Жұма, 31 Қаңтар 2025
Жаңалықтар 268 0 пікір 30 Қаңтар, 2025 сағат 18:08

Ахмед аш-Шараа Сирия президенті болып жарияланды

Сириядағы ереуілшілердің жетекшісі Ахмед аш-Шараа «ауыспалы үкімет кезеңінде» елдің жаңа президенті болып жарияланды. Бұл жөнінде "Әл-Арабия" және Таяу Шығыстағы өзге де ақпарат құралдары жазды

Мохаммад әл-Джулани ретінде танылған аш-Шараа жетекшілік ететін түрікшіл діни қарулы топ "Хайат Тахрир аш-Шам" – АҚШ, Батыс елдері мен Ресейде террористік ұйым ретінде танылған. Аталған топ қарашаның соңы – желтоқсанның басында Башар Асад диктатурасына қарсы қарулы бүлікке шығып, нәтижесінде Асад режимі құлады. Асадтың өзі Мәскеуге қашып, аш-Шараа іс жүзінде елдің жаңа басшысына айналған.

Асад қашқаннан кейін аш-Шараа бүлікке қатысқан барлық әскери топтар таратылып, олардың мүшелері мемлекеттік құрылымнан орын алуы керек деп мәлімдеді. Бұрынғы әскер мен қауіпсіздік қызметі де таратылды. 2012 жылдан бергі күшінде болған Сирияның Конституциясының күші жойылды. Ауыспалы үкіметке енді жаңа заңнама жасауына тура келеді.

Аш-Шараа бұған дейін ауыспалы кезеңнен кейін тұрақты үкімет сайлау нәтижесінде жасақталуы керек деп мәлімдеген, алайда ауыспалы кезең қанша уақытқа созылатынын айтқан жоқ.

Abai.kz

0 пікір