Сәтсіз шыққан “Шолпанның күнәсі”: кімнің кінәсі?
Қазіргі театр кеңістігінде әйел тағдырына, оның қоғамдағы орны мен ішкі психологиялық әлеміне қатысты тақырыптардың жиі көтеріліп жүргендігі — заңды әрі қуантарлық құбылыс. Әсіресе әйел болмысы, ана болу мәселесі, қоғамдық қысым мен ішкі еркіндік арасындағы тартыс қазіргі қоғамда әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармасының сахнаға қайта оралуы кездейсоқ емес.
Мағжан бұл туындысында өз дәуірі үшін батыл тақырып көтерді. Жазушы әйел психологиясын сырттай бағаламай, оның ішкі жан арпалысын терең зерттеуге ұмтылды. Шолпан трагедиясы — тек перзент сүйе алмаған әйелдің қасіреті емес, қоғам қалыптастырған «әйел міндеті» ұғымының астында жаншылған тұлғаның трагедиясы. Сондықтан шығарманың құндылығы оның оқиғасында емес, адам жанының психологиялық дәлдікпен ашылуында жатыр. Бір ғасыр бұрын жазылған мәтіннің бүгін де әсерлі қабылдануы — Мағжан прозасының уақыттан биік тұрғанының дәлелі.
Осындай күрделі психологиялық материалды сахналау режиссерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі бұл шығармада драматизм сыртқы әрекеттен емес, үнсіздік пен ішкі күйреуден туады. Астана қаласындағы Қаллеки театры сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Гүлсина Миргалиева ұсынған «Шолпанның күнәсі» қойылымы осы өзекті тақырыпты бүгінгі көрерменмен байланыстыруға талпынған.
Қойылым Шолпанның «Жаратқан, бала бере гөр!» деген жанайқайға толы монологымен басталады. Бұл – бірден эмоционалдық шиеленіс орнатуға бағытталған шешім. Алайда, ары қарайғы драматургиялық даму бұл бастапқы қарқынды ұстап тұра алмайды. Әсіресе, түпнұсқада біртіндеп ашылатын Сәрсенбайдың бедеулігі сахнада ешқандай интрига тудырмай, бірден жария етілуі қойылымның негізгі конфликтісін әлсіретіп, кульминациялық әсерін бәсеңдетеді.
Егер режиссер бұл ақпаратты бірден ашпай, Шолпан мен Сәрсенбай арасындағы психологиялық қашықтық арқылы біртіндеп жеткізсе, көрермен кейіпкерлер трагедиясын тереңірек сезінер еді. Мұндай тәсіл драмалық интриганы сақтап қана қоймай, спектакльдің эмоционалдық кернеуін де күшейтер еді.
Басты рөлдегі Шолпан бейнесін Арай Омарова мен Бегімнұр Қалила сомдайды. Екі актрисаның интерпретациясы бір кейіпкерді екі түрлі психологиялық табиғатта ұсынады. Бегімнұр Қалила образды көбіне сыртқы эмоция мен көтеріңкі экспрессия арқылы ашуға ұмтылады. Алайда мұндай тәсіл кей сәттерде Шолпанның ішкі қайшылығын жеңілдетіп, трагедияның психологиялық салмағын әлсіретіп жібереді. Эмоциялық айқай мен сыртқы реакция басым түскен тұстарда кейіпкердің ішкі күйзелісі толық тереңдей қоймайды.
