Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5418 0 пікір 30 Қыркүйек, 2009 сағат 09:20

Құрсаудағы қоғамдық ой

 ӘМIРЖАН ҚОСАНОВ,  Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) төрағасының бiрiншi орынбасары

 Таяуда Ақордада өткен Ғылым және ғылыми саясат кеңесiнiң кезектi отырысында президент Назарбаев мемлекеттiң идеологиялық институттарын қатты сынға алды.

Оларға «дүниетанымдық вакуум қалыптасуына жол бердi», «отансүйгiштiк сезiмi мен идеяларын тәрбие­леу­ге, оң әлеуметтiк маңызы бар құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған сапалы идеологиялық жұмыс жүргiзе алмады» дегендей айып тақты.

«Мұнымен қай институт айналысып жатыр? Оларды бiз не үшiн қаржыландырып жатырмыз?» деген сыңайда ренiшiн бiлдiрдi. Тiптi өзiнiң көңiлi толмайтын мемле­кет­тiк мекемелердiң атын атап, түсiн түстеп бердi.

Нелiктен әшейiнде идеологиялық мәселелерге мойын бұра бермейтiн Ақорда аяқ астынан баяғы монетаристiк райынан қайтып, қоғамдық ой қалпына қапалана қалды? Күнi бүгiнге дейiн тек қана «экономика ережелерiне елжiреп», «қаржы қағидаларына ғана қарайласқан» билiктiң таза капиталистiк психологиясын осылайша әп-сәтте өзгерте салатындай не боп қалды сонша? Мүмкiн, аты аталған идеологиялық мекемелерде болғалы тұрған аласапыран ауыс-түйiстiң тағы бiр науқанының басы ма бұл?

Менiңше, мәселенiң мәнi ана­ғұрлым тереңде.

 ӘМIРЖАН ҚОСАНОВ,  Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) төрағасының бiрiншi орынбасары

 Таяуда Ақордада өткен Ғылым және ғылыми саясат кеңесiнiң кезектi отырысында президент Назарбаев мемлекеттiң идеологиялық институттарын қатты сынға алды.

Оларға «дүниетанымдық вакуум қалыптасуына жол бердi», «отансүйгiштiк сезiмi мен идеяларын тәрбие­леу­ге, оң әлеуметтiк маңызы бар құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған сапалы идеологиялық жұмыс жүргiзе алмады» дегендей айып тақты.

«Мұнымен қай институт айналысып жатыр? Оларды бiз не үшiн қаржыландырып жатырмыз?» деген сыңайда ренiшiн бiлдiрдi. Тiптi өзiнiң көңiлi толмайтын мемле­кет­тiк мекемелердiң атын атап, түсiн түстеп бердi.

Нелiктен әшейiнде идеологиялық мәселелерге мойын бұра бермейтiн Ақорда аяқ астынан баяғы монетаристiк райынан қайтып, қоғамдық ой қалпына қапалана қалды? Күнi бүгiнге дейiн тек қана «экономика ережелерiне елжiреп», «қаржы қағидаларына ғана қарайласқан» билiктiң таза капиталистiк психологиясын осылайша әп-сәтте өзгерте салатындай не боп қалды сонша? Мүмкiн, аты аталған идеологиялық мекемелерде болғалы тұрған аласапыран ауыс-түйiстiң тағы бiр науқанының басы ма бұл?

Менiңше, мәселенiң мәнi ана­ғұрлым тереңде.

Рас, бүкiләлемдiк дағдарыс, ең алдымен, экономикамыздағы еленбей келген кемшiлiктердiң бетiн ашып бердi. Отандық өндiрiстiң өлермен жайын. Жер байлығын жөн-жөнекейсiз жыраққа жө­нелтiп, ат төбелiндей топтың ғана пайдаға кенелуiн. Нақты өндiрiске қаржы жұмсамай, сырттан мол несие алу арқылы ғана байып, қайтарылуы неғайбыл қарызға белше­сiнен батқан банктердiң бейқам берекесiздiгiн. Басқа да бассыздықтарды.

Осы жөнсiздiктiң бәрiн билiк бiлмедi емес, бiлдi! Бiлiп қана қойған жоқ, осынау олқылықтарды орынды пайдаланып, табысқа да, қызыққа да кенелiп келдi!

Дағдарыс және одан шығу жолындағы билiктiң «қиыннан қиыстырған» қам-қаракетi қоғам өмiрiндегi басқа кемшiн тұстарды да бадырайтып көрсетiп бердi. Соның iшiнде президент сөз етiп отырған идеология саласында жылдар бойы қордаланып қалған «әттеген-айлардың» орны бiр төбе.

Бесенеден белгiлi жайт: заман талабына сай идеологиясын жүр­гiзiп, өз халқымен тiл табыса алмаған кез келген билiктiң болашағы бұлдыр болмақ. Егерде қалың көпшiлiк бүгiнгi оқиғаларға, жоғарыда қабылданған шешiмдерге қатысты нанымды пiкiр естiмесе, не ойлауы, не iстеуi керек? Әрине, көкейдегi сауалдарға тиiстi жауап алмаған соң, ол өзiнше долбар жасай бастайды. Физикадағыдай идеологияда да вакуум, яғни бос кеңiстiк болмайды. Шылғи өтiрiктiң орнын шыңғырған шындық басады. Құрсаудағы қоғамдық ойдың орнын заманға лайық озық ой басады. Икемсiз идеологияның орнын икемдiрек әрi өмiршең идеялар басады. Нәтижесiнде бiр билiктiң орнын басқа билiк басып алуы әбден мүмкiн! Ал мұндай үрей бiздiң билiк үшiн - ең үлкен әрi ең қор­қынышты үрей!

Мемлекеттiк идеологияның осынау дүмше де дiмкәс халге түсуiнiң басты себептерi қандай?

Ең бастысы мынау: Тәуелсiздiк алғалы берi ресми мемлекеттiк идео­логияның аты өзгерсе де, заты өзгере қойған жоқ. Күнi кеше ол Кеңестiк Одақ пен коммунистiк режимнiң сойылын соғып, идеологиялық ақтаушысы боп келсе, ендi ол Ақорда төрiндегi жеке бас билiктiң шашбауын көтерген қолбаласына айналды. Қажет жағдайда қылышынан қан тамған қолшоқпары! Және де бұл рөлiне ол өзi дән риза: жүйелi жалақы, қомақты қаламақы, аты дабырайған атақ-дәреже, лауазым-лауреаттық дегендей. Оның үстiне пәтер, машинаны тағы қосыңыз.

Мемлекеттiк идеологиялық машина алдында бiр ғана мақсат қойылған. Яғни, елде үстемдiк құрған саяси режимнiң жақсылығын, бар болса, асыру. Ал жамандығын сырт көзден мейлiнше жасыру. Әдiлiн айтсақ, мұндай мiндеттi ол бiршама «жақсы» атқарып ке­ледi. Алайда, сөз бостандығы ор­нық­қан сайын оның өтiрiгiнiң бетi ашыла түспек...

Бұл - басты мазмұни кемшiлiгiне қатысты ой.

Ал қолданылып жүрген әдiс-тәсiлдерiне келсек, олар да сол бәз баяғы қалпында. Яғни, қой үстiнде бозторғай жұмыртқалағаны туралы құлаш құлаш, оқырманды мезi ететiн мақтама материалдар. Бейне бiр басқа елде түсiрiлгендей «бақыттан басы айналған» телебаяндамалар. Ұзын-ырғалы, ұйқы мен ыза тудыратын әрi ешбiр нәтиже бермейтiн «домалақ» үстелдер мен конференциялар легi.

Қаншама қаржы мен уақыт зая кетiп бара жатыр. Осының бәрiн «мемлекеттiк тапсырыс» деп атап, қаншама алаяқ делдал байып жатыр десеңiзшi!

Тек қана ағымдағы ұрандар мен теориясымақтар емес, қойнауы терең тарихтың өзi сасық саяси мүдденiң құрбанына айналды. Сан ғасыр бұрын өмiр сүрген тұлғалар мен болған оқиғаларға берiлер баға бүгiнгi Ақорданың көңiл-күйiне байланысты. Тарихи субъ­ек­­­тивзм­нiң көкесiн түйе сойғанда емес, дәл бүгiн көрiп жатырмыз! Сұмдығы сол, осынау жоғарыға жалтақтау дәстүрiнiң салқыны басқа да салаларға тиiп жатыр. Бiзде кiтап та, театр қойылымы да, ғылыми зерттеу де, эстрадалық ән де, керек десеңiз, мектеп оқулығы «тиiстi», бүгiнгi билiкке жағымды мазмұнға ие!

Басқасын айтпағанда, бүкiл ел болып аталуы тиiс Ұлы Алашорданың 90 жылдығы нелiктен жетiм қыздың тойындай өте шықты? Неге осы мерейтой алты алашты бiр идея­ның төңiрегiнде бiрiктiретiн жалпыұлттық iс-шара боп өткiзiлмедi? Неге Алаш арыстарын қайта тiрiлтпедiк?

Көкiрегi ояу, көңiлi ашық азамат оның түп себебiн баяғыда-ақ ұғынып қойған. Яғни, ресми идеология бойынша Қазақстанның тарихы... 1991 жылдан басталуы тиiс. Оған дейiнгiлердiң атын атап, дәрiптеу жоғарғы жаққа жақпайды! Адамзаттың бiр бөлiгi кезектi жыл санауын Иса пайғамбардың туған күнiнен бастап едi, бiздiң билiк те соны көксеп жүр ме екен әлде?

Тарихты таптап, ақиқатты аяқ­асты еткен басқа да масқара мысалдар жетiп жатыр!

Бiздiң мемидеология - о бастан дұрыс анықтамасын алмаған идео­логия. Елдiң тарихына, ғылымы мен бiлiмiне, мәдениетi мен өнерiне, әдебиетi мен әдебiне, түптеп келгенде рухани һәм қоғамдық өмiрiне қатысты мәселелердi ғана идеологияға жатқызып, мемлекет өмiрiнiң басқа да маңызды (экономика және қаржы, әлеуметтiк және құқықтық) салаларынан бөлек қарастыру дәстүрi орынсыз әрi залалды боп шықты! Керек десеңiз, экономиканың дұрыс не бұрыс басқарылуы, қаржының реттi не ретсiз жұмсалуы, мүгедектер мен көпбалалы отбасыларының қорғалуы не қорлануы, демократиялық не демократиялық емес заңдардың қабылдануы, осының бәрi тап-таза, тұнып тұрған идеология ғой! Осыны түсiнетiн уақыт жеттi!

Бiздiң мемидеология - өзiнiң төл аудиториясынан жаңылған, үгiт насихат қызметi дұрыс бағытталмаған идеология. Яғни, оның басты бағыты, жалғыз тыңдарманы, көрерменi әрi оқырманы - Ақорда. Қалған 16 миллионның көзқарасы мен пiкiрi оны тiптi толғандырмайды. Өйткенi, жоғарыда айтқанымыздай, оның iс жүзiндегi бас тапсырыс берушiсi Атырау мен Алтай, Арқа мен Алатау арасын жайлап жатқан ел болмай тұр. Ол - Есiлдiң сол жақ жағасында шоғырланған кеңселердегi шенеунiктер тобы. Оның үстiне әдiл сайлау арқылы ол идеология өзiнiң әдiл бағасын алып жатқан жоқ. Сол себептi халықтың жүрегi мен санасына жол табамын деп бас қатырып қайтсiн...

Бiздiң мемидеология - жасандылық пен жалғандыққа негiзделiп, жауырды жаба тоқыған идеология! Сондықтан да оның сөзiне көпшi­лiк күмәнмен қарайды (менiңше, сол баяндамалар мен мақалаларды жазып жүргендердiң өздерi де өз деректерiне сенбейдi!). Мемлекеттiк миллиардтар майы боп құйылып жатқан осы алапат машина жылдық бюджетi ескi шетел машинасының құнынан аспайтын екi-үш тәуелсiз газетпен жарысуға жарамай жатыр! Олардан ойсырата жеңiлуде! Бiр көмеш нанын алмаса да, жалған сөзден жауыр бол­ған, шындыққа шөлiркеген ағайын «Тасжарғанды» не «Жас Алашты» сатып алатыны содан болар!

Бiздiң мемидеология - о бастан дұрыс жолмен қалыптаспаған идеология. Яғни, ешбiр қоғамдық талқылаусыз, жылы кабинеттерде санаулы шенеунiктердiң шешiмiмен қабылдана салатын бағдарламалар, тұғырнамалар мен тұжырымдамалар. Келiсiп тек қана тон пiшiл­мейтiн шығар, көпшiлiк талқысынан өтпеген олардың көп жағдайда қоғам тарапынан аяусыз сынға ұшырап жататыны да сондықтан. Құпия жолмен қалыптасатын идеологияның қадiрi қайдан болсын. Түзiлуiне өзi атсалыспаған ондай құбылысты қоғам қайдан қолдасын! Мамандар мен сарапшылар, тәуелсiз институттар мен БАҚ өкiлдерiнiң қатысуынсыз қалып­тас­қан ондай идеология о бастан өлi туады. 

Бiздiң мемидеология - кешегi социалистiк интернационализмнiң терiс тәжiрибесiн мұра еткен «көпұлттық» идеология. Баршаға жаққысы келетiн жалпақшешейлi­гiмен төл ұлтымызға - Қазаққа зия­нын келтiрiп жатқан ресми ағым. Ал өз ұлтын ардақтамағанды басқа ұлттар да құрметтей қоймас...

Бiздiң мемидеология - экономикада - өз тауар өндiрушiсiн, ал қоғамдық ой саласында - өз кадрларын колдамайтын идеология. Бiр ғана мысал. Нелiктен кезектi-кезексiз өтiп жатқан сайлау нау­қандары кезiнде билiк көмекке ылғи да көршi Ресейдiң «технологтарын» шақырып әлек? Өзiмiздiң саясаттанушылар неге кеңiнен тартылмайды? Олар ақыл жағынан да, креатив жағынан да, ел ерекшелiгiн ескеру жағынан да мәскеулiктердi он орап алады емес пе? Әлде осындайда жұмсалатын комақты қаржының басында тұрғандар өз қандастарымен емес, өзгелермен бөлiс­кен­дi жөн көре ме? Қашанғы ке­шегi қан­ды империя орталығына осылайша жалтақтай беремiз? Ұят емес пе?

Бiздегi мемидеология өзiнiң шыққан тегiн, түп тұғырын ұмыт­қан мәңгүрт идеология! Кез келген деңгейдегi лауазымды шенеунiктiң баяндамасы мен сөзiн қарап шығыңызшы. «Ауылым - алтын бесiгiм» деп неше рет толғанған екен? Қазақ өркениетiнiң қазығы iспеттес ауылдың қолдауына ие болмаған кез келген мемлекеттiк идеология алыс­қа бармайды! Бәлкiм, Алматы мен Астана, Кембридж бен Оксфордтан комфортынан асып көрмеген оларды бiраз уақытқа ауылға жiберiп, тәжiрибеден өткiзiп алу қажет пе? Мүмкiн, сонда олар басқаша сөйлер ме едi? Негiзiнен олар түзiп отырған мемидеологиямыз да ауылдың мұң-мұқтажына жақындар түсер ме едi...

