Жұма, 28 Ақпан 2025
Көкмұнар 566 2 пікір 28 Ақпан, 2025 сағат 13:55

Тәңірлік таным империя құрудағы жетекші күш!

Сурет: halyqline.kz сайтынан алынды.

2000 ЖЫЛ ІЛГЕРІ ТӘҢІР СЕНІМІ

«Ата-бабамыз батыр болған, Еуразияны бағындырған, дүниені дүбірлеткен» деп көп айтамыз, сонда олар неге сүйеніп батыр болған? Тек атқа мінумен ғана қатысты ма? Не үшін 300 мың халық, 60 мың әскері бар шүршіт 100 миллион қытайды бағындыра алады? Сірә, қандай құпиялық бар? Мәселе қаруда ғана емес сияқты. Мәселе тек ет жеу, сүт ішумен шектелмеген. Мәселе сенімде жатса керек.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Не үшін соғыста аруақ, ұран шақырылады, не үшін тасаттық беріледі? Бұның бәрі 19 ғасырда татар молдалар мен қоқандық қожалар «шәйтан, ширік» деп жойған ғұрыптармен қатысы бар. Әйтпесе саны көшпенділердің жүз есесіне тең қытайда, үндіде техника көшпендіден артық болмаса кем болған емес! Тағам десек, 60-100 миллион халық 500 мың мықты жауынгер жасақтап, оған ет пен сүт беруге, атқа мінгізуге экономикалық қуаты келмеген деу күлкілі болар еді! Бастысы көшпенділердің сенімі бөлек болды, олар Тәңір деген құдайға сенді.

Тәңірлік дүние таным ол ешқандай дінге жатқызылмайды, оны сенім, дүние таным деп қарастырады. Ол Орталық Еуразия даласындағы ең көне әрі сарқыны бүгінге дейін үзілмей жеткен философиялық ілім. Әрі осы Еуразиядағы далалық көшпенділердің төл сенімі,  ешқандай шеттен келген дін емес. Бұл сенім бойынша барша әлеммен жаратылысты (соның ішінде адамда бар) Тәңір деген құдыретті күш жаратты деп сенеді. Тәңірден кейін екінші дәрежелі құдырет иелері Ұмай ана, Ергон (Иерлік, жер асты әлемінің билеушісі). Онан өзге табиғаттағы өзге тілсім күштер, мысалы су иесі, орман иесі, жер-су иелері бар деп қарайды. Қайра – аспанның, жоғарғы ауаның, ғарыштың, атмосфераның, жарықтың және өмірдің алғашқы құдайы және Көк Тәңірінің ұлы.

Үлген – Қайра мен Ұмайдың ұлы, жақсылықтың құдайы. Аруғ (Ары) түркі және алтай мифологиясында «жақсы рухтарды» білдіреді. Олар Үлгеннің қол астында болып, жер бетінде жақсылық жасайды. Қазақтағы аруақ сөзі осымен байланысты. Жоғарыдағы Тәңірмен өзге құдайлар көкте яғни ғарышта болса, Ұмай жер бетінде, ал жауыз қараңғы күштердің құдайы Иерлік пен оның қоластындағылар жер астында тұрады деп қаралады.

Тәңірді бірден-бір ең жоғары құдай деп оны жасаған ие депте айтады. Тәңір шет-шегі жоқ  мәңгілік тілсім құдірет иесі  делінеді. Бұл сенім бойынша әр жануардыңда өз киесі болады, мысалы жылқы атасы – Қамбар ата, түйе иесі - Ойсыл қара, қой иесі – Шопан ата, сиыр иесі – Зеңгі баба, ешкі иесі – Шекшек ата. Сонымен қатар табиғатта жын, пері, дию, жезтырнақ, жын-шәйтан, жалмауыз, сұмырай сияқты қаскөй күштерде өмір сүреді деп қарайды. Тәңір кісі баласының тағдырын белгілейді деп сенеді, әр тіршілік иесінің қозғалысына дейін тәңірдің орналастыруы деп түсініп «Құмырсқаның тас басқаны тәңірге аян», «иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» дейді.

