Дүйсенбі, 3 Ақпан 2025
Бүгінгі сатира 204 0 пікір 3 Ақпан, 2025 сағат 12:52

Мағынасы майысқан мақалдар

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Тартып жесең - табыс көп.

***

Жоғарығы жаққаның - тақты оңай тапқаның.

***

Адалдықпен күн еткен

Өз түбіне өзі жетер.

***

Болсын десең лауазымың мәңгілік -

Жоғарыға жалбақтай бер таңды ұрып.

***

Креслосын қимайды,

Тапқанын өзіне жинайды.

***

Жегені қарынға сыймай тұр,

Сонда да көзі қимай тұр.

***

Ішінде теңге болмаса әмияның да сүйкімсіз.

***

Өлермен өлгенше жейді.

***

Ашкөзді ақша арбайды.

***

Қолына ұстағанның бәрін көмейіне тыға бергісі келеді.

***

Таққа отырғанның талабы күшті.

***

Ашкөз алғанын қоймайды,

Парақор ақшаға тоймайды.

***

Пара алмасаң – пақырсың.

***

Табыстың көкесі – тендерде,

Әйелдің күші – «гендерде».

(гендерлік саясатты меңзеп отырмыз).

***

Жемқор «майлы» орынға үйір,

Жалқау жайлы орынға үйір.

***

«Бермесең» берекең кетер.

***

«Дәметпеген» дүние жинай алмас.

***

Көкем көкесіне сеніп өседі.

Бастық барлық жерге «беріп» өседі.

***

Дәметудің соңы – парамен бітеді,

Өтіріктің соңы жаламен бітеді.

***

Таланты жоқ, танысы көп.

***

Тамағынан өтпесе тұншығар,

Құлқынына түссе құлшынар.

***

«Берерің» қандай болса,

Беделің сондай болмақ.

***

Ақша берсең жетерің анық,

Бермесең қаларсың қаңғып.

***

Бастықпен ұрыспа,

Қырсығып, тырыспа.

***

«Бергеннің» ісі тез бітеді,

Бермеген өлгенше күтеді.

***

Ебін тап та есіре бер.

***

Тендер үлестіргеннің тәбеті жақсы.

***

Пара алған болашағына алаңдамайды.

***

Жемқор жемей жата алмас,

Парадан еш қаша алмас.

***

Құлқыны қысса, қарап отырмас.

***

Алады аздап, ептейді –

Дүние артық етпейді.

***

ОСЫНДАЙ БІЗДІҢ КӨКЕМІЗ

Пайдасын ойлап
Жортатын көкем,
Жұтса да тасты
Қорытатын көкем.
Туысқан, құда,
Дос-жаран, жекжат,
Жамағайынына дейін
«Жарытатын» көкем.

Тендердің бәрін
Ұтатын көкем.
Проблема көрсе
Зытатын көкем.
Қолынан келсе
Қонышынан басып,
Шайнамай бәрін
Жұтатын көкем.

Таныс пен тамыр
Қуатын көкем.
Жоғарыдан ығып
Бұғатын көкем.
Әлсізді көрсе аяқтан шалып,
Жолын да кесіп,
жығатын көкем.

Маңына ешбір
Жолатпайтын бөтен,
Осындай біздің
Басекең-көкем.

ҒАЛЫМ БОЛДЫМ...

Ғалым болдым мінеки,
«Шабытымды шақырып».
Айғайлап тұр тақырып.
Қорғаймын деп докторлық
Тыным таппай жатырық.
Болып алсам зор ғалым,
Жерге тимей қақырық,
Таныс-тамырды шақырып,
Тойлармын-ау жапырып...
Құпиясы қорғаудың –
Іздену емес қапылып.
Сөйлесең болды сапырып.
Беріп қойсаң болды ғой
Тиын-тебенін, ақырын.

***

Кер жалқаудың арманы

Е-е, шіркі-ін!
Сөзіме жұрт құлақ салса екен,
Бар назар маған ауса екен.
Жұмыс істеп шаршамай
Аспаннан ақша жауса екен.

Бар атақ маған келсе екен,
Есімім Гиннеске енсе екен.
Көшесіне туған ауылдың
Атымды ойып берсе екен.

Кіл қаймақтар ішінде
Жарқырап, жайнап жүрсем ғой.
Вундеркиндтен қалыспай,
Кемінде бес тіл білсем ғой.

Атақтың бәрін алсам ғой,
Әлеуметтік желіні жарсам ғой.
Бірде ана, бірде мына елде,
Шетелге күнде барсам ғой.

Креслоның көкесін көрсем ғой,
Бұйрықты шетінен берсем ғой!
Танымайтын жұрт қалмай,
Алшаңдай басып жүрсем ғой.

Жік-жапар боп бәрі мақтаса,
Асты-үстіме түсіп баптаса.
«Сіздікі дұрыс, дұрыс!» деп,
Сөзімді халық жақтаса.

Келмейді жанды қинағым,
Ойламасам екен үй қамын.
Жарата беретін шетінен
Банкте тұрса жинағым.

Кіл дөкей болса достарым.
Орындала берсе жоспарым.
Осы ғой менің қалауым -
Жалқауға мені қоспағын.

Үміт Зұлхарова

1975 жылы 28 қаңтарда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қаратөбе ауылында туған. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика бөлімін бітірген. Республикалық «Ара.kz» сын-сықақ журналында сықақшы-журналист, жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

«Депутат отыр партада», «Есебіңді білесің бе?», «Келеке керек пе?» атты сатиралық кітаптардың авторы. Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі.

Abai.kz

0 пікір