Сейсенбі, 11 Ақпан 2025
Әне, көрдің бе? 524 6 пікір 11 Ақпан, 2025 сағат 14:28

Қырғыздарға Кенесары үшін кешірім сұрау айып па?

Сурет: kaktus.media сайтынан алынды.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚМК) «Кенесары хан мен Орман ханға қатысты» қазақ ақпаратына пікір білдірген қырғыз әншісі Қайрат Примбердиевтің үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Қырғыз БАҚ-тары жазды.

Қырғыз ҰҚМК мәліметінше, Қайрат Примбердиев қазақстандық «Airan» YouTube-арнасына берген сұхбатында «ұлтаралық араздықты, этникалық өшпенділікті қоздыратын» сөздер айтқан. Әзірге, Қырғыз ҰҚМК-сы әнші Примбердиевтің қолына «елден шықпау» туралы шектеу қағазын ұстатқан.

Қайрат Примбердиев – қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол «Airan» YouTube-арнасына берген сұхбатында Кенесары ханның басын алу оқиғасын қозғап, осы жағдай үшін қазақ халқынан өз атынан кешірім сұраған болатын.

«Ормон хан Кенесары ханның басын алуға мәжбүр болды. Мен өз атымнан қазақ халқынан осы оқиға үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл оқиға мен үшін де ауыр, тіпті көзіме жас келеді. Біз Кенесары ханның басын өз еліне жеткізіп, Құран оқып, осы оқиғаға қатысты ренішті жоюымыз керек», – деп ағынан жарылған болатын.

Осыдан соң күллі Қырғыз жұрты өре-түрегеліп, әнші Примбердиевті жерден алып, жерге салды. Аталған сұхбатқа қатысты Қырғызстанның Мәдениет министрлігі (вице-министр Марат Тагаев) де пікір білдіріп, әншіні айыптаған еді. Марат Тагаев өз сөзінде: «Примбердиев «қазақ пропогандасының» жетегіне ерді. Орман хан қырғыз жерін қорғады. Қырғыздар Орман хан үшін ұятты болып, ол үшін кешіріс сұрайтын жөні жоқ»,-деп сөйлеген.

Ел ішіндегі қатаң айыптаулардан кейін Примбердиев мәлімдеме жасап, ақтала сөйлеген.

«Құрметті достар, мен 1845 жылы Кенесары ханның қырғыздардың жеріне жасаған шабуылдары, Ормон ханның неге оның басын кесіп тастағаны туралы әңгіме қозғадым. Мен ортақ ақпаратпен бөлістім. Мен редакцияға толық бейнені жіберуді сұрадым, себебі қазір отандастарымның арасында түсініспеушілік пайда болды. Мен сіздің неге ашуланғаныңызды түсінемін. Бәлкім, бұл бейнеде сіздің мақтанышыңызға әсер ететін сәттер бар шығар. Бірақ менің сөздерім жақсы ниетпен айтылды. Біз бір рет өмір сүріп жатырмыз, ал біздің халықтарымыз мыңдаған жылдар бойы көршілес болып тұрып жатыр. Біз қырғыздар, ұлы және кең пейілді халықпыз. Мен өз атымнан кешірім сұрадым»,-деп жазған әнші.

Кенесары ханның өлімі туралы алып қашпа әңгімелерге өз көзқарасын білдірген әншінің екі оттың арасында қалғаны өте өкінішті. Жалған намыстың жарға жығатынын қырғыp-қазақ қоғамы әлі дұрыс түсінбей отырған тәрізді. Оның өткен ғасырдағыдай екі бауырлас елді өзара қырқыстырған терістік көршімізге ғана ұпай әкелетінін бағамдай білмесе керек.

Abai.kz

6 пікір