Дархан талант иесі

Жақсылық Сәмитұлы туралы
1993 жылдың мүбәрәк сәуір айы. Алматының сағымдай құбылып, сабындай бұзылатын құбылмалы 4-ші сәуірі, түске дейін бұлыңғырланып тұрып, түс ауа жайдарланып сала берді.
Біз Жағда Бабалық, Қабдеш Жұмаділ, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айт, Қажытай Ілияс, Оқап Қыдырхан, Қапшағай қалалық сотының басшысы Белгібай Сахари қатарлы оншақты адам «Сайран» автостанциясында жиналып тұрғанымызға бірқанша сағат болған.
Бұл күтістің жөні бөлек күтіс, былайша айтқанда 1963-жылдан бергі 30 жыл бойы мүлде тоқтап-тоқырап қалған қазақ көшінің алғашқы қарлығаштарын қарсы алу күтісі болатын.
Иә, Қытайдан 30 жылдан кейін, екі елдің арасындағы түсіністіктің нышаны ретінде заңды жолмен қытай қазақтарына аты мәлім жазушы Жақсылық Сәмит бастаған төрт қаламгер отбасын алып келе жатқан автобус көлігін тағатсыздана күтіп тұрмыз.
Табан аумай 6 сағат тік тұрып күткен жолаушыларымыз мінген автобус та ентіге келіп тоқтады.
Өз басым бұрын-соңды түр-түсін көрмеген қаламдас бауырлармен құшақтаса қауышып көзжастарына ерік беріп біраз кемсеңдеп алдық.
Оларды күтіп алған өкімет емес, осы тұрған тілеулес ағайын болғандықтан алдын-ала келісіп алғанымыз бойынша мен Жақсылық Сәмитті сол тұста қаланың іргесіндегі Райымбек ауылына алып кеттім.
Райымбек ауылында 1992-жылы Моңғолдан көшіп келген белгілі жазушы Жақсылық Сәмиттің немерелес ағасы Сейітхан Әбілқасым тұрушы еді. Ол кісі Түркияда тұратын Дәлелхан Жаңа Алтай дейтін ақсақал сатып алған үлкен үйде әйелі мен кішкентай қызы үшеуі тұратын. Жақаңды уақытша сол үйге орналастыруға келіскен болатынбыз.
35 жылдан бері бірін-бірі көрмеген бауырлар жылап-еңіреп көрісті. Содан былай қарай біздің үй мен ағайынды қос жазушының отбасы жиі араласып, екі күннің бірінде дерлік бас қосып өткен-кеткен тағдыр тауқыметтері жайлы, шығармашылық өмірбаяндарымыз жайлы ұзақ-ұзақ әңгіме дүкен құрысып бір жасап қалушы едік.
Біз күн өткен сайын жақындасып, көрмесек тұра алмайтындай жағдайға жеткенімізді мойындай бастадық.
Бізді сонша етене бауырдай туыстастырып жіберген тек тағдырластығымыз ғана емес, эстетикалық талғам-талабымызбен шығармашылық өмір тіршілігіміздің біте қайнасып кеткендігінен болса керек.
Сөйтіп, бара-бара бауыр басып кеткен сүйікті ағаларым Сейітхан ақсақалдан 1997 жылы, Жақсылық ағадан 2008 жылы айрылып қамкөңіл болып қалдым. Бір жұбаныш етер, көңілге медеу тұтарым – ол ағаларым жайлы, олардың тамаша шығармашылық әлемін ашуға талпынған, дер кезінде жазып қалдырған күнделіктерімдегі жүрек жарды сөздерім болып қалған екен...
Енді күнделік беттеріне түскен кейбір жүрек лүпілін, әдебиет дейтін киелі өнерге, көркем прозаның тылсыматтарын ашуға тырысқан талдауларымды оқырмандар назарына ұсына отырып марқұмдар рухына тағзым еткім келді.
19.04.1993 жыл, дүйсенбі.
Күн бұлыңғыр, шымылтыр, суық қабақпен түнеріп тұр...
