Аға болған, пана болған Тұмағам...

Қазақстан Тәуелсіздік жариялаған қарсаңда мен Күйтін қаласындағы Іле Оқу-ағарту иниститутында оқып жатқам.
Бір күні әдебиет теориясынан сабақ беретін, елуінші жылдары Қабдеш Жүмәділовтермен бірге ҚазГУ-ге келіп екі жыл оқып, қайтып кеткен Мырзахан Құрманбаев ағайымыз: «Қазақстанда өмір бойы махаббатты жырлап келе жатқан Тұманбай Молдағалиев деген ақын бар!» деді.
Бойын түзеп, сұлу қыздарға көз сала бастаған, аздап өлең де жазып жүрген бозбаланың құлағын бірден елең еткізді бұл есім.
Сол күннен бастап мен Тұмағаның өлеңдерін іздей бастадым. Жүгіріп кітапханаға бардым. Онда Тұмағаның «Тынық мұхит дәптері» деген кітабының жалғыз данасы бар екен. Бірақ, ол кітап Жекен Қауытұлы деген мұғалімнің қолында болып шықты.
Заулатып отырып, Жекен ағайдың үйіне барып, «Тынық мұхит дәптерін» бір әптеге сұрап алдым.
Әлі есімде, кітаптағы бірінші өлең: «Айтшы, Алатау». Жолдан бір қалың дәптер сатып алдым да, жатақханаға келіп, әлгі дәптерге сол кітапты «Жақсы деп ұқ көрсең-дағы қандай түс, Қанат қақсаң ең биікте самғай түс. Сендерді бір таңғалдырсам деймін де, Ұзақ таңға көз ілмеймін мен байқұс...» деген шумақтан бастап, мен байқұс та ұзақ таңға көз ілмей көшіріп жаза бастадым. Тура бір апта бойы тоқтаусыз көшірдім. Уәделі уақыт біткен соң, өлең көшірген дәптерімді жастығымның астына тыға салдым да, Жекен ағаның үйіне тарттым. Рахмет айтып, кітабым табыстадым.
Қайтып жатақханама оралсам, аңдып жүрген болса керек, манағы Тұмағаның өлеңі толған дәптерімді бір оңбаған ұрлап кетіпті.
«Сүйіншіңді берейін, болмаса сол өлеңді дәл сондай басқа бір дәптерге түгел көшіріп берейін...» деп, айналамдағылардың бәріне өлердей жалындым, ешкім қайтарып бермеді. Бір апта бойы көз майымды тауысып көшірген есіл еңбегім он синуттың ішінде селге кетті. Ішім удай ашып, зарладым да қалдым...
Әрине, ол дәптерді сол менімен бірге оқып жүргендердің ішіндегі өлең жазып, ақын болғысы келіп жүргендердің біреуі ұрлағаны анық. Бірақ, сол жылдары сол курста менімен бірге оқығандардың ішінен бірде-біреуі кейін мен құсап төгілтіп өлең жазып, ақын бола алған жоқ.
Сөйтіп, 1993 жылы шілде айында оқуды тауысып, ауылға қайттық. Курстастарымызбен Қазақстанда қауышатын болып қоштастық. Тұмағамнан біраз жыл алыстап қалдым. Ішім қоңқылдап жүрген күндердің бірінде, 1995 жылы болса керек, Үрімжі мен Алматы арасында әуе қатынасы ашылып, Шыңжаңнан бір топ өнер мен әдебиеттің танымал тұлғалары алғашқы ұшақпен Алматыға ұшты.
Сол делегацияның құрамында болған қазақтың аса көрнекті қаламгері Оразхан Ахметов ағамыз Алматыдан Тұмағаның таңдамалы үш томдығын әкеліп берді.
Тұмаға жазушы Оразхан Ахметов пен ақын Шәкен Оңалбаевты үйіне қонаққа шақырыпты.
Оразхан ағаға үш томдығын өзі сыйлапты.
Шәкен Оңалбаев пен Тұманбай аға Алтай мен Алматыда оқып жүрген сонау елуінші жылдары бір-біріне хат жазысып жүрген ежелгі достар екен.
