Жұма, 16 Мамыр 2025
Жаңалықтар 240 0 пікір 15 Мамыр, 2025 сағат 14:15

15 мың адам алимент төлеуден қашып жүр

Сурет: Сурет: ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтынан алынды.

 Жыл басынан бері елімізде алимент төлемегені үшін 126 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрлігі Міндетті атқару комитетінің төрағасы Махсат Балабеков айтты.

«Әлеуметтік маңызды санаттардың бірі саналатын алимент өндіріп алу бойынша орындау үшін 285 мың құжат тіркелген. Олардың ішінде 278 мыңға жуық құжат мерзімінде өндіріп алынып жатыр. Яғни, алимент борышкердің жұмыс орнынан ай сайынғы жалақысынан ұсталады. 2025 жылы алимент бойынша өндіріп алынған берешек сомасы 1,6 млрд теңгеден асады. Ал, проблемалық алименттер саны 15 мыңды құрайды. Олар бойынша берешектің мөлшері шамамен 19 млрд теңгеге жетеді. Бұл құжаттар бойынша борышкерлер төлем жүргізбейді», - деді ол.

Оның айтуынша аталған борышкерлерге қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.

«Атап айтқанда, сот орындаушылары ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, борышкерлердің автокөліктерін арнайы айыппұл тұрағына қамау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Одан кейін берешекті өндіріп алу үшін мүлік сатылады. Қазіргі таңда жеке сот орындаушылары борышкердің табысын қасақана жасыруының алдын алу үшін олардың электрондық ақшалары мен жасырын кірістерін анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізуде», - деді комитет басшысы.

Махсат Балабеков борышкерлерге қатысты қолданылатын шаралардың ең соңғысы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту екенін атап өтті.

- 2025 жылы 1 596 борышкер әкімшілік жауапкершілікке, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 123 борышкер, 430-бабы бойынша 3 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - деді ол.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2663
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4337