«Қазақ» атауы 100 жыл бұрын қалай қайтарылды?

100 жыл бұрын, 1925 жылы 19 сәуірде Ақмешітте өткен бесінші бүкілқазақ съезінде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы қаулы қабылдаған еді. Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай Qalam-ға берген сұхбатында қазақтың неге «қырғыз» атанғаны, өз атауын қалай қайтарғаны туралы айтып берді.
Тарихшы бұл мәселеде «қазақ атауының» орыс тіліндегі нұсқасы қайтарылғанын ескеру керек екенін атап өтті.
«Қазақ өз атын қайтарды десек, «қазақ өз атынан айрылып қалған ба еді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Негізі қазақ одан ешқашан айрылған жоқ. Өзін-өзі қазақ деп атап жүрді. Бірақ патша үкіметі Ресей империясындағы отарланған аймақтарды бағындырып, тұқыртып ұстап отыру мақсатында құрылған казак әскерімен шатастырмас үшін бізді саналы түрде бұрмалап «киргиз-кайсак» деп атады. Ал 1822 жылы шыққан Михаил Сперанскийдің жарғысынан бастап «киргиз» деген сөзді пайдаланды», — дейді Сәбит Шілдебай.
Оның айтуынша, совет үкіметінің алғашқы жылдарында да патша үкіметі кезіндегідей «киргиз» деп атала берген екен. 1919 жылы қазақ жерін басқару үшін пайда болған революциялық комитет те ресми түрде Қырғыз революциялық комитеті болған.
«1920 жылы қазан айында құрылған Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы деген атаудың қазақшасында «қазақ» сөзі болғанымен, орысша ресми құжаттың бәрінде «киргиз» деп жазылды. Яғни бұл — метрополияның отар аймаққа және халыққа берген атауынан бас тартып, өзіміздің тарихи дұрыс атауымызды ресми түрде қайтарып, орталық билікке соны мойындатып, қаулы шығарту туралы әңгіме», — дейді тарихшы.
Сәбит Шілдебай «киргиз» емеспіз, дұрыс атауымыз — қазақ» деп ең алғаш жазған Шоқан Уәлиханов болғанын еске салып өтті:
«Шоқан Уәлиханов ғылыми еңбектерінде бұл мәселені көтерді. Бірақ ол ештеңе талап еткен жоқ, ғылыми тұрғыдан қарап, талдап айтты. Қарап отырсақ, қазіргі уақытта сол Шоқан Уәлиханов берген ғылыми тұжырымдардан алысқа ұзап кеткен жоқпыз. Оның шын мәнінде объективті түрде дұрыс ғылыми тұжырым жасағанын көріп отырмыз».
Тарихшы «қазақ» атауын қайтару жолында Сәкен Сейфуллин мен Міржақып Дулатұлының бастамасын, мақалаларын айрықша атап өтті. Дегенмен, оның ойынша, атауды қайтарған Сәкен немесе Міржақып немесе съезде ұсыныс тастаған Сұлтанбек Қожанов, яки оған «сен ертең осылай айт» деп тапсырма берген Қоңырқожа Қожықов деп айту дұрыс емес:
«Бұл — сол кездегі әр қазақтың көкейінде жүрген бүкіл халықтың мәселе еді. Ал жоғарыдағы жандар — соны айтып, жазып, ұсынысты өткізуге себепкер болған тұлғалар. Солай деп түсінгеніміз дұрыс. Ақыры, 1925 жылы 19 сәуірде, осыдан дәл 100 жыл бұрын Ақмешітте өткен бесінші бүкілқазақ съезінде Сұлтанбек Қожанов мәселе көтеріп, қазақ халқы өзінің тарихи атауын осы жиналыс шешімімен қайтару туралы қаулы қабылдады. Біраз уақыттан соң, 1925 жылдың 15 маусымында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті бұл шешімді бекітіп, арнайы декрет шығарды. Сол декретпен ресми түрде атауымызды қайтарып алдық».
Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден қарауға болады.
Димаш Зиядин
Abai.kz