Мына қызықты қараңыз. Мен күтпеген жерден. Ойым түгіл түсіме енбеген талайдан бері тұрлаусыз, мағынасыз рухани ашаршылыққа ұрынып жүрген бір әре-тәре күндерімде мамырайқан шабыт шуағына шомылып, жан жүрегім өрекпіген, толқынған, іштей түлеген бір ғажап күйге түскенімді байқап жүрмін. Менің мына жасымда мынадай тұйықталған, тоқтап тоқыраған, рухани һәм тұрмыстық (жұмыссыз жүрген кезім) жағдайымда тәңірден мың мәрте жалбарына тілеген еміне сұранған азапты бақытым бәр-бәрін ұмыттырар алданышым, жүрек қалауым не болды екен? Бәлкім, осындай бір жан, рух шарпысуы, зіл-зала шабыт сілкінісі емес пе екен? Әттең, сондай бір асыл арманды, таудай талапты, дүлей екпінді минуттарым мен сағаттарға, күндерім түндерге апталарым айларға ұласар ма екен!? Көз бұлдырлап, тіл былдырлап кекестенсе де Алла тағала адал еңбектен, көз майы жүрек қанымен жазылар дүниелерімнен айырмаса, тыным-тыныштық, тоқтау-толас бермесе екен деп тілеп жүрмін.
Ебепке – себеп. «Сөзден сөз туады, сөйлемесе қайдан туады. Кезі бір келген күндерде келіннен бұрын қыз туады» деп қырғыз бауырлар тақпақтайды екен. Шынында, себепсіз не бар бұл жалғанда. Жатқан қоянды қашқан қоян үркітетіні сияқты 1991 жылы менің тоқыраған қаламыма Оралхан Бөкей бауырым түрткі салғандай болып еді. «Ұйқым келмейді» сыйлаған берекелі минуттардан басталған ұбақ-шұбақ шабытты күндер мен түндердің тізі осы дәптер бетінде сайрап тұр.
Енді мінеки, Жақсылық бауырым сыйлаған «Ақ сәуленің» арайлы нұры менің тұманды, меңіреу шатқалдай мүлгіген жүрек түкпірімді жарқыратып, жыл келгендей жылылық, ізгілік шуағына шомылдырып жіберіпті. Сарайым ашылды, бас сүйегімнің ішіне ми қатпарларына ұйлыға шөгіп еңсені басып тұратын бір беймаз, бейдауа әрі-сәріліктен арылғандаймын.
Бұл дүниеде мықты жазушылар көп қой, бірақ бар ұлылық, барлық уақытта, барлық адамға оның ішінде мен сияқты өзіне өзі ұнай бермейтін қырсық қаламгерге шапағатын тигізе бермейді-ау. Күндердің бір күнінде бір жағдайлардың бір ғана шығарманың нәзік те тылсым еліктіргіш қуаты сенің жүрек қылыңды дәп басып, Архимедтің сиқырлы сүймені қолыңа түскендей талайдан бері қанша күшенсең де орнынан жылжыта алмаған қырсықтың зіл батпан қара тасын жолыңнан сылқ еткізіп аударып тастай салуы әбден мүмкін.
***
Әлқисса, мен Жақсылық шығармаларымен сонау 80-жылдардың бас кезінен радио арқылы таныспын «Гүлсара» атты повесін Шинжияң халық радио станциясынан тыңдағам. Радио повесті апталап жалғасты түрде берген болатын.
Апыр-ау бұл кім болды екен, мен білетін шығыс-түркістандық қаламгерлерден мүлдем басқа сарынды, терең ағысты, иірім-иіні мол бір жаңа дүниеге кезіккенімді біліп күнделік дәптеріме (Жақсылық Сәмит – бұл кім?) деп жазып қойған едім. Талай жерде оның атын айтып сұрастырып та жүрдім. Кейінірек (1991 жыл болар) «Әке бейіті» деген әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінен оқып «тамаша» деп сүйсінгем. Шынында бұл әңгіме асырып айтсам нағыз классикалық деңгейге көтерілген үлкен жазушының айта қаларлық кемел туындысы еді. Қысқалық, дәлдік, образдылық, психологиялық тереңдік, жан дүние толғанысының шиыршық ата ширатылып, буырқанып барып өз уғында, өз орынмен сыртқа ашылатындығы сөйтіп, диолог шарпысының ғаламат жарқылы, нұр сәулесі оқырман көз алдымда ойнап тұрғандай болатын. Қас-қағым сәттегі үш адам – Жүкең, Бөкен, Ерубай (Жүкеңнің кемпірі де үлкен тұлға) арасындағы жауаптасулар мен сәттік шегініс арқылы тұтас бір ғасырдағы, тұтас бір халықтың жан түршігерлік, құлақ естіп, көз көрмеген зұлмат тағдырын ашып бере алуымен жазушыны құттықтауымыз керек.
Ұлылықты, классиканы сырттан, алыстан, басқа халықтан іздеп абырой-атақты өзімізге қимайтын ит мінезімізді, өгей, тасбауырлығымызды бір сәтке тыйып, емірене білсек қазақ деген дана халықтың жаңа атқан бостандық таңының шырқау көгіне Жақсылық Сәмит атты бір жарық жұлдыздың көтерілгенін көріп шаттана қуанған болар едік. Иншалла, қуанып, құтты болсын айтып та отырмыз, мінеки!
«Ей, құдай тағала-ай, қабырдың топырағына да таластырдың-ау!» – деп ышқына айғайлап, өкіріп қоя берген Ерубайға қаны, намысы бар қазақ баласы үн қосып, «ой бауырымдай» аттандап, ХХ ғасырда атсыз, атақсыз тіпті моласыз жоқ болып жойылып кеткен үш-төрт миллиондық қандас бауырларымыздың құнын даулап, жоғын жоқтап қытай мен орыс отаршылдарының қанды мойын жағасына жармасқың келеді екен. Кек қылышын қайрап, жаның жай таппай ереулдей өрекпи бастғаныңды сезесің.
Әлқисса, өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңынан бастап диктатор Маузедұң жүргізген жаппай қудалау мен солақай асыра сілтеудің, жойымпаз коммунистік ұрандардың құрбаны болған миллиондардың бірі Бөкен мен Ерубайдың әкелері аштан өліп, бір тұмсықтың аржағында тоған қазып жатқан балаларына хабар бергізбегендіктен өлмелі Жұкең қария қатты науқастанып қалжырағанына қарамай сірескен тоңды сабан өртеп жібітіп жүріп екі сүйекті бір қабырға жерлегендігі жайлы мұңлы сыр шертеді.
Әке алдындағы перзенттік борыштарын өтемекші болып бейіт басын қарайтуға талпынған екі бейбақ мола басында осылай тоқайласады. Сырттай қарағанда қазақы өзімшіл ауылдық мінез-құлық уақыт дүрбелеңі тудырған саяси сұмдықтың құрбандарын жоқтаудың өзіне кедергі келтіріп еңжарлық етеді. Қабырдың топырағына таласып, жағаласып болып бар шындыққа көзі жеткенде де кесапат кесірдің, бәле-қазаның қайнар көзін іздеуге екеуі де құлықсыз болып шығады. «Ей, құдай тағала-ай» ашу-ызасын, өкпе-наласын еш күнәсіз құдайға арнайды. Зұлымдық жүргізіп отырған қызыл өкімет, оның жойымпаз саясаты, азған заман, заманға күйлеген бейшара жандайшаптар мен оның қақ басында тұрған диктатор туралы ойлап та ойланып та қоймайтын сияқты. Бірақ та жазушы назалы қаралы кейіпкердің шарасыз бай-байын ышқынта айғайлату арқылы ойлы оқырманға қанды мойын құныкердің кім екенін ишаралап, нұсқап та тұрғанын ұғады-ау, сірә.
