Трамп Зеленскийді Путинге жығып берді ме?

Financial Times басылымы Трамп пен Зеленскийдің жабық есік жағдайында өткізген кездесуі жайлы мақала жазыпты. Онда Трамптың Зеленскийге жасаған қысымы жайлы баяндалған.
Қысқаша айтсақ, былай:
Трамп пен Зеленскийдің жабық форматтағы кездесуі аса шиеленісті күйде өтті. Зеленский Трамптың көзқарасы күрт өзгерерін білген жоқ. Украина басшысы майдан шебіндегі жағдай жайлы ақпараттарды жинақтап, Ресейді келіссөз үстеліне отырғызу амалдары жайлы сөйлесуге келген еді. Зеленский майдан шебіне қатысты анық карталарды да ала келді.
Алайда Трамп карталарға аса назар аударған жоқ. АҚШ басшысы Зеленскийге бірден Путиннің шартын қабылдауды ұсынды. «Олай болмаған жағдайда Путин Украинаны жояды» деп мәлімдеді Трамп. Трамптың өкілі Уиткофф Донбассты Ресейге беруге шақырған, ал Трамп бас изеп, келісетіндей ыңғай танытты.
Трамп үстел үстіндегі Зеленский әкелген картаны ысырып тастап, Путиннің телефон арқылы айтқан кей сөздерін қайталаумен болды. Ол сөз арасында жеке басқа өтіп, Зеленскийді тілдеп те алды.
Кездесудің соңында Зеленский Трамптың ойын өзгерткендей болды. Ол Трампты соғысты майдан шебі бойынша тоқтату керектігіне көндірді. Трамп келісті. Алайда оның көзқарасы өзгеріп кетуі мүмкін.
Abai.kz