Ал Арай Омарова, керісінше, образдың ішкі драматизмін дәл психологиялық штрихтар арқылы аша алған. Оның ойынында ішке жиналған күйзеліс пен үнсіз арпалыс басым сезіледі. Актрисаның пластикамен жұмыс істеуі ерекше назар аударады. Әсіресе Шолпан мен Сәрсенбайдың танысу сахнасында арыққа су алуға келген Шолпанның тайып құлап, Сәрсенбайдың оны құтқарып қалатын эпизоды актерлік шынайылық тұрғысынан сәтті шешілген. Судан шыққаннан кейінгі тоңып қалшылдауы, су болған көйлегін қысып сығуы секілді ұсақ пластикалық әрекеттер арқылы Арай Омарова кейіпкердің физикалық күйін ғана емес, ішкі абыржуы мен нәзік психологиялық толқынысын да табиғи жеткізе алған. Мұндай дәл пластикалық детальдар актрисаның образбен терең жұмыс жүргізгенін көрсетеді.
Сәрсенбай бейнесін сомдаған Қобыланды Болат сыртқы типаж жағынан кейіпкерге барынша сәйкес келгенімен, оның ішкі драмасы толық ашылмай қалады. Кейіпкердің ер азамат ретіндегі дәрменсіздігі мен ішкі күйзелісі көбіне сыртқы қалып деңгейінде ғана көрінеді. Ал Жанат Оспанов, керісінше, сыртқы типаж жағынан қарапайымдау көрінгенімен, образдың психологиялық табиғатын әлдеқайда терең аша алған. Оның ойынында ішкі қысым, үнсіз күйзеліс және тағдыр алдындағы дәрменсіздік анық сезіледі. Сондықтан актер кейіпкер трагедиясын көрерменге эмоциялық тұрғыдан әлдеқайда нанымды жеткізеді.
Сонымен қатар Арай Омарова мен Жанат Оспановтың құрамы сәтті таңдалған сахналық серіктестік деуге болады. Кейіпкерлер арасындағы эмоционалдық тәуелділік пен бір-біріне деген ішкі тартылыс жасанды пафоссыз-ақ сенімді сезіледі. Әсіресе диалог кезіндегі пауза, үнсіздік және көзқарас алмасу сәттері олардың қарым-қатынасының психологиялық табиғатын тереңдете түседі.
Жоғарыда аталған Шолпанның өткенді еске алуы арқылы берілетін Сәрсенбаймен арық бойындағы танысу көрінісі — режиссер тарапынан қосылған жаңа сахналық шешім. Алайда бұл эпизодта су бейнесін жарық пен дыбыс арқылы шартты түрде жеткізуге талпыныс болғанымен, сахналық иллюзия толық қалыптаспайды, нәтижесінде қажетті атмосфераны тудыра алмайды. Көріністегі шарттылық көркем метафора деңгейіне көтеріле алмай, техникалық шешімнің әлсіздігін айқындап қояды.
Есесіне қойылымда сәтті шыққан бір көркем шешімді ерекше атап өткен жөн. Сәрсенбайдың көршісінің үйінен оралып, ондағы балалардың қылықтарын тамсана баяндауы Шолпанның ішкі әлеміне ауыр әсер етеді.
Дәл осы сәтте «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген ойға берілген кейіпкер терең толғанысқа түседі, ал сахнада жарықтың қызыл түске ауысуы оның психологиялық күйзелісін айқын көркемдік метафора ретінде ашады. Бұл шешім Шолпанның ішкі драмасын сыртқы артық эффектісіз-ақ дәл әрі әсерлі жеткізген сахналық табыс деуге болады. Бұл тікелей жарық қою бойынша суретші Азамат Бекбембетовтың жетістігі.
Дегенмен сахналық шешімдер бірқатар сұрақ туындатады. Декорацияның мүлде болмауы және барлық әрекеттің бір ғана кеңістікте өрбуі спектакльдің визуалдық динамикасын әлсіретіп, бірсарынды әсер қалдырады. Төбеде ілулі тұрған сакура стиліндегі ағаштың символикалық қызметі де толық ашылмаған: ол сахналық әрекетпен де, кейіпкерлердің психологиялық күйімен де байланыс орнатпайды, не гүлдеп, не жапырағы солып өзгермейді, яғни ешқандай да драмалық жүк көтермейді. Соның нәтижесінде бұл деталь көркемдік мәні айқындалмаған артық декоративті элемент ретінде қалып қойған. Мұндай символикалық объектілер сахнада тек визуалдық безендіру емес, драматургиялық мағына тасымалдаушы құрал ретінде жұмыс істеуі тиіс еді.