Бiздiң мемидеология - сөзiне ел құлақ түретiндей, уәжiне сенетiндей жаршылары жоқ, сақау идеология. Мемлекет саясатының басым бағыттарын жан-жақты негiздеп, талдап, қалың көпшiлiкке жеткiзiп жатқан, ең бастысы, елге танымал әрi сөзi өтер кiмдi атай аласыз, құрметтi оқырман (әдiлiн айтсақ, жалғыз президент қана еске түседi). Алюкобондпен қапталған кеңселе­рiнен шыққысы келмейтiн, халқынан именiп, қашқақтайтын әкiмдер мен министрлер ме? Идеология саласының үлкендi-кiшiлi шенеунiк­терi ме? Жұртшылықты толғандырған ащы сауалдарға реттi жауабын беруге тиiс кадрлар қайда? Бар болса, елге елеулi, баршаға беделдiлерi қаншама? Билiктi орынды жақтар талантты көсемсөзшiлер қайда? Нелiктен олар бiздермен ашық та тең пiкiрталасқа түсiп, өз ұста­ным­дарын қорғамайды? Қатып қалған «Қазақстанның» не ханзадалық «Хабардың» төрiнде отырып, қарсы жақсыз, өздiгiнен монолог жүргiзу онша қиын шаруа емес те...

Қазақстандық идеология - ел iшiнен жау тапқан, кез келген сыншысын құбыжық етiп көрсететiн, сондан соң оны аяусыз қудалайтын репрессиялық идеология. Өрке­ниеттi диалогтың орнына оппозицияны мейлiнше тұншықтыратын, атып тастайтын, түрмеге жабатын, шетелге қуатын алапат күш. Айтар уәжi бар саяси оппоненттермен айтысып жатқанша, соттай салғанды жөн көредi. Ал баршаға белгiлi: тек әлсiз идеология ғана өз қарсыластарымен осылайша «әлдi» күш көрсету арқылы есеп айырысады.

Бiздiң мемидеология - түптеп келгенде ел тыныштығы үшiн қауiптi идеология! Мемлекет тарапынан өзiн толғандырған сауалдар­ға тиесiлi жауап ала алмаған, төл өкiметiнiң қолдауын көре алмаған қарапайым қазақ (әсiресе, жастарымыз!) қайда жүгiнедi? Бiз секiлдi балама саяси күштерге бет бұрса, бiрсәрi әрi құба-құп. Алайда, бас­қаша да болуы мүмкiн ғой. Яғни, жаңбырдан кейiнгi саңырауқұлақтай қаптап кеткен әртүрлi күдiктi ағымдарға бой бере бастап жатқан жоқ па. Қасиеттi дiнiмiздiң дүдә­мал доктриналары, өркениеттiң шет шалғайына ысырылып тасталған басқа да бейсауат ой бағыттары ел iшiн, әсiресе, ауыл арасын жаулап алғалы қашан! Iшiндегi таза экс­тре­мистiк сипаттағылары ше? Әлде екi қолы бос, қарны аш жас­та­рымыздың дәл осылайша идеоло­гия­лық жағынан улануына билiк­тiң өзi мүдделi ме? Дала-қаланы да, сананы да жаулаған ондай «мис­сио­нерлерге» тиесiлi тыйым салмауына қарағанда, солай болуы да әбден мүмкiн...

Судың да сұрауы бар дейдi атам қазақ.

