Баку мемлекеттік университеті және Қазақстан университеттері ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейтуде
Әзербайжанның Баку мемлекеттік университетінің ректоры Елчин Бабаев білім беру мен ғылым саласындағы жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасындағы ынтымақтастықтың күшейгенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық трансформация, жасанды интеллекттің дамуы, «жасыл» технологиялар және этикалық басқару нормалары жаңа жаһандық білім беру күн тәртібін қалыптастыруда. Ол Қазақстан мен Әзербайжан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық мемлекеттер ретінде ғылыми дипломатия мен академиялық ынтымақтастықты дамыту арқылы аймақтық трансформацияның көшбасшылары болуға әлеуеті бар екенін жеткізді.
Елчин Бабаев БМУ-дың Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сәтбаев атындағы университет, Есенов атындағы Каспий университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бар. Сондай-ақ университет базасында қазақ мәдениетін ілгерілетуге және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған Абай орталығы жұмыс істейтіні айтылды.
Ректор БМУ қазақстандық серіктестермен бірлесіп академиялық кеңес, зерттеу және инновация қоры, сондай-ақ жас ғалымдар желісін құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл бастамалар жастардың ғылыми зерттеулерін, ғылыми әзірлемелерді және академиялық ұтқырлықты қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар Елчин Бабаев 2025 жылдың наурыз айында Бакуде өткен Study in Kazakhstan көрмесінің және осы аптада өткен жасанды интеллект этикасы жөніндегі бірлескен конференцияның табысты өткенін атап өтті. Ол әзербайжандық жастардың Қазақстанда білім алуға және ғылыми жобаларды іске асыруға қызығушылығы артып келе жатқанын айтты.
Abai.kz