Қойылымның тағы бір әлсіз тұсы – динамика. Үнсіз үзілістердің көптігі, актерлердің әрекеттерінің баяулығы спектакльді монотонды сипатқа жеткізеді. Уақыттың шамадан тыс созылуы мазмұнды тереңдетудің орнына, керісінше, көрерменнің қызығушылығын төмендетеді.
Эстетикалық тұрғыдан күмән тудыратын тұстар да бар. Тұрмыстық детальдарды әсірелеу, мысалы Сәрсенбайдың дастархан басында түшкіретін сахнасы немесе төсектегі орынсыз физиологиялық әрекеті көркемдік деңгейді төмендетіп, қойылымның жалпы әсерін әлсіретіп жібереді. Мұндай шешімдер драманың поэтикалық табиғатына тым қайшы келеді.
Қимыл-қозғалыс пен пластикаға құрылған сахналар, әсіресе төсек көріністері, ұзақ әрі дәлелсіз созылып, драматургиялық негізін таппай қалған.
Егер режиссер сахналық темпоритмді актерлік әрекет пен пластикалық қозғалыс арқылы әртараптандырса, қойылымның эмоционалдық динамикасы сақталар еді.
Музыкалық сүйемелдеудің де бірізділігі жоқ: кей әуеннің басқа қойылымнан алынғаны байқалып, бұл режиссерлік тұтастыққа нұқсан келтіреді. Қойылымға арнайы музыкалық концепция жасалып, лейтмотивтік әуендер қолданылғанда, сахналық атмосфера әлдеқайда жинақы әрі эмоционалдық тұрғыдан әсерлі шығар еді.
Алайда қойылымның ең үлкен кемшілігі – финалдың сәтсіз трансформациясы. Әсіресе түпнұсқадағы Шолпанды «күнәсінен тазарту» мақсатында мұздай су құятын финалдық эпизодтың қойылымнан алынып тасталуы шығарманың трагедиялық қуатын айтарлықтай әлсіреткен.
Мағжан осы көрініс арқылы қоғамның әйелге жасайтын рухани зорлығын, «ар тазалығы» ұғымының қатігез сипатын және тобырлық моральдың қатыгездігін аса күшті психологиялық деталь арқылы ашқан еді. Ал Шолпанның басына құйылған мұздай су сәтіндегі «бүкіл өмірі найзағайдың отындай жарқ етіп өтті» дейтін жері - кейіпкер санасындағы соңғы рухани күйреудің символдық шарықтау шегі. Өкінішке қарай, режиссер дәл осы трагедиялық кульминациядан бас тартып, оның орнына заманауи эффектіге құрылған жасанды финал ұсынады. Нәтижесінде гендер-пати сипатындағы элементтер шығарманың философиялық тереңдігі мен психологиялық салмағын әлсіретіп, драмалық қуатын көмескілендіріп жіберген.
Негізінде, бұл шығармада драматургиялық құрылым – экспозиция, шиеленіс, кульминация және шешім – толық қалыптасқан. Сондықтан режиссерлік интерпретация күрделі ізденісті емес, дәл әрі ұқыпты сахналық іске асыруды талап ететін еді. Өкінішке қарай, қойылымда осы қарапайым қағида сақталмаған.
Қорытындылай келе, «Шолпанның күнәсі» қойылымы терең идеяға құрылғанымен, режиссерлік шешімдердің бірізді еместігі мен драматургиялық негіздің бұзылуы салдарынан өз әлеуетін толық аша алмаған, мазмұны мықты, бірақ сахналық жүзеге асуы әлсіз қойылым.
Жұлдыз Капезова
театртанушы
Abai.kz