Бiздiң мемидеология - бiз секiлдi қудалауда жүрген идеология емес, қолында кез келген шешiмiн жүзеге асыра алатын нақты меха­низмi бар, билiк басындағы идеология. Тас түскен жерiне ауыр, мем­идеологияның да жауапкершi­лiгi жетерлiктей. Бүгiнгi саяси конъюнктура да өзгерер, сонда келер ұрпақ соңғы 20 жылдағы Қазақстанның ресми қоғамдық ойына қандай баға бередi? Басқа бiреу түсiнбесе де, тарихты зерттеп жүрген бiздiң мемидеологтар ертедегi Сталин мен Брежневтiң, күнi кешегi Түрiкмен­башының мысалын алып, осыны терең ұғынуы керек қой. Сондықтан елдегi жеке басқа табыну дәстүрiн қалыптастыруға кiм қатысты деген сауалға жауап iздеп, ертеңгi еркiн ойлы зерттеушiлер алыстағы Ақтөбедегi профессор Байдосовты ғана атамайды. Бүгiнде ең басты мемидеологиялық қызметте жүргендердi ғана емес, сол сапта жүрiп, үнсiз бас шұлғығандардың бәрiн атайды! Қуырдақтың көкесiн сонда көре жатармыз!

«Не iстеу керек?» деген әрқашан алдымыздан шыға келер әмбебап сауал бар.

Жиырма жыл бойына жинақталып қалған түйiндi мәселелердi бiр мезетте шеше салу мүмкiн емес. Бұл аса күрделi, қоғам өмiрiнiң барлық саласын қамтитын мехнат шаруа. Сондықтан да, ең алдымен, «Мем­ле­кеттiк идеология қандай болуы керек?» деген мейлiнше кең де ау­қымды қоғамдық талқылау өт­кiзiлуi тиiс. Мемлекет дегенiмiз - баршаға - президентке де, малшыға да, «Нұр Отанға» да, оппозицияға да - ортақ, қасиеттi де қадiрлi болуға тиiс ұғым. Оның өз идеологиясы болуы хақ. Сондай қоғамдық доктринаны түзу бiр топ шенеунiктiң ғана мiндетi емес. Оған баршамыз шама-шарқымызша атсалысуымыз керек!

Жоғарыда аталған басты кем­шi­лiктерден ол идеология арылуы тиiс.

Сонда ғана ол жаңаша тұрпат­қа ие болады.

Ол шыншыл болады. Қоғамда болған проблемаларды жасырмайды. Оларды шешу жолында жан-жақты кеңес құрады. Сөйтiп, ең тиiмдi әрi ең әдiл шешiм табады.

Ол икемдi болады. Күн сайын өзгерiп жатқан дүниеге лайықталады. Жаһанданудың жойқын күшi­нiң жетегiне ерiп, құрдымға кет­пейдi. Керiсiнше, сын сағатта ұлтымызды қайта жаңғыртып, өзiндiк қасиеттерiн жоғалтпай, өркениет төрiнен ойып орын алатындай жағдай жасайды.

Ол мейлiнше ашық әрi жария болады. Қоғамдағы алуан түрлi ой бағыттарының ең таңдаулы тұстарын iрiктеп, өз бойына жинайды. Балама ой айтты деп өз қандастарын шеттетпейдi. Керiсiнше, бауырына тартады. Сөйтiп, басқа мемлекеттермен терезесi тең әрi бәсекелес деңгейге көтерiледi. Саяси күштер ойының iнжу-маржанын жинақтап, қоғамды бiрiктiрушi ролiн өз мойнына алады. Және де ол бүгiнгiдей қалт-құлт еткен тыныштық емес, шын мәнiнде, кез келген сыннан өте алатындай тұрақтылықтың кепiлi болады. 

Осындай игi қасиеттерiмен ғана ол елiне жағымды болады.

Ал қалың бұқара қолдаған ондай идеологияны ешкiм де жеңе алмайды. Және де ол тек қана Карл Маркстiң пiкiрi емес. Ол - адамзат тарихының тәжiрибесiнен алынған ұлы дәрiс.

 

Жас Алаш №78 (15432) 29 қыркүйек, сейсенбі 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963