Украин дрондары талқандап кеткен КТК қайта іске қосылды...

Каспий құбыр консорциумы (КТК) үш айға созылған үзілістен кейін қайтадан толық қуатына шықты.
Биыл ақпанда Украина дрондарының шабуылынан кейін Ресейдегі негізгі сорғы станциясы – Кропоткин зақымданып, қазақ мұнайының экспорты айтарлықтай қиындыққа ұшыраған.
Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, құбыр қайта толық қуатында жұмыс істеп, Қазақстан тәулігіне 1,6 миллион баррель мұнайды әлемдік нарыққа жөнелту мүмкіндігіне ие болды.
Қазір КТК жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Құбыр арқылы Ресей мұнайы енді тасымалданбайды. Консорциумның айтуынша, бұл қадам Украина тарапынан жаңа шабуылдардың алдын алу үшін жасалған.
Бұл неге маңызды?
КТК – Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық артериясы. Қазақ мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы өтеді. Оның тұрақты жұмыс істеуі еліміздің экономикалық қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Бірақ Украинадағы соғыс жалғасып жатқандықтан, құбырға төнген қатер толық сейілді деуге әлі ерте.
Abai.kz