Жазушылық шеберлік, жымнан, түнектен жол тауып шыққан көркем тәсіл, аз сөзбен көп мағына ұқтыра білу шебердігі деген осындай-ақ болар.
Жақсылық қуантқан тамаша дүниелердің қатары бәраз. «Ақ сәуле», «Арманның ақ құсы», «Қаданның қатын баласы» әсіресе, біз сөз еткен «Иендегі екі бейіт» әңгіме, повестері белгілі дәуірлік шындықты аша алуымен «Жаңа бекеттесі» де өзіндік өзгеше өрнегі бар сәтті туындылар екенінде дау жоқ.
Егер үздік шығарманы ұлттық, халықтық мінез-құлықты, сын-сипатты, ғұмыр-тіршілікті бұлжытпай ашып бере алуымен бағалайтын болсақ автордың «Арманның ақ құсы» повесі қазақ әдебиетінен өзіндік орнын ойып алар тұғырлы шығарма. Әуезов, Мүсіреповтер сомдаған халықтық образдар қатарын толықтырар Құрмаш сияқты кесек тұлға жасалғанын танып білуіміз керек. Құрмаш – Бақтұғыл текті кекшіл де ержүрек әрі адал жанды қайсар қазақ. Тез өзгеріп, күрт құбылған қитұрқы заманның мән-жәйін түсіне алмай, оған үйлесе алмай морт кеткен қайран қазақтың көп шермендесінің бірі.
Жазушы алдыңғы планға Нұрғазы сияқты қара ниет, жылпостарды шығарып, соны кінәлі айыпкер ретінде көрсеткісі келгендей болады. Нұрғазы болмаса Құрмаш трагедиясы болмас еді деген жаңсақ ұғым тудырады. Ал, Нұрғазыға жел беріп, дем беріп желеп-жебеп отырған қандай күш, қандай адам. Нұрғазы сөзін өткізер, соған жағдай жасар қытай өкіметі болмаса ол не істей алар еді. Құрмаш та оған дес беріп ыға қояр ма еді? Бұзылған заман, қатігез заң өктемесе қазақтың мына кең даласында Құрмаш қыранының қызығын көріп сайран салып жүрмес пе еді?
Ал, анау «Иендегі бейіт» тұтастай қазақ халқының ұзақ тарихындағы сансыз қайғы-қасіретінің оқшау бір белгісіндей, қаралы ескерткішіндей, бөлінгенді бөрі жейтін, алтыбақан алаауыздықтың бізге қандай сойқанды-жобалаңдар әкелгенін тағы да бір рет ескертетін тағылымдық дүние екен.
Жазушы Жақсылық шығармаларынан әсіресе «Иендегі екі бейіт» біз тағлым алар бір сұмдық тарихи шындық бар: Бұл жақта орыс отаршылдары, ол жақта қытай отаршылдары мұсылмандарды мұсылмандарға айдап салып тыңшылыққа, баскесерлікке жұмсау арқылы атадан балаға кешпес кек, айықпас араздық зәһарын себетіндігі. Тарихқа қарап отырсақ, қытайлар Шығыс-Түркістанды отарлау жолында дұңғандар мен манжұрларды кейін келе моңғолдар мен ұйғырларды қазақ пен ұйғырларға шүйлеп салатындығы аянышты-ақ. Дінді, діндестікті, туыстықты перде етіп сенгіш, аңқау мұсылмандарды алдап соғу тұтас тарихи сипат алған десек асыра айтқандық болмас. Қолына құран ұстап, мойынына белбеуін асып ант ішкен Ви дарын сияқты қара ниеттердің өлермендігіне, ардан, ұяттан, иманнан безген кәззаптығына сенбеуге Қылаң сияқты ер көңіл, аңғал, бірбеткей, діндар қазақтың шарасы жоқ еді. Мұндай мысалдарды әдеби шығармалардан ғана емес күнделікті өмірден де көптеп кездестіретініміз шындық қой. Жазушы Қылаң трагедиясы арқылы баршамызды тағы бір рет ескертіп, дос пен дұшпанды айыра білмеудің қаншалық қасіретті екенін тағылым етіп көрсетеді.