Тәңірлік дүние таным бойынша рух өлмейді, тек адам денесінен ұшып шығады да рух әлеміне кетеді. Жер бетіне рухтар қайталап келеді, бірақ бұрынғы келгенін ұмытады, жер бетіне келгенде ізгі, жоғары іспен айналысса рухи көтеріледі де, келесі өмірде ақсүйек болып туылады, тіпті жоғарылап әулиеге айналады. Ал керісінше, жаман істермен айналысса дәрежесі дәрежесі төменлейді, тіпті келесі өмірде хаюан болып өмірге келеді деп сенеді. Кісі баласы өмірден өткен соң рух әлеміне кетеді, онда жақсы тұруы жердегі туыс -туғанның оның артында істеген ісіне байланысты болады деп қарайды. Сол үшін өлгенге арнап жетісі, қырқы, жүзі, жылдық асы беріледі, жақсы өткерілсе аруақ разы боладыда, қолдап, жебеп жүреді, разы болмаса кесірі тиеді деп қаралады. Сол үшін әр аптада жеті күндік тамағы деп жеті шелпек пісіріп оған арнап дұға оқытады, айына арнап мал сояды.

Тәңірлік дүние таным көшпенділерге үйлескен сенім болғандықтан  көшпенділерде кітап болмайтыны сияқты, онда жазылған кітап жоқ. Қағидаттарын, ғұрыптарын абыздар мен бақсылар жатқа біліп ұрпақтан- ұрпаққа ауыз әдебиеті формасында жетіп отырған.

Тәңірліктің басты ерекшелігі табиғатты зор тұтушылық,  үйткені  көшпенділер отырықшы  халықтарға салыстырғанда табиғатқа етене жақын болды  әрі табиғаттағы тылсым  күштермен  байланыста болды. Онда қатып қалған дұға мәтіні болмайды, әркім өз ойынша Тәңірден тілек тілейді. Ал бақсы, абыздар тылсым дүниемен байланысты адамдар деп қаралады да, олар айтса неғұрлым өтімді болады деп сенеді. Бұл сенімде қатып қалған қатаң қағида болмайды. Тәңірлік сенім өзге діндерге әсіресе, Арамдық діндер (Юдайизм, християн, ислам) сияқты догматикадан, радикалдықтан ада, өте қарапайым. Сондықтан осы сенімдегі адамдар қатып қалған діни ережелерге бойкүйездік етіп, оны өте әуре деп қарайды. Көшпенділер тек есіне түскен кезде не басына іс түскенде, соғыста не апатта Тәңірге сыйынады. Белгілі тілде сыйыну шарт емес, не белгілі жерге, бағытты талдау қажет деп есептелмейді.

Тәңірлік дүние таным көшпенділер империясының құрылуындағы рухани жетекші күш, идиология болған. Ғұн империясының құрылуы тәңірден күш алған, сол үшін ғұн билеушілері өзіндерін «тәңір ұлы-тәңір кодек дарқан» деп атаған. Жалпы көшпенділерде бұрында тәңірлік сенім болғанымен, бір тұтас Тәңірге сенетін идиологияның бірлікке келуі ғұндардың империясының құрылуына байланысты сияқты. Ғұндардан кейінгі Аттиланың батыс ғұндары, сәнбейлер, жужандар, телелер, түріктер, ұйғырлар, оғыздар, қарлықтар, түргештер, татарлар, қимақтар, қыпшақтар, бұлғарлар, аварлар, еділ бұлғарлары, қырғыздар, қидандар, моңғолдар, ойраттар сияқты көшпенділер империясы мен мемлекеттерінің негізгі ұстанымы осы тәңірлік сенім болды. Қазақты құраған ру-тайпалар неше мың жыл осы сенімде болды.

Тәңір сенімінде аруақшылдық өте жоғары маңызға ие. Ата-баба аруақтарына сыйыну, оған арнап тасаттық беру, күшті аруақтардың атын ұран етіп шақыру, киізден мүсінін жасап оған сыйыну болды, осылай істесек қиындақта, соғыста, апатқа ұшыпағанда аруақтар күш береді деп сенген.

Тәңір  сенімі әскери сипат алды,  бұл оның басқа діндерден артықшылығы. Тәңір сенімі иен тұңғыс шаманизміне сенгендер құрған мемлекеттерде әр  бес адамның бірі жауынгер саналды. Олар бейне Спарталықтар сияқты өмірі әскери тұрмыспен тіке қабысып жатты. Жапан түзде күні-түні далада жүріп шынықты. Олар тылсым күш, киелерден аруақтардан, ата-баба аруақтарынан күш алғанында күмән жоқ, олардың соғыста аруағын шақыруы осының дәлелі.

