Доп додасы: 32 – 17: бір өкініш, бір үміт...
Биылғы әлемдік футбол чемпионатында 1/16 финал ойындары аяқталды. Топтық кезеңнен соң жарысты жалғастырғандардың тең жартысы плей-оффтың алғашқы сұрыптауында-ақ сүрінді. Кей командалар тәуір ойынымен жанкүйер қауымға үміт сыйласа, кейбірі жігерсіз қимылымен көңіл қалдырып, өкіндірді. Біз сол 1/16 финал кезеңінен өте алмаған командаларға шолу жасамақпыз.

Сурет: sports.ru сайтынан алынды.
32-орын. КАБО-ВЕРДЕ (3 ұпай, доп айырмасы 4:5)
Жасыл мүйіс аралдарынан келген жігіттер осы чемпионаттың нағыз ақжолтай жаңалығының бірі болды. Әуелі олар Еуропаның қазіргі чемпионы – Испаниядан ұпай жырып алғанда, жұртшылық «бір ойында не болып, не қоймайды?» десіп, уақытша сенсацияға балаған еді. Кабо-Верде құрамасы топтағы басқа екі қарсыласымен де тең ойнап, келесі кезеңге шыққанда таңданбаған жан қалмады. Ал 1/16 финалда әлем чемпионы – Аргентинамен соңғы сәтке дейін ұстасып, ойын 120 минутқа созылғанда, Дуарте мен Кабрал бірінен-бірі өткен керемет голдар соққанда, 40 жастағы қақпашы Возинья Мессидің бес соққысын қайтарғанда, күллі әлем жанкүйерлерінің көзі жыпылықтап, сенер-сенбесін білмей дағдарды. Жасыл алаңда елдің атауы, команданың атағы, жұлдыздардың даңқы ойнамайды, бапкердің біліктілігі, футболшылардың шеберлігі, командалық механизм, ұжымдық қимыл, мұқалмас мінез ойнайды. Кабо-Верденің жетістігі – осының дәлелі.
31-орын. СЕНЕГАЛ (3 ұпай, 10:9)
Өте қиын топқа түсті, дегенмен үшінші орынмен болса да, 1/16 финалға шығуға лайықты ойын көрсетті. Сенегалдықтардың Бельгияны ұтып кетуге де мүмкіндігі болды, әттең, соңғы сәттерде сәл босаңсып, кешірілмес қателіктер жіберіп алды.
30-орын. АЛЖИР (4 ұпай, 5:9)
Бірі – даңқты Зиданның ұлы болса да айтайық: команданың қақпасын қорғаған жігіттер осалдық танытты. Алжир қақпасына енген голдардың біразын жібермеуге де болар еді. Шабуылда да бапкер сенім артқан ойыншылар күткен үдеден шыға алған жоқ.
29-орын. БОСНИЯ және ГЕРЦЕГОВИНА (4 ұпай, 5:8)
Іріктеу сынында Италияның өзін жолда қалдырған команда Америка жасыл алаңдарында жарқылдап көзге түсті дей алмаймыз. Қатарды ұтуға шамасы келді, бірақ басқалармен иық теңестіре күресуге қауқары жетпеді.
28-орын. АВСТРИЯ (4 ұпай, 6:9)
Топтағы басты фавориттен жеңілді, өзімен деңгейлес командамен тең түсті, дебютантты ұтты. Ойын жағынан «ой, шіркін» дегізерліктей ештеңе көрсете алған жоқ. Келгеніне қуанған, кеткеніне өкінген де ешкім болмады (әрине, австриялық жанкүйерлерден басқа).
27-орын. ШВЕЦИЯ (4 ұпай, 7:10)
Ұлттар лигасындағы тәуір нәтижесі арқылы ғана финалдық турнирге шығуға мүмкіндік алып, Украина мен Польшаны жеңіп, аламан бәйгеге түскенімен, бәрібір Тунистен басқаға басымдық көрсете алмай, еліне ерте қайтты.
25-26-орындар. ЭКВАДОР және ОҢТ.АФРИКА (4 ұпайдан, доп айырмасы да бірдей – 2:4)
Іріктеу турнирінде аса мығым қорғанысымен көзге түскен Эквадор шабуылының азусыздығынан опық жеді. Басқасы басқа, Кюрасаоны ұта алмаған соң не үміт, не қайыр? Күтпеген жерден немістерді жеңіп кетуі – сөнер алдында аяқ астынан жылт ете қалатын жалған үміт екен. Оның туннель түнегіндегі жарық сәуле емес, Мексика атты жүрдек пойыз екенін аңғарғанда бәрі кеш еді.
Турнирдің беташар матчында өте нашар ойнаған Оңтүстік Африка құрамасы кейінгі екі кездесуді өте жинақы өткізіп, 1/16 финалға шыға алды. Әлсіздеу топқа түсуінің пайдасын көрді. Деңгейі де сол еді.
24-орын. ГАНА (4 ұпай, 2:3)
Бұрын бар бақытын шабуылдан іздеуге тырысатын Гана командасы бұ жолы тасқамал қорғанысымен таң қалдырды. Тіпті оларға ағылшын арыстанының да «тісі өтпеді». Бірақ құр қорғаныспен алысқа бара алмайсың ғой.

Сурет: sportbox.ru сайтынан алынды.
23-орын. ХОРВАТИЯ (4 ұпай, 6:7)
Кейінгі жылдары әр турнир сайын жұртшылық «шау тартқан «шалдарына» сенген Хорватия осы жолы топтан шыға алмас» деп болжам жасайды. Бірақ хорваттар үнемі плей-офф кезеңіне шығудан танған емес. Биыл Португалиямен терезесі тең өнер көрсете отырып, жеңілуге мәжбүр болды. Модрич пен Перишич құрамадан кететін шығар, дегенмен хорват елі жас таланттардан кенде емес.
22-орын. КОНГО ДР (4 ұпай, 5:5)
Іріктеу сынында Африканың қос дүлдүлін – Камерун мен Нигерияны ұтып, ала доптың аламанына қиқулап кірген «демократ-конголықтар» өздеріне сенімді, тактикалық тұрғыдан сауатты, жігерлі ойын көрсетіп, тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ағылшын жанкүйерлері Кейнге алғыс айтудан шаршамауы керек. Маңдайдан өшуі неғайбыл бір масқарадан құтқарғаны үшін...
21-орын. АВСТРАЛИЯ (5 ұпай, 3:3)
Керемет ойынымен көзге түскен жоқ, бірақ жақсы қақпашы, мығым қорғаныс, ұйымшыл қимыл, өліспей-беріспес мінез, ерекше ерік-жігерімен шама-шарқынша кез келген командаға қарсылық көрсете алатынын байқатты.
20-орын. ЖАПОНИЯ (5 ұпай, 8:5)
Кейінгі үш әлем чемпионатында да топ жарды. Бірақ үнемі плей-оффтың бірінші кезеңінде-ақ сүрінеді: біресе Бельгиядан (2018 жылы), біресе Хорватиядан (2022), енді, міне, Бразилиядан. Осы үш ойында да жапондар қарсыласынан артық болмаса, бір мысқал да кем ойнаған жоқ. Алайда әйтеуір бірдеңе жетпей қалады (шеберлік пе, төзім бе, мінез бе?). Бас бапкер Хадзиме Мориясу – майталман маман екен. Орнында қалса, келесі додаға бұдан да күшейіп келер?
19-орын. КОТ-Д'ИВУАР (6 ұпай, 5:4)
Күш-қуат дайындығы мығым, техникалық жарағы мықты, анау-мынау фавориттерден ыға қоймайтын мінезді команда. Немістерді ұтып кете жаздады. Норвегтерді де жеңуі мүмкін еді, бірақ «гол-машина» Холандқа дауа бер ма?..

Сурет: championat.com сайтынан алынды.
18-орын. ГЕРМАНИЯ (7 ұпай, 11:5)
Кюрасаоны ойсырата ұтып, соңғы минутта Кот-д'Ивуардан айла асырып, топтан оңай шыққанымен, Парагвайдың нығыз қорғанысын бұза алмады. Пенальтилерді өте нашар орындады. Баяғы тевтондық тегеурін, ақырғы секундқа дейін айқасар адуын мінез, баса-көктей ойнайтын өктем футбол жоқ. Неміс машинасына тән рухтан жұрнақ қалмағандай.

Сурет: deutschland.de сайтынан алынды.
17-орын. НИДЕРЛАНД (8 ұпай, 11:5)
«Ұлт футболына тән шабуылқұмар тәсілге адалдық танытпады» деп айыптайды Рональд Куманды нидерландтық мамандар да, жанкүйерлер де. Шведтер мен тунистіктерді ұту үшін ғаламат шеберлік көрсету шарт емес. Ал ұжымдық ойынның үлгісін көрсеткен жапондарды жеңе алмау (бір гол соғып, есепте алға шыққан соң сол нәтижені сақтап қалу үшін жанталасу – басқа-басқа, Гуллит пен Бергкамп ізбасарларына лайық тірлік пе?), Мароккоға қарсы бес қорғаушымен шығу – қорқақтық емей, әлсіздік емей немене? Ұлт футболының мәнерінен адасқан соң, нәтиже белгілі ғой...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz