Сейсенбі, 22 Сәуір 2025
Қоғам 375 0 пікір 22 Сәуір, 2025 сағат 12:48

Шымкенттегі «ЧП»: Орынбасар әкімді кім атты, неге атты?

Сурет: golos-naroda.kz сайтынан алынды.

Ақпан айында Шымкент қаласына орынбасар әкім болып барған Руслан Берденовті кеше кешке әкімдік алдында атып кетті деген ақпарат ел ішінде ызу-қызу талқылануда.

Оқиға 21 сәуір күні сағат 20:30 шамасында орын алған. Руслан Берденовтің оң жақ жамбасы мен иығына оқ тиіп, жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалып, «өміріне қауіп жоқ» деп бағаланды. Оқ атқан адам оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шымкент қаласының полициясы қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, оқ атқан адам Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-інде жұмыс істеген.

Тура екі жыл бұрын Қазақстанның саяси сахнасына кенеттен «Республика» партиясы пайда болып, парламенттен бір-ақ шыққан еді. Руслан Берденов партия атынан парламент партасына жайғасқандардың қатарында болды. Биыл партияласы Динара Шүкіжанованың артынан, Руслан Берденов те депутаттық мандатын тапсырып, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған еді.

Әлеуметтік желілерде қылмыстық істің туындау себебіне бапйланысты расталмаған түрлі нұсқалар таралуда. Бір нұсқа бойынша Берденов ұсталған адамның әйеліне қырындаған делінеді. Бірақ Шымкент әкімдігі бұл нұсқаны жоққа шығарды.

«Медиа және әлеуметтік желілерде қалалық әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандықтың себебі оның шабуылдаушының әйеліне қырындағаны деген ақпарат. Біз бұл мәліметтің жалған екенін хабарлаймыз», — деп мәлімдеді Шымкент әкімдігі.

«Чемодан Госсекретов» Telegram-каналы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, қазір негізгі нұсқаның жеке бас араздығы екенін хабарлады.

Алайда танымал блогер Бейбіт Әлібеков шабуыл Берденовтің Шымкенттегі құрылыс саласындағы қызметімен байланысты болуы мүмкін деп пайымдады.

«Менің ойымша, бұл Шымкенттегі құрылыс саласында тәртіп орнатумен байланысты болуы мүмкін, букмекерлердің қатысы бар деп ойламаймын. Бүгін ғана осы тақырыпта қатал мәжіліс өтті. Маған Русланды бопсалағандардың болғаны жайлы хабарланды», — деп жазды Әлібеков.

Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері де өз ойларын жазып жатыр. Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай: «Өткен апта Русланды жаңа қызметімен құттықтап барғанымда, «Шымкентте жұмыс істеу өте қиын. Құрылыс саласында реттейтін жұмыс көп. Бұл саладағы лайықсыз бір адамды қызметтен шеттетудің өзі әжептеуір әурешілік. Адам сияқты жұмыс істеуге кедергі көп» деп қынжылып еді.

Кеше кешкісін болған жайсыз оқиғаны естіп, уайымдап қалдық. Жақындарынан сұрастырып білсем, Русланға оқ атқан құрылыс саласындағы қызметінен таяуда ғана шеттетілген адам екен.

Әлемжеліде оқиғаға қатысты Русланды айыптаған қисынға келмейтін кейбір жазбаларды оқып қалдым. Тергеудің, соттың шешімі шықпай жатып, тіпті сенімді дерек көзіне де сүйенбестен дәлел-дәйексіз кісіні кінәлау заңға да, адамшылыққа да қайшы», - деп жазады.

Мәселенің анық-қанығын құқық қорғау орындары анықтап, заңдық тұрғыдан баға беретінін анық. Бұл шетін оқиғаның қоғам назарын аударуы «Талғар оқиғасындай» дүкеннің аумағында емес, Қазақстанның үшінші үлкен қаласы статусына ие Шымкент әкімдігінің алдында болғанында жатса керек. Енді мемлекеттік қызметкерлердің этикасы мен мемлекеттік органдардың күзет қызметі қайта қаралуы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2123
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5002
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4247