Қара құрылықтағы аштық...

Мен мына материалды тауып, оқып отырғанда, кезіндегі қазақ даласындағы халқымызға зобалаң әкелген аштықтың қандай болғандығын жүрегіммен түсінгендей болдым. Құдайым! Мұндай нәубеттен елімізді әр уақытта аулақ қылсын деп тілейік!
Күн ыстық. Ауада күлімсіз иіс бар. Кішкентай ғана ауылда сәт сайын бір адам аштықтан жан тапсырады. Осынау төбе құйқаны шымырлатқан көріністің бояуын жемтік аңдыған құзғын-қарға қоюлата түскендей. Кенет, сәбидің жылаған әлсіз үні естіледі...
1993 жылдың көктемі. Оңтүстік африкалық фотожурналист Кевин Картер қаншама адамның өмірін жалмаған аштықты суретке түсіру үшін арнайы тапсырмамен Суданға келеді. Жергілікті халықтың тым ауыр тұрмысын, аштықтан қиналып жатқан адамдардың бейнесін таспаға түсірген ол, бірнеше күнгі жұмыстан әрі кадрға іліккен жан түршігерлік жағдайлардан қатты шаршап, бір уақыт сергімек болып, ауыл сыртына шығады. Айналасын аласа ағаштар қоршаған алаңқайға беттей жүргенде Кевиннің құлағына баланың сыңсыған үні талып жетті. Назар салып қараса, анау бір жерде қу жаны ғана қалған сәби шөкімдей болып құлап, жатыр екен. Фотоаппаратын «оқтап», нысанаға ала бергені сол еді, ойда жоқта құзғын пайда бола кетеді. Құсты үркітіп алмай, мысықтабандай ептеп басып жақындаған фотограф «сәтті тұсы осы-ау» деп басып қалды. Бұдан соң ол әліптің артын бағып, жартысағаттай кідіреді. Ақыры, құзғынды үркітіп, ұшырып жібереді. Ал сәл тыныстап, күш жинаған сәби еңбектеген күйі ары қарай жылжып кете барады. Кевиннің кеңсірігі ашып, көзінен ыстық жас ыршып түсті.
Ертеңінде Кевин Картер Йоханнесбургке (ОАР) қайтып оралады. Ол кезде әлемдік бақта Судандағы аштық тақырыбы күн құрғатпай шығып тұратын. «Іздегенге сұраған» демекші, америкалық «Нью-Йорк Таймс» газеті әлгі фотоны қымбатқа сатып алып, 1993 жылы 26 наурызда жариялайды. «Судандағы аштық» деген атпен жарық көрген бұл фотосурет Африкадағы қайыршылықтың символына айналып, туынды авторы дүниежүзіне танымал болады.
1994 жылы 23 мамырда әйгілі фотосурет үшін Кевин Картер Пулицер сыйлығын алады. Ал суреттегі сәбидің тағдыры не болғаны әлі күнге беймәлім.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz