Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2025
Ғибырат 879 2 пікір 18 Қаңтар, 2025 сағат 14:55

Саф танымның сарапшысы

Сурет: abaialemi.kz сайтынан алынды.

Қазақтың қайғысындағы алыптар азайып бара жатыр. Солардың бірі – кеше ғана 95 жасында дүние парағын жапқан Мекемтас Мырзахметов. Мен кезінде бұл ғұламаның «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» атты кітабына Алғы сөз жазған едім. Ұлт-Ұрпақ-Ұрғын үшін өткен жанкешті шайқастарда Мекемтас ағадай алғадайдың соңында жүргеніміздің өзі – біз үшін мәнін мәңгі жоймас мәртебе!

Қош-қош, ұлықтар керуенінің қара нары!

Ұлылардан қалған ұлағат мынау: Адамзат өміріндегі күрестердің ең ұлысы – ұлт үшін күрес. Бұл қасиетті күреске ғұмырын сарп еткен ұлдарын ұлт та ешқашан ұмытпақ емес. Олар халық жүрегінен өшпестей орын алады. Мұндай ерендердің еңбегін білгендердің қалтқысыз қасиет тұтатыны күмәнсіз, білмегендер де дүрмекке еріп, есімін еріксіз есінде сақтары хақ. Сондай атпал азаматтардың бірі – Мекемтас Мырзахметұлы. Оның ат жалын тартып мінген кезінен бастап-ақ ғылым мен мәдениетте соны сорапқа түсіп, сара жол іздеуі – осы ұлтжандылығының көрінісі еді. Жаңалық іздеу – өзін танытқысы келетін кез келгеннің сипаты болуы мүмкін. Бірақ Мекемтас Мырзахметұлының тың бағыт-бағдары басқа еді. Олай дейтініміз, Мекең іздеген жаңалықтар сол тұста өз басына мақтау-марапат әкелмек тұрмақ, ғылыми карьерасына ғана емес, пенделік ғұмырына да аса қауіп төндіретін қатерлі жол еді. Сол кезде Мекем-аға ұсынған бағыттардан ұлтжанды деген тұлғалардың өзі ат-тонын ала қашқаны – соның айғағы. Бірақ солай болды екен деп, бағытын басқа арнаға бұру былай тұрсын, кідіріс жасап кібіртіктеген де жері жоқ, тек алға қарай нық сеніммен баса берді. Сонау 32-жылғы аштық кезінде бала Мекемтасты қорқау қасқырлардың қоршауынан сәби қарындасын құрбандыққа беріп, құтқарып қалған ана жүрегі болашақта ата-шаңырақтың иесінің ғана емес, күллі ұлт мұратын ту ететін ұлының тағдырын қапысыз болжай білген ғой.

Мекең қолға алған тақырыптардың барлығы кеңестік саясатқа мүлдем кереғар, ал ұлтқа өлшеусіз пайдалы еді. Бұрынғы әдебиеттануда Абай дүниетанымының негізгі шығыстық арнасы туралы тиіп-қашып қана сөз етіліп келсе, бұл туралы көзқарас Мекеңнің еңбектерінен кейін кәміл бағытын тапты. Ғалым еңбектерінің тағы бір өзгешелігі – патшалы Ресей кезінде қалыптасып, кеңес өкіметінде әбден орныққан белгілі бір ғылым салаларының тар шеңберінде ғана зерттеу жүргізу үрдісіне сыя бермейтіндігі еді. Оның зерттеулері әдебиеттанудың, философияның, тарихтың, педагогиканың, халық педагогикасының, саясаттанудың, керек болса, жаратылыстану ғылымдарының қатысы бар нысандарын қатар қамтып жататын. Бұл да ұлттың арман-аңсарын алдыңғы орынға қоюдан туған құбылыс. Сыртқы экспансияның, отарлаудың, орыстандырудың, шоқындырудың, мәңгүрттендірудің, ұлтсыздандырудың тарихын, әдіс-тәсілдерін, сол мақсатта әрекет еткен миссионерлердің өмір тарихын, қитұрқы әрекеттерін ғылыми негізде танытып қана қоймай, оның зардаптарын жойып, жоғалтқанымызды қайта қалпына келтірудің, оған қарсы тұрудың жолдарын айқындаған еңбектері де бір төбе. Ғалым мұратының ұлылығына, арлылығына, адами қасиеттеріне мін таға алмағандар оған саяси көзқарасы қате, ғылыми әдістемелік негізі бір ізді емес деген сияқты сындар айтып бақты. Бірақ қазіргі заман талабы Мекең уәждерінің уәлілігін, аузының дуалылығын, хақтығын дәлелдеді.

М.Мырзахметұлы еңбектерінің қай-қайсысы да бостекі байламсымақтардан, саяси бақай есептерден ада, құнын жоймас қымбат дүниелер. Соның ішінде айырықша бөліп айтуды қажет ететіні – қазақ әдебиетіндегі сопылық мәселесі. Сопылық ілімнен, оның тарихынан, ол жайындағы мағлұматтардан қанша уақыт қол үзіп қалсақ та, ол жөніндегі ақиқаттар ұлттың қаны мен жаны екендігін бергі тарихтың өзі көрсетіп берді. Бұл қандай ақиқат еді? Ұлы Далаға үстемдік құрғысы келген сыртқы күштердің барлығы сопылық ілімді құрту үшін бар қуат-шарықтарын жұмсады. Кешегі патшалы Ресей, кейінгі советтік тоталитаризм, бүгінгі вахабиттік-салафиттік, кораниттік діни теріс ағымдар сопылықтың атын да, затын да тезірек ұлт жадынан өшіруге жанталасты. Бұлар бір-біріне қарама-қайшы құрылымдар болғанына қарамастан, осы зұлмат жоспардан туындаған зымиян әрекетті бір-біріне эстафета қылып тапсырып отырды. Бұл қитұрқы саясат бүгін де жалғасуда. Мысалы, совет өкіметі қанша жерден атеистік платформадағы мемлекет болғанымен, дін атаулымен ымыраға келмейтін сыңай танытса да, ұлт һәм дін өзегіне жегі болып түсер теріс діни ағым өкілдерін өз мақсаттарына пайдаланып отырды. 20-жылдардың соңында Шами дамолла дегенді «сахнаға» шығарса, 60-жылдардан бастап САДУМ-ның вахабиттік бағыттағы қызметкерлерін көбейтіп, оларға астыртын дем беріп отырды. Осындай аса қуатты да қатерлі күшке жеке тұлға қарсы тұрды дегенге бұрын да, қазір де біреуді сендіру беймүмкін іс. Солай болса да, бұл – айдай ақиқат.

М. Мырзахметұлы Совет өкіметі сопылық ілімді, ол туралы ғылыми ойды тұншықтырып, вахабизмді жымысқылықпен қолдап-қуаттап отырған тұста, Абайдағы жүрек ілімі жайлы мәселелерді көтеріп, ағысқа қарсы жүзіп еді. Осы әрекетіне байланысты жылы лебіз есту былай тұрсын, тек шетқақпай көруден көз ашқан жоқ. Бірақ ағасы һәм ұстазы Бауыржан Момышұлы жүрген тар жол – тайғақ кешуді өзінің де тағдыры деп таныған Мекем-аға оны алдын ала білді, оның қиындығынан қыңбады.

Мекеңнің замандастары түгілі, алдыңғы толқын ағалары да хабарсыз, бәлкім, саналы түрде баз кешкен сопылық ілім жайындағы ойлар, мағлұматтар там-тұмдап тамшыдан құралған теңіздей болып, арнайы зерттеулерге ұласты. «Іздегенге – сұраған» дегендей, осы тұста, 1991 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылуы ғалымның тыңға түрен салып, осы арнада бел шешіп еңбектенуіне себеп болды. Бұл университет қазіргі күнде ясауитанудың ірі орталығына айналған. Соның бас себепкері Мекем-аға болатын.

«Дінін шаншып қармаққа, әркім бір жем іздеп жүрген» (А. Байтұрсынов) бүгінгі таңда әлеумет әлпештеген әнші де, Алаш ардақтаған айтыскер де, халық сайлаған «қалаулы» да, ел сенген бәзібір биліктегілер де, иманның ұйытқысы болуға тиіс кейбір мешіт қызметкерлері де сол айтылған – дін шаншылған қармақты қауып, жаттың жетегіне көмекейінен қарналып, ұлтының сорына айналған кезде Мекемтас Мырзахметұлындай аймаңдай тұлғаның бағзы бастау – түп танымға шақырған ұлан-ғайыр еңбегі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан «Ұлы жиһадтың» нағыз өзі!

Бүгінгі ясауитанушылар да Ясауи ілімінің құндылығы оның ұлт тарихымен біте қайнасқандығында ғана емес, ұлттың бүгіні мен ұрпақтың болашағына да ауадай қажет екендігін айтып отыр. Ясауитанушы Б.Қорғанбеков өзінің «Ясауи ілімі: кеше, бүгін және ертең» деген мақаласында: «Орыс философы, құқық теориясының білгірі И.Ильин Ресейдегі сенім мен шығармашылық идеялардың арасында тығыз байланыс болуы керек деп есептейді және мұны ұлттық идеологияның басты сипаты етіп көрсетеді. Оның айтуынша, ұлттық идеология тарихи мәлімет беруі керек және тарихи шешімдерді анықтауы тиіс. Ясауи ілімі осы талаптардың бәріне жауап береді. Ясауи ілімі «дәстүрлі дін» ұғымының құрамында болғанымен, оның мәніне қатысты болғандықтан, онымен көп жағдайда синоним ретінде қолданылмағы да заңды. Сондай-ақ ол ұлттық идеологиямызға негіз болатын бірден-бір жол», – дейді (http://masa.kz/article/view/id/2561).

Осы айтылғандарға қарап-ақ, Мекең негізін қалаған Ясауитану орталығы мен ол жазған еңбектердің халық үшін қаншалықты маңызды екенін ұғуға болады.

Бүкіл адамзат баласының санасы сансырап, төрткүл дүниенің «тәңіріне» айналған технократиялық таным тұйыққа тіреліп, діндер догматтанып, күллі әлем Бар мен Жоқтың таразысында теңселіп тұрған бүгінгі таңда адамзат пен ғаламзатты құрдымнан құтқаратын қасиетті ілімнің Өз қолымызда тұрғанын айтып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жар салған Мекем-аға – «жаһан жанашыры» деуге лайықты жан. Сопылыққа дүйім ішкі-сыртқы жат күштердің қас, ал Мекең сияқты жұрты үшін жанын пида етуге даяр тұлғалардың оны бірден-бір ақиқат жолы деп есептейтіні – жай парадокс қана емес, әрбір адамның ұйқыдағы көкірегін оятуы тиіс ақиқат.

Фашизм аждаһасы Мәскеуді жұтқалы тұрғанда, аршылан туған Баукең – Бауыржан Момышұлы кеудесін тосып еді! Ерлік ижәзәтін Сол Кісінің өз қолынан алып қалған Мекемтас аға Мырзахметұлы да ұлтқа қатер төнген қазіргі алмағайып тұста Антына адалдығын танытудан еш танбады! Абай мен Шәкәрімді сопылықтан әдейі алшақтатпаққа не оларды басқа жат ағымдарға телігісі келіп жанталасқан содырлы күштерге дер кезінде тұралата тойтарыс берген әруақты әрекеттері, соңғы жылдары қазыналы Оңтүстіктің рухани мұраларының басын біріктірген 300 томдықты шығару немесе Б. Момышұлының 100 томын құрастыру сынды іргелі шаруалары – осының бәрі әлгі айтқандарымыздың бұлжымас дәлелдері!

«Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» атты жинаққа ғалымның 70-жылдардан бері қарай жазылған қазақ сопылығы хақындағы ғылыми мақалалары топтастырылған еді. Бұл еңбектер ұлттығымызға жат, қатерлі діни ағымдардың сесі білінбей тұрған кезде-ақ жазыла бастағаны ғалымның болашақты болжай білген көріпкелдігіне меңзейді. Бұл қасиет ғайыптан келген нәрсе емес, ұлтын шексіз сүюден, болашағына түпсіз алаңдаудан туған құсни құлық. Бұл мақалалар тек автордың ғана емес, қазақ ғылымының да жүріп өткен жолын танытады. Сопылықтың жолы ғана емес, оны зерттеп-танудың жолы да – ұлт һәм ұрпақтың көкірек көзін ашатын, қасиетінен күллі қаскөй қашатын қастерлі жол.

Жинақта ислам дінінің өзегі болған сопылық ілімнің, рухани ілімнің қазақ топырағында қалай көктеп, көркейіп, гүлдеп, жеміс бергені толыққанды тәптіштеледі. Бұл ұлық ілімнің Әл-Фараби, Ж. Баласағұни, А. Жүйгінеки, А. Ясауиден бастау алып, жыраулар поэзиясына жалғасқан, одан Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп мұраларында арна тапқан дәстүрлілігін көрсетіп, оның белгілі бір қырлары заман тынысына сай алдыңғы орынға шығып, «хәл ілімі», «жауанмәртлік», «кәміл инсан», «толық адам», «ар ілімі» деп аталғаны, соған лайықты олардың қандай ерекшеліктері әлеуметтік мән алғаны терең талданған. Жинақтың рухани тамырларымыз туралы танымымызды кеңейтуге, бүгінімізді бұлдыр тұманнан сейілтуге, болашағымызды баянды етуге сүбелі септігі тиері сөзсіз.

Халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Мекемтас Мырзахметов ағамыз аты да, хаты да мәңгі өлмейтін, қазақ халқы барда есім-сойы ұмытылмайтын, хаты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын нағыз ғалым. Ләйім, жайы жәннатта болғай!

Айт-Ман Нұржан

«DAT».

Abai.kz

2 пікір