05.05.1993
Көңіл күйім жаман емес «Кішкене әңгіме көтерген үлкен жүк» атты сын зерттеу жазып бітірдім. Шабытпен, сүйіспеншелекпен жазылды. Таңғы төрттер шамасында соңғы нүктесін қойдым. Шүкір, шүкір аз да болса жұмыс - жаным сүйген жұмыс тындырдым.
Мынау Жақаң мені мүлде баурап алды. «Айым менің», «Саған бақыт тілеймін» әңгіме-повестері табысты шыққан дүниелер екен. Әсіресе соңғы повест өзім аса құрметтеп тәнті болатын психологиялық тебіреніске құрылған нағыз классикалық прозаға тән сипаттар мол, байсалды шығарма. Шығыс-Түркістан түгілі Қазақстан прозашыларының қолы жетіп үлгірмеген, кемелденіп, толысып бола алмаған асқақ арманға Жақсылық бауырым едәуір жақындапты. Әсіресе, өнер адамдарының нәзік те қорғансыз жан жүрегі, сүюге де күюге де толық дәрменсіз, баянсыз табиғаты, адалдықтан, аңғалдықтан ойыны осылып, омыртқасы үзіліп жататын аянышты қалдері нанымды суреттеліпті.
07.06.1993
Жақсылықтың «Ата мекен» повесін оқыдым 1982 жылы жазылыпты, жақсы-ақ дүние. Әттең, тұзы бір жерге көп, бір жерге аз түскен палаудай іркіс-тіркіс ала-құлалық та бар екен. Өзі қанша жақсы көрем дегенмен «Иендегі екі бейітке» жетпейді-ау.
14.06.1993
Дүйсенбі, күн ашық.
Кешелі бері тағы да Жақаңды айналдырдым. Өзінің өтініші бойынша «Ата мекенін», «Гүлсарасымен» салыстырып көру үшін, әрі өзім көптен сары майдай сақтап, соңына сырғытып жүрген повесті оқуға кіріскем. Өзім бірыңғай шығарма жазып кетерге бір шарт әлде бір соңғы көмбе іспетті бір жоралғыға жорығанмын. Онша қателеспеген екенмін. Жалпы алғанда «Гүлсарамен» ертеректен таныс екенімді, радиодан естігенімді жазғанмын да сол кездегі тәтті әсер, жоғары бағам алдамағанына қуандым.
«Гүлсара» лирикалық, қасіретті махаббат жыры өзімнің «Сырымды айтам» повестіммен табиғаттас, тағдырлас. Көлемі 200 беттей. Дегенмен, егер бүгінгі кемел талаппен қайта қарап үстінен шырпи, қырпи қарап шықса көлемі одан көрі ықшам, шымыр дүние болып шығар ма еді деп ойладым.
«Гүлсара» қытайлық социализмде ойран болған қазақ отбасыларының тағдыры, аяқ асты болған қыршын жігіттер мен ару қыздарымыздың намысын жоқтауы, қор болып құсалықтан дертке шалдығып, ажал құшқан мыңдардың аянышты тағдыры жөнінде жазылған азалы жоқтау іспетті шығарма. Басына шеге қағып, қарғаша салсаң да селт етпейтін дүлей Құмаштарға қараған ел тағдыры, арулар тағдыры, ата-ене, әке,-шеше тағдыры қандай болмақшы еді. Құмаштың кім екенін, олардың қытай қоғамында қандай рол атқарғанын білу үшін повесті оқу аздық етеді, повест оқырманды бей-жәй қалдырады, сендіре алмайды дегендіктен емес, сол бір қарғыс атқан есалаң, құбыжық «Құрымбайлар» билік құрған 60-70 жылдардағы қытайлық социализмді, тұрпайы «Мәдени революцияны», жиып айтқанда анайы-қытайлық өмірді мынау бейтаныс қазақстандық жұртшылық түсіне алмай қалар ма екен деген күдік бар. Сондықтан онда сөз болған әрбір оқиғалар мен саяси ұрандар, атаулар тіпті жеке сөздерге түсінік беруге де тура келетін сияқты. Яғни, 1958 жылдан басталған қытайлық социализмнің дүрбелеңге, қан-қасапқа толы 20 жылындағы қанды соқпаққа арнаулы анықтама беру керек-ақ.