Тәңірлік сенімде ешқандай ғибадат орыны болмайды, құбыла сияқты бағыт-бағдарда, қатып қалған әр уақытта құлшылық жасау жоқ. Бұл тұрғысынан тәураттағы айтылатын Ибрахим (Айбрахам), Ысқақ, Жақып, Мұсалардың өз құдайларына сыйыну жоралғыларына ұқсайды, өйткені Адамнан Мұсаға дейін құбыла, кітап, ғибалат орыны, бес уақ намаз, қажылық сияқты бес парыз дегендер болмаған. Тәңірлік дүние танымда пайғамбар жоқ, десе де ақылгөй абыздар болған. Мысалы Тоныкөк, Қорқыт ата, Көкше әулие т.б.

Тәңірлік сенім 19 ғасырға дейін өз қасиетін, даладағы ықпалын жойған жоқ. Өйткені көшпенділер өмірінен терең орын алған, көшпенділерге өзге діндер таралса да, өзге дінді қабылдаса да бәрібір тәңірлік сеніммен араластыра ұстаған. Сол барыста кейбір ғұрыптары ұмытылған. Қазақ халқы және өзге түркі-моңғол көшпенділерінде 19 ғасырға дейін тәңірлік сенім өмір сүрді. Қазақ ішінде исламмен қатар өмір сүрді, оның негізі Ресей империясының ислам діні мен християн дінін күштеп енгізуі арқылы шайқалды. Көптеген салттар тәрк етілді, сонда да көшпенділер ұмытпаған салттар кеңестік жүйенің  күштеп отырақтастыруы, ауылдық,  қалалық өмірге кіру арқылы ұмытыла бастады.

ТӘҢІР МЕН АРУАҚ ҚОЛДАҒАН ИМПЕРИЯЛАР

Ғұндар мен оған жалғас империялар мен мемлекеттер

Сурет: Ғұн қағанаты картасы. Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Тәңірқұт Луантек затынан (руынан) қойылады. Елі оны «Тәңірдің - гөдегі — Тәңіркүт» деп атайды. Ғұндар көкті (аспанды) «тәңірі», ұлды «годек» дейді. Тәңірқұт (Занғуағ) немесе (Занғұғ) - дарқан (шексіз кең) деген мағынада, яғни аспандай аялы деген сөз» (Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер.1- том.  Тарихи жазбалар.Сыма Цеян. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин).

Ғұндар сенімі бойынша Тәңір  ең  жоғары  жаратушы, барша болмыспен іс соның қалауымен болады деп қараған. Билеушіні Тәңір алқаған, Тәңірдің ерке ұлы деп қараған.

Ғұндардың төтемі - айдағар яғни ұлу. Ғұндардың қағаны тұрған жер ұлубалық яғни, айдағар қаласы деп аталған. Скифтердің шығу тегі сияқты, ғұндар да билеушілер табы өздерін жер асты кесерткі адамдармен байланыстырып айдағарға сыйынған, әр жылы айдағар қаласында оларға мал шалып тасаттық берген.

Луан (айдағар) тек әулетінің атауы да сол айдағар төтемімен байланысты.

Ғұндар заманына тән молалардан табылған бұйымдарда айдағар яғни, ұлу бейнесі өте көп кездеседі, бұл оларда жетекші төтем айдағар екенін көрсетеді.

Ғұн империясы ыдырағанымен, ғұндардың ізін соған ұқсас көшпенді сәнбилер басты. Батысқа ауған ғұндар Қазақстан жерінде иұрпан ғұн мемлекетін құрса, Еруопада Аттиланың Ғұн империясын құрды. Ғұннан батысқа ығысқан юечжилер Ауғаныстан, Қашқария, Бактрия, Солтүстік Үндістанда Кушан империясын құрды. Тағы бір топ ғұндар Орта Азия мен Қашқарияда Ефталит (ақ ғұндар). Кидарит ғұндар мемлекетін құрса, Үндістанға барып Алхон Ғұн мемлекетін құрды. Қытайда қалған ғұндар Оңтүстік Чжау мемлекетін құрды. Сәнбилер Солтүстік Қытайды алып Тобауэй (Табғаш) мемлекетін құрды. Сәнбидің солтүстік тобы Жужан қағанатын, Тұйғын мемлекетін құрса, Жоңғария мен Қазақстан ғұндары Қаңғар мемлекетін құрды. Осылайша ғұн көшпенділер құрып кеткен жоқ, керісінше батысы Еуропада, шығысы Қытайда, оңтүстігі Үндістанда билік құрды. Олардың билігі 800 жылға дейін созылып, жиыны 24 мемлекет құрған (оның ішінде 14 мемлекет 312-570 жылдары Қытайда билік құрды).

