Ел болашағы: Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер

Бурабай баурайында өткен Ұлттық Құрылтайда елдің жай-күйіне қатысты мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың VI отырысында сөз сөйледі.
Президент Амал күнімен құттықтап, Ұлттық құрылтай құрылған үш жыл ішінде Қазақстан қалай өзгергенін айтты.
Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды, - деді Мемлекет басшысы.
Ал кешеден бері жұмыс секцияларында қатысушылар руханият, азаматтық қоғамның дамуы, білім мен ғылым, әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша негізгі төрт бағыт бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Айтылған ұсыныстардың дені азаматтық қоғамды нығайтуға, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, елдің экономикалық әлеуетін көтеруге бағытталған. Қаржыгер, NAC Analytica төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Расул Рысмамбетов энерготиімділікті арттыру, қазына қаржысын қорғау қажеттілігіне назар аударды.

Сурет: check-point.kz сайтынан алынды.
«Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты секцияда жаңа салық саясаты туралы ой-пікірлер ортаға салынды. Бизнес өкілдері, кәсіпкерлер, экономистер, қаржыгерлер салықтық реформаға қатысты өз сауалдарын ортаға салды. Мен де өз ұсыныстарымды білдірдім. Секция жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жетекшілік етіп, әлеуметтік-экономикалық саланың және бюджеттің қазіргі жай-күйі, салық мәселері, реформалар туралы баяндаса, Қаржы министрі Мәди Такиев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Үкіметтің ары қарайғы жоспары қандай болады деген сауал көпшілікті толғандырған ең маңызды тұсы десек болады. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несие жүйесін құру ұсынылды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкілдер энерготиімділік тақырыбын көтерді. Тұрғынүйлердегі энерготиімділік, жарық пен жылуды үнемдеу технологиялары жайлы ұсыныстар көкейге қонатын маңызды тақырып болды. Себебі тұрғынүй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау бүгінгі күннің басты талабына айналып отырғаны рас. Саланы цифрландыру да маңызды», - дейді қаржыгер.
Расул Рысмамбетовтың айтуынша, әрқашанда өңірлердің әлеуметтік- экономикалық даму мәселелері өзекті болып қала береді. Осы тұрғыда республикалық және аймақтық бюджеттерді жүйелеу тақырыбы қозғалды.
«Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы өзекті мәселе. Бұл қатаң қадағалауды, жүйелі бақылауды талап етеді. Қазір бізге республикалық деңгейде ғана емес, өңірлік бюджетті де үнемдеу қажет. Ысырапшылдыққа жол бермегеніміз абзал. Мысалға алсақ, бізде бірқатар өңірлер ақшаға бай, қазынадан қыруар қолдау алады, оған қоса шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы да өзіне қалып отыр. Кей өңірлердегі артық тұрған қаражатты жетіспей жатқан өңірлерге бағыттау керек деп санаймын. Бұл енді менің жеке пікірім. Өңірлердегі қордаланған проблемаларды шешудің тиімді жолы - бюджет қаржысын тиімді, әрі ұқыпты пайдалану. Әйтпесе тығырыққа тірелуіміз мүмкін. Неге десеңіз Қазақстан шағын мемлекет. Әлемдік экономикада қиындықтар туындаса ол бізді айналып өтпейді. Сондықтан өз түйткілдерімізді өзіміз шешетін тетік ойлап табуымыз қажет», - деді қаржыгер.
Ұлттық құрылтайда экономикалық-әлеуметтік дамудан бастап рухани құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі, халықтың талап-тілектері мен өтініштері сынды бірқатар мәселелерді жинақтаған 120-дан астам ұсыныс енгізілді. Енгізілген ұсыныстар қоғамның әртүрлі салаларының дамуына тікелей әсер ететін көптеген мәселелерді қамтиды. Бұл - білім, ғылым, әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мәселелері болып табылады.
Алқалы жиынды бақылап отырған сала мамандары да сырт қалмады. Сәулетші, INK Architects негізін қалаушы Нұрлан Камитов өз пікірін білдірді.

Сурет: exclusive.kz сайтынан алынды.
«Үш жылдан бері өзім мұқият байқап жүрмін, Ұлттық құрылтай жай ғана пікірталас алаңы емес, нақты ұсыныстар білдіріп, сол бойынша тиімді шешімдер қабылдау тетігіне айналды. Құрылтай мүшелері мәселелерді көтеріп қана қоймай, оны шешудің нақты жолдарын ұсынады. Бірлескен күш-жігердің арқасында ұтымды шешімдер әзірленіп, кейін практикалық қолданысқа енгізіледі. Бұл ел тұрғындарының кең ауқымды ой-пікірі тоғысатын жер. Осы арқылы мемлекет пен халық арасындағы байланыс нығайып, еліміздің даму жолында нәтижелі ынтымақтастыққа септігін тигізеді. Былтыр наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың бірлігін, ұлттық бірегейлігін нығайтудың, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтудің, өзінің мәдени мұрасын ілгерілетудің маңыздылығын атап өткен болатын. Сонымен бірге ол есірткі саудасы мен нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия, вандализм мен ысырапшылдықтың таралуын тоқтатуға шақырды. Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізілгенін бәріміз білеміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейту және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің алдын алу шараларының тұтас кешені қабылданды. Осындай оң нәтижелерге куә болып жатырмыз. Сондықтан да Құрылтайдың күн тәртібіндегі проблемаларды шешуге қосып жатқан үлесі зор», - деп атап өтті ол.
Нұрлан Камитов өзін толғандырып жүрген негізгі құндылықтар туралы да айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық, жасампаздық пен жаңашылдықты үнемі айтып келеді. Өз тарапымыздан Мемлекет басшысы көтерген мәселелерге қолдау білдіреміз. Сондай ақ, сәулетші ретінде ел қалаларының қазіргі заманғы дамуы, халықаралық стандарттарға сәйкес, архитектура мамандарын даярлау, сонымен қатар халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, Құрылыс және сәулет саласындағы стандарттарды қайта қарау мәселелеріне де назар аударғым келеді. Жалпы алдыңғы үш отырыста елімізді дамытуға қатысты бастамалар көтерілді. Оның біразы орындалды. Өзгерістер барлық салада болып жатыр. Қазір ең алдымен, экономика саласы аса маңызды деген пікірмен толықтай келісемін», - деп атап өтті Нұрлан Камитов.
Архитектордың айуынша, құрылтайда қордаланған проблемалар айтылып қана қоймайды. Оны шешудің жолдары да қарастырылады. Соның нәтижесінде әрбір Қазақстан азаматы айтылған мәселелерге жете көңіл бөле отырып, оның ойдағыдай жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосуы тиіс. Ел боламыз десек немқұрайлылықтан арылуымыз қажет.
Айта кетелік, Ұлттық құрылтайдың ерекшелігі – әр өңірден, түрлі саладан жиналған құрамында. Бұл жерде білім, ғылым, медицина, мәдениет, спорт саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, еңбек және құқық қорғау саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, қоғам белсенділері мен жастар қозғалысының жетекшілері бар. Бұл халық демократиясы мен жасампаз плюрализмнің үлгісі ретінде қоғамның кең ауқымды пікірі мен мүддесін ескеруге мүмкіндік береді.
Abai.kz