нәтиже болатынын, сондай-ақ жеке жетістік пен жай ғана қатысудың арасындағы айырмашылықты өте жақсы түсінеді.
ЖАПОНИЯ: Ең дені сау балалар
Жапондықтар тоқтаусыз сөйлей беретін мұғалімді мектептегі ең тиімсіз модель деп санайды. Оқушы орындаған тапсырмасын өзгелерге түсіндіріп бергенде ғана материалды толық меңгереді. Осы себепті Жапонияда оқушылар сыныптың алдына шығып, өз түсінгенін айтып береді. Үй тапсырмасы күнделікті де, демалыс кездерінде де мол беріледі. Сабақтан қалуға және кешігуге өте қатал қарайды. Дәлелді себепсіз сұрану мүмкін емес.
Жапондар мектеп тамағына ерекше назар аударады. «Әлемдегі ең дені сау балалар Жапонияда тұрады» кітабының авторы Наоми Морияма: «Оқушылар тек экологиялық таза өнімдер жеп қана қоймай, тамақтану мәдениеті туралы да білім алады», — деп жазады.
Оқушыларға жеміс-жидек пен көкөністі қалай дұрыс өсіру керектігін үйретіп, түрлі фермаларға танымдық экскурсиялар ұйымдастырады және нутрициолог ма мамандарды мектепке шақырып дәріс оқытады. Жапон ғалымдары тамақтану мен сабақ үлгерімінің арасындағы байланысты үнемі зерттеп, оның нәтижелерін мектеп асханаларына дереу енгізіп отырады.
ФИНЛЯНДИЯ: Күн сайын музыкамен
Бұл елде балаларға үй тапсырмасы дерлік берілмейді. Сабақ арасындағы үзілістер ең ұзақ. «Финляндияның оқыту жүйесі: Әлемдегі ең үздік мектептердің құрылымы» кітабының авторы, америкалық педагог Тимоти Уолкер Финляндияның қарапайым мектебі көптеген нәрсесімен таңғалдыратынын жазады.
Скандинавиялықтардың пікірінше, сапалы білім беру үшін мектепті міндетті түрде ең заманауи техникамен жабдықтау шарт емес, ең басты қажетті бағдарламалар мен құралдарды тиімді қолданса жеткілікті.
Үзіліс кезінде балалар сыныптағы музыкалық аспаптарда (тіпті барабанда) ойнап, өздерінің компакт-дискілерін жаза алады. Оқу бағдарламасында музыка сабағының сағаты математикамен бірдей. Өйткені сабақтағы жетістік музыкалық біліммен тікелей байланысты екенін зерттеу нәтижелері дәлелдеген.
Мұнда оқушылардан емтихан алу сирек кездеседі, тек күтпеген тапсырмаларды шешу қабілетін тексереді. Финдер есірткі, соғыс, спорттық этика немесе жыныстық тәрбие сияқты күрделі тақырыптардан қашпайды. Оқушыларға бірнеше пәннен алған білімін біріктіріп пайдалануды үйретеді, мұндай тәсілді олар «білімді бекіту стратегиясы» деп атайды.
КАНАДА: Қайырымды болайық
Білімі жоғары деңгейдегі басқа елдер сияқты канадалықтар да алған білімді қолдана алмауды «білімсіздікпен тең» деп санайды. Сонымен қатар емтихан бағасы баланың мүмкіндігін толық көрсете алмайтындықтан, бұған аса үлкен мән бермейді.
Елде бірыңғай Білім министрлігі де жоқ. Білім кеңесі 13 провинция мен территория өкілдерінен құралады. Канадалықтар баланы кішкентайынан бауырмал, жанашыр әрі төзімді етіп тәрбиелейді.
Психикалық ауыр ауытқулары барлардан басқа, мүмкіндігі шектеулі балалар арнайы емес, жалпы оқушылармен бірге оқиды. Канадалықтар балаларына: «Бәрінің өмірі бірдей емес. Және бәріне өмір жеңіл тимейді, соған байланысты әртүрлі адамдармен тіл табысып өмір сүруді үйрену керек», деп үйретеді. Оқушыларды экология, қайырымдылық, қарттарға қамқорлық жасау сияқты еріктілік (волонтерлік) жұмыстарға белсене тартады.
ВЬЕТНАМ: Жоғары этикаға негізделген оқыту
Бұл елде де Қытайдағыдай мұғалім жай ғана қызметкер емес, қоғамда үлкен құрметке ие тұлға. Мұғалімдер балаларға өз ата-анасындай шын жүрекпен қарайды. Содан да болар, бұл елде кез келген жастағы азаматтар оқуға ынтызар: оқу материалдарын алдын ала зерттеуге, қосымша курстарға қатысуға, шетел тілдерін үйренуге әрдайым дайын тұрады.
Вьетнамдықтар білімді табысқа жетудің, отбасына амандық пен құрмет әкелудің басты жолы деп біледі. Мұндағы мектептердің көбі оқушыларын «Tiên học lễ, hậu học văn» ұранымен тәрбиелейді. Бұл ұран: «Әуелі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрен. Содан кейін ғылым-білімді меңгер» деген мағынаны білдіреді.
Адамгершілік-этикалық тәрбие мұнда математика мен география сияқты мектеп бағдарламасының ажырамас бөлігі болып табылады. Тәрбиені терең ұғындырып, салты мен дәстүрін құрметтеу балаға берілетін білімнің жемісті әрі нәтижелі болуына ықпал етеді.
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz