Қазақстанда АЭС-ті кім салады?
"Росатом" басшысы Мәскеу мен Астана АЭС бойынша ортақ шешім қабылдауға бет бұрды деп мәлімдеді. Бейсенбі күні "Росатом" басшысы Алексей Лихачев Ресей мен Қазақстан премьер-министрлерінің кездесуіндегі талқылаудан осындай қорытынды жасауға болады деді. Бұл туралы "РИА Новости" жазды.
"Бүгін елдеріміздің үкімет басшыларының кездесуіндегі талқылаулар мазмұнына сүйене отырып, ортақ шешім қабылдауға бет бұрдық деп қорытынды жасауға болады" - деді Лихачев.
Лихачев Қазақстан АЭС салу мәселесін "кәсіби түрде зерттеп", бірнеше вендормен жұмыс істеп жатыр деп айтқан.
"Росатом" басшысының айтуынша, жақында Қазақстан делегациясы Ленинград атом электр станциясына барған.
Лихачев "Росатом" Қазақстан аумағында АЭС салуға дайын деп мәлімдеді.
Ал бейсенбі күні Еуроодақтың санкция жөніндегі арнайы уәкілі Дэвид О’Салливан Қазақстандағы АЭС құрылысына "Росатомның" қатысы жөнінде сұраққа "ЕО-да бұл бойынша ерекше ұстаным жоқ, себебі Қазақстан - тәуелсіз мемлекет" деді.
Abai.kz