«Басқақтар» – қазақ сөзі ме?
Тарих ғылымында түркі, соның ішінде қыпшақ-қазақ мәдениетіне қатысты ұғымдардың шығу төркінін анықтау – ең күрделі әрі қызықты зерттеу салаларының бірі. Осындай даулы әрі көп талқыланатын терминдердің бірі – «басқақ» сөзі. Бұл атау ортағасырлық деректерде жиі кездеседі және көбіне Алтын орда империясы дәуіріндегі әкімшілік лауазым немесе салық жинаушы шенеунік ретінде сипатталады.
«Басқақ» ұғымының тарихи мәні
Алдымен, «басқақ» сөзі тарих сахнасына қай кезде шыққанын еске түсірейік. XIII-XVI ғасырда Алтын орда империясы Еуразияның кең аумағын бағындырған кезде, жергілікті халықтарға бақылау орнату үшін арнайы әкімшілік жүйе енгізді. Басқақтың міндеті халықтан алым-салық жинау, әскери тәртіпті бақылау және қыпшақ хандарының бұйрықтарын орындау болды.
Осыған байланысты көптеген ортағасырлық дереккөздерде «басқақ» сөзі қыпшақ шенеунігі ретінде түсіндірілген. Мысалы, парсы тарихшысы Рашид ад-Дин өзінің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінде басқақтардың билігі мен міндеттерін нақты сипаттап өтеді.
Ғылыми тұрғыдан – «басқақ» терминінің шығу тегіне қатысты түрлі дәлел табамыз. «Басқақ» сөзі қыпшақ тілінен шыққан. Демек, «басқақ» — яғни «басқарушы» немесе «билік иесі» мағынасында. Қазақ тілінде – ол «бастық», немесе «жетекші», «басқарушы» деген ұғымдарды білдіреді. Ал «-қақ» немесе «-қақ/-қақы» сияқты қосымша тұлғалар түркі тілдерінде әрекет немесе лауазым білдіру үшін жиі қолданылған. Осы тұрғыдан алғанда, «басқақ» - «қақ» (іс атқарушы, лауазым иесі) қосындысынан туындаған қыпшақ қазақтың сөзі.
Деректер мен археографиялық дәлелдер
Қыпшақ даласынан табылған кейбір жазбалар мен құжаттарда «басқақ» сөзі – Алтын Орда дәуіріндегі ресми хаттар мен жарлықтарда бұл сөз жиі қолданылған.
Алтын Орда – қыпшақ тілі үстем болған мемлекет еді. Мемлекеттік іс жүргізу, дипломатиялық хат алмасу, салық жүйесі – барлығы қыпшақ тілінде жүргізілді. Бұл сұраққа жауап – ол сөздің түркілік негізі бар екенін айқындай түседі.
Қазіргі тілдік мұрадағы іздері
Қазақ тілінде «басқақ» сөзі қазір жиі қолданылмайды, бірақ оның мағыналық ізі сақталған. Мысалы, «басқару» және «басшылық», сондай-ақ «бастық» деген сөздер – бір түбірден тарайды. Тіпті кейбір өңірлік диалектілерде «басқақ» сөзі «бастық» мағынасында ауызекі тілде кездескені жөнінде этнолингвистикалық жазбалар бар.
Демек, бұл ұғым тек тарихи термин ғана емес, қазақ тілдік жүйесінің дамуына әсер еткен мәдени-әкімшілік символ болған.
Айтар болсақ, бұл сөздің түбірі – түркі-қыпшақ тілдік негізде жатыр деген пікір қисындырақ көрінеді. Сондықтан «басқақтар» – тек қыпшақ шенеуніктері. Яғни олардың атауы мен ұғымы да түркі мәдениетінің терең қабатынан нәр алған тарихи лексема. Бұл сөз қыпшақ-қазақ тілінің көнеден келе жатқан билік ұғымын білдіретін тамырлы сөздердің бірі.
Қазақ тарихы мен тіліне үңілу – ұлттың рухани тамырын терең түсінудің жолы. «Басқақ» секілді көне сөздердің төркінін анықтау арқылы біз өз тіліміздің байлығын, мәдениетіміздің ықпалын және түркі өркениетінің әлемдік тарихтағы орнын айқындай түсеміз. Иә, «басқақтар» сөзі тарихи тұрғыда қыпшақ үстемдігімен байланысты қолданылған. Оның қазақ тілінен шыққандығы айқын. Бұл ұғым ата-бабаларымыздың билік құрылымындағы өзіндік дәстүрін, тіл мен мәдениет сабақтастығын көрсететін маңызды дәлелдердің бірі.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz