Сенбі, 22 Тамыз 2026
46 - сөз 4441 0 пікір 18 Тамыз, 2026 сағат 11:39

Чапаевтың орнында Әбілқайыр хан тұрсын!

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Әлеуметтік желіде Чапаев ескерткіші туралы мәселе көптен қозғалып келеді. Біреулер Кенесары хан тұруы керек дейді. Ал мен Әбілқайыр хан тұруы керек деймін.

Орал қаласындағы теміржол вокзалының алдындағы Чапаев ескерткішінің орнына Әбілқайыр ханның ескерткіші тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.

Чапаевтың қазақ жеріне, Орал өңіріне қатысты тарихы белгілі. Бірақ бүгінгі күні тарихи санамызға қайта қарап, өз жеріміздің тарихында айрықша орны бар тұлғаларды ұлықтайтын уақыт келді.

Өз жерімізде кімдерді ұлықтаймыз, келер ұрпаққа қандай тарихты көрсетеміз деген мәселе өзекті.

Әбілқайыр хан — қазақ тарихындағы күрделі де маңызды тұлға. Оның Ресеймен байланыс орнатуы, елдің сыртқы саясатына қатысты шешімдері — тарихшылар арасында әлі де талқыланатын мәселелер. Бұл жерде біржақты пікір айтуға болмайды. Өйткені сол кезеңдегі саяси жағдай, жоңғар қаупі, ішкі алауыздық пен сыртқы күштердің ықпалы қатар жүрген.

Бірақ Әбілқайыр ханның өз заманының саяси көшбасшысы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Оның өмірі мен қызметі қазақ тарихының бір бөлігі.

Ал оның қаза табуы — тарихтағы үлкен өкініштердің бірі. Қазақ елінің бірлігін сақтап, ел тағдырын шешкен тұлғаның өз ішіміздегі саяси тартыстың құрбаны болуы — бізге сабақ болуы керек.

Әбілқайыр ханды өлтірмеген де жоспары көп еді. Ресей отарлап алмауы да мүмкін. Ресейге қосылу шешімі үлкен жоспар еді…

Сондықтан Орал қаласының төрінде, теміржол вокзалы секілді қалаға кіріп келген адамның ең алғаш көретін жерінде Чапаевтың емес, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі — Әбілқайыр ханның ескерткіші тұрса, бұл тарихи жадымызды жаңғыртуға жасалған маңызды қадам болар еді.

Бүгін біз ескерткіштің орнын өзгертсек, ертең ұрпағымыз:

«Бұл жерде қазақтың тарихындағы қандай тұлға тұрды?» — деп сұрайды.

Сол сұраққа мақтанышпен жауап беретіндей шешім қабылдайтын уақыт келді.

Оралдың төрі — Оралдың тарихына лайық болуы керек!

Чапаевтың орнына Әбілқайыр хан тұрсын!

Жалғас Нигмет

Abai.kz

0 пікір