Оразхан аға сол кітаптарды беріп жатып, маған Тұмаға туралы өте әдемі әңгімелер айтып, аузымның суын одан ары құрытты.
Сол күндерден бастап, Тұмағаның үш томын басыма жастанып жатып оқи бастадым. Қайда барсам жанымнан тастамай көтеріп жүрдім.
Шынымды айтсам, нағыз сыршыл поэзияның қандай болатынын, ақындық дегеннің не екенін мен сонда барып түсінген сияқтымын.
1998 жылдың қазан айында қасиетті Қазақстанның қара топырағына менің де табаным тиді.
Демек, мен де Жақсылық Сәмитұлы бастаған Ұлы көшке ерген бала тайлақпын ғой.
Арғы бетте жатып Тұмағаның жүрекжарды жырларын оқып, оның бүкіл жан-дүниесін, өткен-кеткенін, арман-тілегін, мейірімге толы жүрегін, биік адамгершілігін, адал көңілін, кең құшағын... жан-тәніммен сезінгем.
Сонда маған бүкіл Қазақстан Тұманбай Молдағалиев болып елестейтін.
Ойға алғанның бәрі дер кезінде бірден орындала бермейді екен. Арт-артынан ағаларым, әке-шешем дүние салды. Жетім қалған іні-қарындастарымды жеткізу керек болды. Сол Күйтіндегі оқуымды бітіре салып кетемін деген басым, араға бес жыл салып әрең жеттім Қазақстанға.
Арғы беттегі қазақтың қара танып, қалам ұстаған қаймақтары бергі бетке құлақ түріп, қоржынына түскен кітаптарын қолдан-қолға қыдыртып оқитын еді. Әркім өзіне ұнаған қазақтың марғасқаларына сыртынан «ен салып», аға тұтып жүретін.
Мысалы, Нәбижан Мұхаметханның Манаш Қозыбаевты, Қайрат Ғабитханның Әбдуәли Қайдарды, Рақым Айыпұлының Айтан Нүсіпхановты, Базарәлі Әріпұлының Әлімқазы Дәулетхановты, Армиябек Сағындықтың Қабдеш Жүмәділовты, Серік Нұғыманның Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауинді қатарынан, Қайрат Құл-Мұхаммедтің Шерхан Мұртазаны, Ләззат Игісіннің Фариза Оңғарсынованы, Райыс Әріпжанның Еділ Ерғожинды, Құрманбек Әлімғазының Ержан Белғозиевті, Жасан Зекейдің Мұхтар Әлиевті, Дукен Мәсімханның Жолдасбай Тұрлыбайды, Білісбек Әбдіразақтың Жанат Ахмәдиді, Мұрат Шаймаранның Бауыржан Жақыпты, Керім Елеместің Мұқағали Мақатаевтың қара шаңырағын рухани тірек тұтып, алғашқы атбайлары санап, көңілге түйіп келгенін, иә, мен жақсы білемін.
Алматыға келе салып, мен де алып ұшқан жүрекпен Тұмағаны іздедім. Ауырып қалғандығы себепті, жолыға алмай, бірінші барғанымда жабырқап қайттым. Ағамды көрмей тұрып арнап өлеңдер жаздым.
Келесі келгенімде барып дидарласудың сәті түсті.
Құдайға тәубе, Тұманбай аға аман-есен сауығып, қызметін істеп жүр екен. Сәлем беріп алдына бардым. Қайдан, қашан келгенімді жасқана отырып айттым. Өзіне арнаған өлеңімді жатқа оқып бердім. Аса ықыласпен тыңдап, қатты риза болғанын бірден байқатты. «Балам, мен өткен жылы қатты ауырдым. Едіге досымды шақырып, қоштасуға дейін бардым. Сенің тілегіңмен аман қалған екем ғой...»,-деп, ағынан жарылды.
Менің өзін соншама жақсы көретінімді, пана тұтып келгенімді жаутаңдаған көзімнен оқып үлгірді жақсы аға. Өлеңімнің де өзінің өлеңдеріне тартқанын айтып, мақтап та қойды.
Сосын бар жағдайымды, Қазақстанда қалғымның келетінін сұрап ұқты да, өзінің маған аға болуға дайын екенін, қолынан келгенше көмектесетінін айтып, келесі күнге үйіне шақырды. Бір жапырақ қағазға үйінің мекенжайын, телефонын жазып, қолыма ұстатты.
Қунап, жайнап шықтым асыл ағаның алдынан.
Өмірімде бұдан өткен қуанышты, жұлдызды сәтімнің болғанын еске түсіре алмай, қатты толқыдым.
Аға дидарын өз көзіммен көрсем, сәлем берсем деген ұзақ жыл күткен арманым сәтті орындалды. Міне, Атажұртқа оралсам деген Ұлы арманнан кейінгі тағы бір асқақ арманым – қазақтың аса көрнеті ақыны Тұманбай Молдағалиевті көру еді.
Алла ол арманымыма да жеткізді...
Мен үшін бұдан артық қандай бақыт керек!
Адамда «Ішкі түйсік» деген болады. Сондай бір сезгіштік менде де бар. Иә, Тұмаға жайлы ішкі түйсігім алдамаған екен. Ол кісі туралы арғы бетте жатып ойлаған ойдың, көрген түстің бәрі бір-ақ күнде жарқыраған шындыққа айналып шыға келді.
Осыдан бастап Тұмаға маған туған аға болып кетті.
Ең алдымен Күлтай тәтемнің қолынан дәм татырды.
Үйіне бірінші барғанымда, бала демей иығыма шапан жапқанын қайтерсің.
Сосын, мені өзім өлеңдерінен оқып білген, дидарлассам деп ынтығып жүретін жан достары Едіге Сапаев, Нұрқожа Оразов, Жолмұхан Түрікпенов, Қалтан Бастаубаев, Әли Нұртаев, Нығымет Әбенов, Шортанбай Хамзин, Қален Кідібасов, Тілеуімбет Сәнәлиев, Бек Тоғысбаев, Дәуітбай, Жұмағали Бүйенбаев ағаларыммен, ол кісілердің үйіндегі тәтелеріммен біртіндеп таныстыра бастады.
«Мына бала Қытайдан мені арнайы іздеп келіпті. Өзі ақын екен. Тағы менің өлеңдерімді жатқа соғады. Түрі де өзіме ұқсайды. Қытайға бармасам да, нұрыммен туғызғам. Құдай өзі айдап әкелген балам...»-дейді Тұмағам сол достарына мені таныстырғанда.
Тұмағаның жанында жүрген он жылдан аса уақыттағы менің күндерім талай-талай ұмтылмас кездесулерге, сапарларға толы өмір мектебі болды. Ол кісі үнемі үлкен кештерге, салтанатты жиналыстарға тастамай ертіп барады.
Дәрежем жетпесе де, кітаптарын оқыған, аттарына қанық атақты ақын-жазушылардың, мемлекет қайраткерлерінің біразымен таныстым. Астананың он жылдық тойына келген Ресей, Түркия, Гүрузия бастаған он елдің президенттерін мен Тұмағаның қасында отырып, қамшы салым жерден көрдім.
Тұмағаға ілесіп барып, атақты Кәкімбек Салықов пен Еркеғали Рахмадиев, Мұзафар Әлімбаев ағалардың да дастарханынын шай іштім. Ғарышкер Талғат Мұсабаевпен де бір үстелдің шетінде отырған күндер болды.
Елге қалай екенін білмеймін, Атажұртқа келген алғашқы жылдары мұның бәрі мен үшін тек биік мәртебе, зор мақтаныш болатын.
Тұмағамен сол алғашқы танысқан күннен-ақ құсаға, мұңға толып келген менің кеудеме көктемнің әсем құстары қона бастады. Сынық жүзім нұрланып, алаңдап тұратын көңілім сабасына түсті. Анадайдан үміт оты жарқырап жанып тұратын болды. Алатаудай ақынның қасында жалбаңдап жүргенімді үлкен бақыт, зор қуаныш санадым...
Бұл хабар арғы беттегі туыстардың да құлағына жетіпті желдей есіп.
Қытайдан келген өз ағаларына аздап өкпелеп қалған Білісбек досыма:
«Алматыда жыр болып сен себеле,
Сені жалғыз дегенге ел сене ме.
Қадіріңді өз ағаң білмеген соң,
Аға тауып алмадың менше неге?!» - деп, өлең шығарып, қағына бастадым мен.