Аруақшылық

«Ғұндар әр жылы үш рет жиналады, әр жылы көктемде тәңірқұт ордасына жиылып тасаттық береді. 5-ші айда  Ұлубалыққа жиналып, ата-бабаларына, аруақтарға, жерге тасаттық береді. Күзде мал семіргенде тағы жиналып, мал санын, адам санын есептейді. Тәңірқұт жылына үш ұлу (айдаһар) ғибадатханасына тасаттық береді. Ағуандар ғұндардың молаларын қопарғанда ғұндар төтенше ашуланып, ағуандарға күйрете соққы береді» (Ғұндар тарихы. Лин Ган. 171-173-беттер. Халық баспасы. 1986. Пекин).

Ғұндардың  көктемде аруақтарға арнап тасаттық беру  салты сақтарда болғанын жоғарыда көрдік. Кейінгі қаңлылар мен түріктерде, моғол-татарларда осы салт болған. Көшпенділерде  өлгеннің моласын қирату – ол кешірілмес қылмыс саналған. Сол үшінде Шыңғыс қаған сияқты көсемдердің зираты құпия болып, оны ешкім білмеген. 1767 жылы қазақ Көкжал Барақ қырғыздардың  әулиесінің зиратын қорлап кеткеніне қатты намыстанған қырғыздар қалың қол жиып келіп, Барақтың  2000 сарбазын қырып, бастарынан мұнара тұрғызған екен.

ҰЛЫ ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ ЖАНЕ ОҒАН ЖАЛҒАС МЕМЛЕКЕТТЕР

Сурет: Түрік қағанаты картасы. Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Ғұндардан кейінгі көшпенді әскерилердің тағы бір империясы – Түрік қағанаты еді. Түрік қағанаты  эрамыздың 552 жылы құрылып, 744 жылы құлады. Түрік қағанатының құрылуы да  Тәңір сенімінің күшімен болды. Әскері 400 мыңға дейін жеткен. Сол үшін түрік қағандары өздерінің жеткен жеңістерін Тәңірдің жане онан кейінгі күштер мен киелердің қолдауы деп ашық айтты. Күлтегін мәңгітасында:

Teŋіri : küč : bertük : üčün : аqanïm : qaγan : süsi : böri teg : ermis : yaγïsï : qoň teg ermis : qïrïq : artuqï : jeti : yolï : sülemis : jegirmi : süŋüs : süŋüsmis : Teŋіri : yarïlqaduq : üčün : elligig : elsіretmis : qaγanlïγïγ : qaγansïratmïs : yaγïγ : bazqïlmïs : tizelіgig : sükürmis .

Қазақшасы:

Тәңір күш бергені үшін әкем қағанның әскері бөрі секілді болды, жауы қойдай болды... қырық жеті рет соғыстық, елдікті елсіретпедік, қағанатты қағансыз етпедік, жауды жеңіп тізесін бүктірдік.

Сурет: Күлтегін ескерткіші. Аавтордың мұрағатынан алынды.

Түркілер тәңірден өзге киелі күштерден көмек алуды Тәңірге ширк келтіру деп қарамаған, өйткені бәрі Тәңірдің қарауында жане қалауында деп түсінген.  Білге қаған тасында:

«Түрік Тәңірісі, киелі Жер-суы былай депті: «Түрік халқы жоқ болмасын деп, халық болсын» деп, Әкем Елтеріс қағанды, анам Ел-білге қатынды Тәңірі төбесінде ұстап жоғары көтерді», - дейді. Бұнда жердегі күштермен рухтарданда қолдау алғаны анық айтылып тұр.

