Шабуыл кімге жасалды? Елгезектерге ме, Нұртілеуге ме?

Кеше, 27 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Болмаған балалық шақ» фильмі көрсетіліп жатыр. Бұл - есім-сойы елге танымал ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің өмірбаяндық бестселлері.
Фильмнің премьерасы Алматы және Астана қалаларында өтті. Драмалық фильмнің бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов.
Қазірге дейін фильм кино саласының мамандарының, өнер майталмандарының оң бағасын алып үлгерді. Фильмді көруге барған көрермендер де әлеуметтік желілерде фильмнен алған әсерлерін жазып, бөлісуде.
Десе де соңғы күндері орынсыз қаралаған ақпараттық шабуылдарға ұшыраған ақын әрі баспагер Ақберен Елгезекті бүркеншек ат жамылған біреулер көлденең табыс тауып отыр деп күстәналап баққан болатын. Әлгі ғайбаттауларға байланысты Ақберен Елгезек дер кезінде жауап қайырып, әлемжеліде жариялаған болатын.
Ақынның жары Дина Елгезек те әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өздері туралы тағы бір негізсіз әңгіменің басталғанын жазды. Біз Дина ханымның жазбасын оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік:
Дина Елгезек:
– Бізге жасалған ақпараттық шабуылдың артында – Мұрат Нұртілеу тұр деген ақпар тарапты. Ақберен екеуміз әрине бұл жалған ақпарға әбден күліп алдық…
Саяси белсенділерге жала жабудың түрлі айла-амалдарын әбден меңгеріп, «өнер» деңгейіне жеткізген әлгілер әйелінің ауызын жаптыру үшін күйеуін масқаралап жексұрын етсек, «Дина Елгезекті сындыру операциясы сәтті аяқталады» деп топшылады.
Бірақ 30 жыл бойы азаматтық қоғам өкілдеріне жасалған небір арандату хикаяларына қанық әрі «Қаңтардан» кейін тез есейген біздің қоғамға мұндай өтіріктер өтпейді. Ұлттың есейгенін есепке алмағандар әлбетте қоғам тарапынан дәл осындай реакция күткен жоқ. Бұл да Алланың бізге берген рақымы болар
Енді ақпарға келейік, сыртқы күштермен сыбайлас һәм президенттік креслодан дәмелі арандатушы адамдар өздерінің бізге жасаған жымысқы әрекеттерін Мұрат Нұртілеуден көріп, «стрелканы» сыртқы істер министріне бұра салыпты.
Қазақ қоғамы мен Ақберен екеумізді ақымақ санаса керек. Бізді жаладан қорғағансудың артында бізге қатысы жоқ Мұрат Нұртілеуді қаралаудың «қамы» мен кезекті тапсырыстың иісі мүңкіп-ақ тұр.
Айналып кетейіндер, бізге жала жауып жүргендердің кім екенін білеміз. Ол адамның Президенттіктен дәмелі екенінен де сеземіз. Президенттікке үміткер болуы мүмкін (оппозиция тарапынан да) қазақтың жігіттері туралы сыпсың өсек таратып, қалай тұқыртып жүргенінен де хабардармыз.
Әлемдік саяси ахуал ушығып тұрған уақытта ұлттың азаматтарын біріктіріп, мемлекетіміздің іргесін бекіте түсіп, көзіміздің қарашығы Тәуелсіздігімізге қорған болудың орнына, ел азаматтарын бір-біріне айдап салып, елдің ішінен іріткі салып жүру нендей ұят тірлік десеңізші.
Өте ұсақ, өте сасық, өте жіміскі әрекеттер. Масштаб жоқ, білім жоқ, саяси салихалылық жоқ. Тек қана қарақан бастың қамы. Мұның өзі біздің кейбір жігіттердің бойында мемлекетшілдік сана қалыптаспағанын білдіреді… Мемлекеттің тағдырын әлгіндей арандатушыға сеніп тапсырудың өзі қауіпті ғой… Ірі жүрсеңдерші, - деп аяқтады ол жазбасын.
Сонымен, әлеуметтік желіде жарияланып жатқан «ақпараттық шабуыл» кімге бағытталған? Ақберен мен Дина Елгезектер отбасының «Болмаған балалық шақ» кинопремьерасына бағытталған шабуыл ма, әлде министр Мұрат Нұртілеуді аяқтан шалудың амалы ма?
Abai.kz