Сол шақтарды осы күні ойласам болды, көзіме тек мөлдіреп ыстық жас келеді де тұрады.
Қамқор аға маған қолынан келгеннің бәрін жасады.
Менен жетіскен ғалым шықпағаны болмаса, Қазақтың Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасына түсірді; Тұңғыш кітабыма алғысөз жазып, батасын берді; Бір ауыз сөзімен-ақ шеттен оралған ағайындарға жасалып жатқан көметен игіліктендірді; Астыма ақ тұлпарын да мінгізді; Қол астына жұмысқа да алды; Шығыстың Гүлбаян деген бір сұлу қызына Өзі Күлтайы мен Едіге досын ертіп барып құда түсіп, артынан бір жылқысын сойып той жасап, үйлендірді; өмірден өткенше қасынан тастамай ертіп жүрді, туған баласындай көрді. Қысқасы, әкем Мұқибек пен шешем Бүбүжан орындауға үлгірмей кеткен парызды Тұмағам мен Күлтай тәтем орындады...
Мен мақтамасам да Тұманбай Молдағалиев халқымыздың аса көрнекті ақыны. Алаш жұртында оның беделі де, атағы да өте жоғары болды. Иә, бүкіл дүние жүзіндегі қазақ Тұманбай Молдағалиевтің өзін де, сөзін де біледі. Қазақстанның халық жазушысы, Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы, Бүкіл Түркі дүниесі Физули атындағы сыйлықтардың лауриаты. Асқан дарынымен, ерен еңбегімен бір халықтың беделіне айналған ірі тұлға..
Сексен жылдығының қарсаңында Дәурен Қауат «Қазақ Әдебиеті» газетіне Тұмағаны «Қазақ лирикасының каролы» деп атап, көлемді мақала басты.
Тұмағаның ақындығының нағыз бағасы – осы!
Тұманбай Молдағалиев – Қазақ лирикасының каролы!
Әрине, Тұмағаның қасында мен ешкім де емеспін!
Қытайда, бір сайдың қуысындағы қойшының қара қосында туған, шамасы жеткенше оқыған, ағаларына еліктеп аздап өлең жазатын қазақтың қарапайым бір баласымын.
Әкем Мұқибек өз руымыздың зәңгісі болып, әлі жеткенше ел билеген екен.
Інісі Мұқабай кезінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Үрімжіден оқыған, қытай тілін жетік меңгерген, Құлжадағы «Қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйшымасын» генарал Ысқақбек Мононвтан кейін екі жыл басқарып, ел сауатын ашуға еңбек сіңірген тұлға болыпты.
Сонан соң, Мұқабай атам Әлихан төре құрған Шығыс Түркістан Республикасы Оқу-ағарту меңгермесі төрағасының орынбасары болыпты.
Кейін Қытайда комунистік билік орнағанда пантүркист, ұлтшыл болғандығы себепті, 1951 жылы комунис Қытай жендеттерінің қолымен атылыпты.
Сол нәбеттен бастап әкемнің басынан да қара бұлт арылмапты. Бір-екі жыл түрмеге де отырыпты. Тіпті, оққа ұшқан інісінің сүйегін арулап жерлеуге де мүмкіндігі болмапты. Сосын басқа ауданға көшіп кетіп, туыс-туғаннан шалғайда өмір сүрген.
Қытайда жүргізілген сандаған саяси дауылдардың біздің шаңырақты айналып өтпегені жоқ. Өз кіндік қаның төгілген, ата-бабаңның сүйегі жатқан, туған жеріңді әбден ес біліп, етек жапқанда барып артқа тастап, екінші бір жерге барып өмір сүрудің оңай шаруа, адам пендесінің басына бермейтін қасірет екенін жан әкем көзі тірі кезінде қамығып отырып талай әңгімелегенін естігем. Қоныс аударудың, шет жұртта өмір сұрудің қиындығы одан құлағымда қалған...
Бірақ, мен Тұмағамның арқасында ештеңені сезгем жоқ. Қазақстанымнан адал достар таптым. Кәдімгі Ойманбұлағымда жүргендей емін-еркін жүрмін!
Ұлт үшін «Тәуелсіз Отан!» деген, әрине, теңдесі жоқ бақыт!
Қасым-Жомарт Кемелұлы өте дұрыс айтады, Тәуелсіздік бәрінен қымбат!
Бірақ, сол ТӘУЕЛСІЗДІКТІ орнықтыру, ұстап тұру оңай шаруа емес екен.
Ұзақ жыл ойран салған отаршылықтың кесірінен діннен, тілден, салт-дәстүрден айырыла бастаған, енді ғана бостандығын қолына алып, жаппай жұмыссыздық пен жоқшылық, жемқорлық пен бюрократия жайлаған жас мемлекет өзінің дербестігін қалай сақтап қалам деп қыл үстінде тұрғанда, отырықшы елдің де, шетел асып келіп, мұнда қоныстанған қазақтардың да көрген қиыншылығы, тартқан азабы мен тозағы аз болған жоқ.
«Оралман» деп аталған ағайындар ең алдымен тілден қиналды, халал тамақтан тарықты. Соған шыдамай, қайта көшіп кеткендер де болды. Жапаға шыдап қалғандары жоқтан бар, аздан көп жасап, бұл күндері ел қатарына қосылды. Ауқатты азаматтардың қарасын көбейтті.
Шыны керек, біздің бойымызға Алла берген дархандықтың, ізгіліктің, бауырмалдықтың керегесін Кеңестік жүйе шайқалтып-ақ жіберген екен.
Екі алып империяның тізгінін ұстаған Мао мен Хрущевтің бас араздығы, одан қала берді кеңестік «Отан сүйгіштік тәрбие» түбі бір түрік тұрмақ, тұтас бір ұлтты бір біріне жат қып, тіпті бірін біріне жау етіп көрсетіп, біріне бірін айдап салумен болды ғой.
Кеше ғана жылап айырылысқан бір атаның ұрпағы, бір әкенің шекараның екі бетінде тірлік кешкен екі баласы бір-біріне күдіктене, жатырқай қарайтын күйге жеткізіпті.
Тіпті, жай бізді былай қойып, атақты Мұстафа Өзтүрікті жұмбақ жағдайда жазым еткендер де, өмір бойы азаттық үшін арпалысып өткен Хасан Оралтайдың өзін қолында билігі бар, «ұлттың жоқшысы» болып жүрген ақбас ағаларымыздың «Елім-айлап өткен өмір» кітабын сол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанға кіргізбей, өзін өзекке тепкені де сол зағип сананың, кеңестік құдайсыздықтың кесірінен болған қасірет екені даусыз.
Тағдыршешті жерде отырған алпысыншы жылдары келгендердің балаларының Ұлы көшке жасалып жатқан тосқауыл мен қастандықты көріп тұрып, міз бақпай безірейіп отырғандары да сол кеңес дәуірінен қалған жетесіздіктің жұғыны емей, немене?!
Бұрынғымыз айналайын екен, бүгінде қай кеңсеге кірсең сірескен бюрократия, қай бастыққа барсаң шалқайған кеуде шығып отырды алдымыздан. Тіпті, алдыңда отырған кейбір қара көздің қазақ екеніне, өзің аңсап жеткен қандасың екендігіне күмандана бастайтын күндер де болды-ау. Бірдемені біліп тұрып істесе мейлі ғой, білмейтін шенеунікке түсіндіре алмаудан өткен қасырет жоқ шығар?!
Әрине, ең басты құндылық – Тәуелсіздік.
Және осы Тәуелсіздікті тұтас ұлтымыздың ұйысуына қызмет еттірген қазақтың ұлтшыл зиялыларының, рухани көшбасшыларының еңбегі екендігін айтпай кету күнә!
Егер, көш бастаған сол қауымға атбайлар ағалары, құқықтық негізді қалыптастырған мемлекетшіл тұлғалары жебеу болмағанда, қазақ көшінің тағдыры қалай боларын көзге елестетудің өзі – қорқынышты.
Сондықтан да менің сол өткен атабабамның жолын қуып, дәстүрін ұстанып, бүкіл түркі дүниесін дүбірлеткен, исі қазақтың Тұмағасын іздеуім, көлеңкесін саялауым ешкімге де ерсі көрінбесе керек.