Одан өзге қазақтағы жер бетіне шапағат шашіп жүретін құт-Қыдырда айтылады: «Одан соң Тәңірі жарылқап, құтым-бағым бар болғандықтан, несібем бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды қылдым. Шығай /кедей/ халықты бай қылдым», - дейді. Жер мен көктегі киелерге табынып, киелерді ренжітсе олардың қасиеті атады деп сенген.

Мысалы Білге қаған басымылдар туралы:  «Сонда алдым. Басмылдың қара халқы Қарлұқ халқымен бірігіп соғысуға келді. Соғыстым, жойдым. Тоғыз-оғыз менің халқым еді. Тәңірі, Жер киесіне ұшырап тасаттық беретін күні /өзіне күні/жау болды», - дейді. Демек басмылдар тәңірлік жосын ғұрыптарына қайшы істерді істесе керек.

Түркілерде әсіресе қағандар арасында тылсым әлеммен байланыса алатын бақсылар мен абыздар көп болған. Сондай киелі абыздың бірі Тұйұқұқ еді. Ол өзіне 680 жылдардағы түрік қағанатының қайта құрылуына байланысты Тәңірден аян келгенін, онан кейін де амалияттың дәл солай болғанын айтады: «Тәңір  маған былай деген еді: Қаған бердім, қағаныңды жойып басқаға бағындың, бағынғаның үшін Тәңір сені өлімші етті. Түрік халқы алқынды, қырылды, жоқ болды. Түрік сір халқы жерінде тақ иесі қалмады, орман, тау арасында қалғаны жиылып 700 болды, екі бөлігі атты еді, бір бөлігі жаяу еді. 700 кісінің басқарушысы шад еді, ол «бірігіңдер» деді. Біріктірушісі мен Тұниұқұқ едім. Қағаныммен ұғысайын дедім, Арық бұқалының, семіз бұқалының жырақта барын білседе, семіз бұқа арық бұқаны дәл айыра білмес-ау дедім. Осылай ойладым, онан соң көктегі Тәңір білік бергендіктен, өзім қағанмен ұғыстым… Түргеш қағаны қолын көтерді… Мен былай дедім: Мен білге Тұниұқұқ, Алтын жынысын аса келдім, Ертіс өзенін кеше келдік, келушілер батыр болар дедім. Олар түсінбеді. Тәңір, Ұмай, киелі жер-су ықыласын берген соң неге қашамыз? Көп деп неге қорқамыз? Абыз деп неге басындырамыз? Шабамыз дедім. Шаптық, жеңдік. Тәңір жарылқағаны үшін көп деп қорықпадық, соғыстық, Тардұш шад екеуіміз жеңдік, қағанын тұтқындадық».

Түрік қағанаты құлағанымен осы империяның жалғас бөлшектері ретінде Шығыс қағанаттың орынына Ұйғыр қағанаты, батыста Түргеш, Қарлық, Қаңлы мемлекеттері, кейінгі кездері яғни, Араб халифатымен 705-816 жылдарға дейін соғысқан  Ауғаныстан, Тәжікстан, Кашмирдегі түрік шаһтар мемлекеті, әлемдегі ең дамыған сауда империясы Хазар қағанаты, Еуропаны шошытқан Бұлғарлар мен Ауарлар қағанаты, Қимақ, Қыпшақ, Қуман, Печенег, Оғыз, Селжүк, Қарахан, Ғазнауй, Гур, Бұлғар, Хорезм, Қидан, Татар, Керей, Найман, Қарақытай, Қырғыз, Ганжоу ұйғыр, Идіқұт ұйғыр, Мамлуктер, Дели сұлтандығы қатарлы 28 мемлекет құрылды. Осы мемлекеттер шығысы Қытайдан батысы Еуропада, Анадолыға, Мысырға, оңтүстікте Үндістанға дейін билік құрған. Олар қайда барса да ең ержүрек Тәңірдің ерке ұлдары болып, әскери, саяси биліктерді қолына алып отырған. Осы 28 мемлекеттің ішінде исламға кіргендері Қарахан, Бұлғар, Селжүк, Хорезм, Мамлүк мемлекеттері болса, Бұлғарлар (кейінгі тарихында) мен Аварлар христианға, Керей, Найман элитасы да христианға кірген. Ал Ганжоу ұйғыры мен Идіқұт ұйғырлары, Қидандар, Түрік шахтары буддизмге кірсе, Дели сұлтандығы  брахманға кірді. Ал Хазар элитасы иудаизмді таңдады. Қыпшақ, Қуман, Печенег, Оғыз, Қарлық, Қимақ, Татар, Қырғыз, Ұйғыр (бастапқы тарихы) сияқты далалық аймақтағылар баяғысынша Тәңірге сенді. Сол үшін 8 ғасырда түркілер мұсылман болып кетті деген тарихқа қиянат! Анығында түркілердің бір бөлігі ғана 10 ғасырда бұлғар, қарахан болып исламға кірді. 10 ғасыр тек кірудің басталуы, ал жоғарыда айтқандай Қытайда билікқұрған санбилер будданы таңдап оны билік жүргізуге пайдаланған. Сол үшін көшпенділердің ақсүйектері христиан, исламға, иудаизм, буддизм, брахманға кірсін, конфуцилікті  қабылдасын – ол саны көп халықты басқару үшін болған.