Гүлсараның бақытсыз, сормаңдай әке-шешесін зарлатқан, өзін құсалықпен өлтірген Құмаштар Маозедұң идеясымен қаруланған миллиондаған бас бұзар, жойымпаз тобырлардың типтік өкілдері еді. Құмашта әке де, шеше де, дос-жар да, халық, ұлт дегендер мүлде жоқ, сондықтан онда қасиетті махаббат туралы түсініктің елесі де жоқ. Онда тек алдына көлденең келгенді қағып, қиратып, зар қақсатып, сыпыра жоюға деген қызыл көз қатігездік қана бар. Повест аты шулы «Мәдениет төңкерісінің» алдындағы «социалистік тәлім-тәрбие» дейтін мәймөңке науқан кезінен басталып, жаппай қырып-жоюмен аяқталған «Мәдениет төңкерісінің» лаңы мен аяқталады.
Гүлсара сол қияң кескі террор заманының Маолық қанды төңкерістің – қытайлық социализмнің құрбаны, оның туылуы, өсіп ержетуі ата-ана мақтанышы болып бой жетуі қандай табиғи болса, осындай қара түнек қоғамда дертті болып құсалықпен өлуі де сондай табиғи. Жазушының шеберлігі де сондай болмай қоймас аянышты тағдырды ашып беруінде. Махаббатқа, достыққа, бауырмалдыққа адал ақсақ жігітіміз негізгі планда алынғанымен Гүлсара тағдырының жәй бір себепшісі, куәсі ғана. Гүлсараның әкесі ер көңілді, әділ сондықтан да бірбеткей, қиқар қара қазақтың бірі, көп соғылып тәлкеке түскен, ақыры бала-шығы, өрен-жараны түгілі өз басын арашалап, қорғап қалуға шарасыз қалған бейбақ қазақтың бірі.
Қазақ оқырмандары ескеруге, білуге тиісті бір сойқанды шындық бар, ол қытайлық социализм дегеннің қаралы шындығы.
Қытайлық коммунистердің күрес-тәсілі тек қытайша болды. Қытайда чи сы-құсаландырып өлтіру деген сөз бар, қытайлар өз жауларын топты халық алдында итше атып тастап та күш көрсетеді. «Маймылдың алдында тауықты жазалау тағылымы» деп атайды оны. Ал, көпшілік жағдайда тап жауы дегендерге «саяси қалпақ» кигізу арқылы жылдар бойы бала-шаға, ел-жұрттың көзінше масқаралап, ұрып-соғып, тілдеп ит рәсуасын шығарады. Күні бойы ауыр жұмыстарға салып, кеште көпшіліктің алдына шығарып ойына келген тән жазасын береді. Қылмысын мойындатуға зорлайды, бұл жылдарға созылады, өлмей құтылмайды. Сондықтан шорт мінезді, намысқой адамдар бұл қорлыққа шыдағанша өзін-өзі мерт етуді шығар жол деп таңдайды. Гүлсараның әкесі де әне сондай жол іздеушінің бірі еді. Нәзік жанды Гүлсара әрине, ондайға бара алмайды. Оның өлімі құсалық өлім, азапты өлім.
Повест психологиялық тереңдіктің, адам жанының шырқырай шыңғырған жан даусының, өксікті қайғы-қасіретінің тұңғиық иірімдеріне құрылған. Қазақ әдебиетінің өзіндік табысы.
Әлімғазы Дәулетхан,
Қазақстан Жазушылар одағының құрметті жазушысы
Abai.kz