Үлкен басымен, Алатаудай атағымен жан ағамның құрақ ұшып қол үшін беруі, ағалық қамқорлығын көрсетуі, маңдайымнан сыйпап аялауы таза тектіліктің, үлкен азаматтықтың белгісі екенін, қазақтың осы тұмағалармен қазақ болып қалғанын айтқым келеді.
Бірде Тұмаға Сәкен Иманасов, Бек Тоғысбаев бастаған бір топ достарын тау етегіндегі саяжайына шақырып, қарта ойнады.
Кенет алдымда тұрған телефоным шырылдап қоя берді. Картаның қызығы бұзылмасын деп, телефонды былай сырғытпақ болып едім, Тұмаға: «Ал, балам, сөйлесіп ал...»,-деп маған бұрылды.
Телефонды көтерсем, арғы беттен жақында оралған ағайындардың біреуі екен. Баяғы құжаттанудың шаруасы. Әлгі кісіге шамамның келгенінше тәптештеп түсіндіріп жатырмын. Кей түсын екі қайталап айтамын. Карта жайына қалып, ағалардың бәрі маған қарап отыр...
Ақыры ол кісімен Алматыда кездесетін болып, телефонды жерге қойдым.
Ойынымыз бітіп, ағалар орындарынан тұрып, бақша жаққа кетті.
Тұмаға тағы маған бұрылып, «Балам, жаңағы кісіге өте жақсылап түсіндірдің. Ағайындарыңа осылай көмектесіп жүр, сауабын аласың. Егер, шамаң жетпей жатса, маған айт, Тұманбай деген атым бар ғой, мен барып айтайын бастығына. Қиналып қалмасын...» деп жатыр.
Толқып кеттім! Көзімнен ыстық жас ыршып кетті...
Сонау Түркіден, ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан бауырмалдықтың, кеңдіктің, жомарттықтың, қонақжайлықтың, адам сүйгіштіктің... бәрін-бәрін мен осы Тұмағамның бойынан көрдім.
Мұқибектің сол жаман ұлы Тұмағасының қасында жүріп, Қазақстанның да қыры мен сырына қаныққан секілді. Қазақтың Ұлы ақынының ыстық ықыласына бөленіп, ақ батасын алғандықтан болар, бұл күнде сол шеттен оралған бүкіл қауымның аузында аты жүретін жігіт ағасы болып қалды.
Қазақ мұны «Жақсыдан жұққан шарапат...» деп атайды.
Қайда барсам да, қай есікті қақсам да, әңгімені Тұмағамнан бастаймын.
Тұмағаның аты шыққан жер жайнап кетеді.
Тұмағаның атын естіген естияр жанның бәрі ағынан ақтарылып жатады.
«Ауытжан, жақсы жаза білсең, өлеңнің алмайтын қамалы жоқ!».
Бұл – маған Тұмағадан қалған өсиет!
Мен Тұмағамның осы өсиетімен 2013 жылдан бері Қазақ көшін үлкен қатерлерден сақтап келемін.
Сондықтан да біз «битке өкпелеп, тонымызды отқа тастайтындардың» қатарынан емеспіз. Алыс-жақын шетелдерден оралған сол ағайындар бұл күнде бір қауым ел болды. Ал, қомақты бөлігі әлі шекара сыртында, тағдыры қыл үстінде отыр. Керек болса, біз сол шеттегі қандастарымыз үшін ағынға қарсы жүзетіндердің сапынанбыз!
Қазаққа осы Тұмағам мен Күлтай тәтемді берген Құдайдан айналдым. осы кісілердің арқасында жалғыздығым да, кедейлігім де, жетімдігім де білінбей, ел қатары, Тәуелсіз Қазақстанның бір азаматы болып, өрлі-қырлы шауып жүрмін!
Алыстан арнайы іздеп келгендердің ішінде сол жақсы ағалардың қадіріне жетіп, қызығын көрген – Қайрат Құл-Мұхамед екеуміз болдық-ау деймін.
Биыл тұмағаның туғанына тоқсан жыл!
Сол тоқсан жылдықты мемлекет өз деңгейінде атап өтеді деп сенемін!!
Ауыт Мұқибек
Abai.kz