МОҢҒОЛ ИМПЕРИЯСЫ

Сурет: Моңғол империясы. 1276 ж. Автордың мұрағатынан алынды.

1206 жылы Шыңғыс қаған керей, найман, татар, меркіт, моңғол ( 40-тан аса кіші рудан құралған, оның қатарында қазақтың жалайыр, қоңырат, үйсін, дулат, суан, шанішқылы, қатаған, маңғыт, қият, тарақты т.б рулары болған) империя құрды. Бұл империя адамзат тарихындағы териториясы ең үлкен империя болған. Империя Тәңір сенімінің күш-қуатымен құрылған. Оны Шыңғыс ханның мөріндегі мына сөздері айғақтайды:

Сурет: Шыңғыс қағанның мөрі. Автордың мұрағатынан алынды.

«Моңғолдың құпия шежіресінде» былай депті:

«Жоршыдайға: Сен жүркін, түбеген, Қори Сілемүннің мың торғауыты мен таңдаулы әскерін бәрін қиратып отырып, негізгі күшке жетіп, Сенгүнді атып жараламасаң, бүгінгі күніміз болар ма еді? Сенгүннің бетінен атып, жеңістің жолын аштың... Балжынкөлге барғанда сені сынап керейттерге жіберген едім. Біз Тәңірдің жарылқауымен керейт елін жеңіп, оларды телім-телім еттік», - деп, өздерінен әлде қайда күшті керей елін Тәңірдің қолдауымен алғанын айтады. Керей билеушілері христиан болғаны үшін Тәңірден пана таба алмаған екен.

Шыңғыс ханның Орта шығысты билеген ұрпағы Арғұн хан Рим папасына былай депті:

«Біз Шыңғыс ханның ұрпағымыз, моңғолдық болмысымызды сақтаймыз, кімнің шомылдыру рәсімінен өткені, өтпегені Мәңгілік Тәңірдің өз еркінде дейміз. Шомылдыру рәсімінен өткен және сіз сияқты таза және шын жүректі адамдар Мәңгілік Тәңір мен Мисиканың (Мәсіх немесе Мәсіх) діні мен бұйрықтарына қарсы әрекет жасамайды. Мәңгілік Тәңірді ұмытып, оған бағынбайтындар, өтірік айтып, ұрлық жасайтындар көп емес пе? Енді біз шомылдыру рәсімінен өткен жоқпыз, ренжіп, көңіліңіз толмай отыр дейсіз. Дегенмен, Мәңгілік Тәңірге сиыну, дұрыс ойлау – шоқынумен бірдей емес пе? Біздің хатты барыс жылы, жаздың бірінші айының бесінші күнінде Урумиде болған кезде жазылды».

Арғұн хан түсінігі бойынша мәңгі Тәңір барша құдайлардың құдайы, Шыңғыс ханның алған аяны бойынша да Тәңір ең құдіретті күш иесі. Сондықтан мейлі қайсы дінге сенсе де, түбі айланып келіп сол Тәңірге сыйынғандық деп білген. Шыңғысхан да оның ұрпақтары да зайырлы мемлекет құрған, ешқайысыда бір дінді мемлекет діні етпеген, дін әрқашан саясаттан кейін тұрған.

