Шерзаттың ісі: Сот әділ үкім шығаруды қамтамасыз етеді!

Шерзат ісі бойынша кезекті процесстің алдында судья Ержан Жанұзақов үндеу жасап, сотқа қысым жасауға жол берілмейтіні туралы мәлімдеді.
Ержан Жанұзақов:
Құрметті сот процесіне қатысушылар!
Әлеуметтік желілерде іске мүлдем қатысы жоқ блогерлер мен басқа да азаматтар тергеу әрекеттері мен сот талқылауы барысына қатысты жеке пікірін білдіріп, субъективті баға беріп жатыр.
Осыған байланысты еске саламыз: Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Сонымен қатар, сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі сот қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және ол заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Іс қаралып бітіп, үкім шығып және ол заңды күшіне енгенге дейін сот процесін түсіндіруге, әсіресе оған құқықтық баға беруге жол берілмейді.
Сот іс бойынша барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге, айыптау мен қорғау тараптарының дәлелдемелерін тексеруге міндетті. Істі қарайтын судья тәуелсіз әрі объективті болуы, істің нәтижесіне жеке мүдделілігі болмауы және мүдделі тараптардың ықпалына түспеуі тиіс.
Сот тек заңға сүйене отырып, бейтарап төреші ретінде әрекет етеді.
Қазіргі уақытта іс сот тергеу сатысында. Қорытынды үкім әлі шығарылған жоқ. Сот шешімді тек объективті және даусыз дәлелдер негізінде қабылдайды. Үкім шыққанға дейін сотқа қысым жасауға, негізсіз және дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді.
Іске қатысты субъективті пікірлер таратуға болмайды. Бұл кейбір жағдайларда сотқа қысым жасау әрекеті ретінде бағалануы мүмкін.
Сот жүйесіне құрмет көрсету және сотқа деген сенім — құқықтық мемлекет пен әділ сот төрелігінің негізі болып табылады.
Осыған байланысты блогерлер мен басқа да желі қолданушыларын арандатушылық сипаттағы әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз.
Сот процесі ашық түрде өтіп жатыр және сот объективті әрі негізделген үкім шығаратынына кепілдік береді.
Abai.kz