Сурет: 1290 жылы Арғұн ханның Рим папасына жазған хаты. Автордың мұрағатынан алынды.

Шыңғыс қаған құрған ұлы империя билігі 19 ғасырға дейін, яғни қазақ ханы Кенесарымен аяқталады. Империя ыдырағанымен, ілгерінді-кейінді осы империяға жалғас Юаь, Алтын орда, Шағатай, Үгедей, Елхандар ұлысы болып, онан ары терістік Юань, Ойрат хандығы, Қалмақ, Моғолстан, Әмір Темір империясы, Моғол империясы, Яркен хандығы, Қазақ хандығы, Өзбек хандығы, Қоқан, Бұхар, Хиуа, Аққойлы, Қарақойлы, Жалайыр сұлтандығы, Қырым хандығы, Қазан хандығы, Ноғай ордасы, Астрахан хандығы, Сібір хандығы, Осман империясы, Торғауыт хандығы, Хошауыт хандығы, Жоңғар хандығы, Татар хандығы сынды 30-дан аса мемлекет құрып, Еуразияның көп бөлігіне билік жүргізді.

Не үшін Тәңір сенімін дін ретінде таратпаған?

Тәңір сенімін өзге халықтарға тықпаламау, таратпаудыңда өзіндік себептері болды. Бастысы тәңіршілдікпен тұңғыс шаманизмі сипаты жағынан аруақтар әлемі мен өзге тіршілік иелері, табиғаттағы күштермен, аспан мен жердегі рухтар мен, құдайлармен байланысуда болды. Олармен байланысу арқылы алда олардың жердегі адамзатқа қарата жоспарларын біліп отырды, көшпенділердің қағандары көптеген абыздар мен бақсылар арқылы тылсым әлеммен байланысып отырды. Әр рудың қорғаушы ие-киесі болды, ондай киелер мықты адамдардың аруағы болуы да мүмкін. Қасиеті ашылған абыздар мен бақсылар осы тылсым әлеммен адамдар арасындағы делдалдар рөлін атқарып отырды. Қолдаушы киелер мен ата-баба аруақтарынан көмек сұраса, оларға сыйынса, олар соғыста не апатта көмектесіп отырады, көшпенділердің айырықша жауынгер болып өзінен жүз есе көп отырықшы халықты жаулай алуының негізгі себептерінің бірі де осында жатыр. Сол үшін олар өздерінің осы құпиялықтарын өздері жаулап алған халыққа таратуға пейіл болмады, өйткені оларда осындай қасиеттермен энергияға ие болса, қасиеттері ашылса, олар күшейіп, биліктегі көшпенділерді қуып шығуы мүмкін. Сондықтан оларды яғни, саны көп халықтарды конфуций ілімі, ислам, християн діндері арқылы басқару ең ұтымды әдіс саналған. Бұл Тәңірге сенген көшпенділердің 2000 жыл бойы толассыз мемлекеттер, империялар құруындағы басты себеп.

14 ғасырда Алтын Орда мен Шағатай хандары исламға кіргенімен, көшпенділердің шаманизімін жоюға мүдделі болмады. Тәңір мен Алланы бір деп, формалық тұрғыдан көшпенділерге исламға кіргізді. Бұл үдеріс өте баяу болды. Алтын Ордада көшпенділердің көбі әліде исламдаспағандықтан Әмір Темір ислам үшін деп ғазауат соғыс ашқан.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Әмір Темірдің Ұлытаудағы қалдырған тасы. Онда: «Тұран патшасы Темір 300 мың әскермен Бұлғар ханы Тоқтамысқа ислам үшін соғысқа аттанды», - деген сөздер бар.

1507-1508 жылдары Мұхаммед Шайбани да қазақтарға қарата ғазауатқа шыққан. Себебі: «Қазақтар мұсылмандықты қабылдаса да, исламға ширк қосып, намаздың орынына бейнелермен аруақтарға бас ұрады», - деген.

Осындай тылсыммен байланыс болғандықтан көшпенділер қайда жүрсе ешнарседен қорықпайтын болды. Рухтар мен киелердің, Тәңір мен жер иелерінің көмегіне алғыс ретінде олар үнемі оларға тасаттыққа мал арнап отырған. Әрине малды олар жемейді, бірақ малдың жаны, рухын алады деп қаралады. Сондықтан егер де жауынгер елді құрту керек болса, олардың осы тылсым әлеммен байланысын үзу керек. Бақсыларды жын-шәйтанмен байланысушылар, күшті киелерді жын-албастылар оларға сыйыну тозаққа апарады деп діни қорқыту арқылы олардың сенімдерін жойса, олардың ата-баба аруақтарымен байланысы, тылсымнен энергия алу жолы кесілсе, олар онда оңай жойылатын болған. 18-19 ғасырда қазақтар мен моңғолдарға дәл осындай діни саясат жүргізілді, ақыры екі жауынгер көшпенді халық қасиеттерінен айырылып, отарлық кепке түсті.

Мысалы шаманизмге сенгендердің соңғы империясы деп манчжур цинь империясын айтуға болады. 300 мың ғана халқы бар олар 60 мың ғана әскерімен 100 миллион халқы бар қытайды жаулап алды. 2 миллионнан асатын, 300 мың күшті атты әскері бар моңғолдармен жоңғарларды жеңді. Буддизмге өту арқылы жауынгерлігі әлсіреген моңғолдар тізе бүкті. Ендігі жерде буддис жоңғармен шаманис цинь бетпе-бет келіп, соңында шаманистер жеңіске жетіп, териториясы 13 миллион шаршы шақырымнан асатын ірі империяны құрды. Олар моңғолдарға қарата буддизмді тықпалады, бара-бара моңғолдар әлсіреп, отарлауға түсті. Ал дәл сол сияқты Ресей империясы қазақтарда (исламға сенген болса да) толық сақталып келген Тәңір сенімінің ғұрыптары мен сыйыну нысаналары болған Ұмай, аруақ, кие, тау, су, орман, жер киелерінің бейнелерін жоғалтып, оларға сыйынуға тыйым салған.

ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН ГЕОСАЯСАТТАҒЫ РӨЛІ

Ғұндардан бастап көшпенділердің империялары «Жібек жолын» меңгеріп, әлемдік геосаясатқа қожалық істей алды. Мысалы: Түрік қағанаты Византия мен Қытай, Үнді, Иранмен арадағы сауда жолдарын бақылауда ұстады. 18 ғасырда қалыптасқан Ағылшын империясы құрлықтық сауданы емес, керісінше теңіз-мұхиттық сауданы негіз еткен экономиканы қалыптастырды.

Әр көшпендінің үйінде бір-бірден батыр жауынгер тура келетіндіктен, көшпенділер малшы емес, қайта әскери жұрт есептеледі. Сондықтан Еуразияның мемлекеттерінің қалыптасуында үлкен рөл атқарды. Қазір дүниенің жер-жерінде Америка әскері жүрсе, бұрын Еуразияның жер-жерінде түркі-моңғол атты әскері жүретін.

Англо-саксондық жүйе бастаған таяу заман империялары қазіргі замандағы мемлекеттерді қалыптастырса, көшпенді әскерилер 18 ғасырға дейін 2000 жылда 85 империя мен мемлекеттер құрып, дүниенің саяси-әкімшілік жүйесін жасай алды. Сондықтан тәңір сенімі 2000 жыл бойы өз миссиясын орындап болды деп сеніммен айтуға болады. Әскери жүйеге тылсым әлеммен бақсы, абыздар арқылы байланысу, энергия, құт, қуат алу, табиғатқа жақын жүріп, біз біле бермейтін ғажайыптарды көру дәуірінің орнын ой-қиял әлемі арқылы ғылымға қол жеткізу арқылы құдіреті қару мен білімге ие болған Еуропа жұрты жаңа заманның негізін қалады.

Қытайда хан заманында конфуций идиологиясын ел басқару дағдысы еткеннен бері, Еуропада Рим империясы 3 ғасырда христианға кіргеннен кейін екі тарапта да еш даму болмаған. Қытайда 2000 жыл бойы ғылым дамымады, әскери жауынгерлікті таптайтын түзім оларды үнемі көшпенділердің шапқыншылығынан зардап шектірді. Бұл жағыдай Еуропада да, Үндістанда да болды. Ағылшындар келгенге дейін Үндістан сақ, ғұн, түрік, моңғолдардың билеуінде болды.

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

2 пікір