Дәурен Қуат.Ескі құда есік қағып тұр…
Кеше, яғни қазаның 4-і күні таң қылаң бере Мұхтар Әлиев мінген ұшақ Лондоннан Алматыға келіп қонғаны туралы ел құлағдар болып қалды.
Кеше, яғни қазаның 4-і күні таң қылаң бере Мұхтар Әлиев мінген ұшақ Лондоннан Алматыға келіп қонғаны туралы ел құлағдар болып қалды.
Сонымен, қарт академик елге оралды. Ол 2008 жылдың наурыз айында денсаулығына байланысты емделу үшін Ұлыбританяға аттанған болатын. Оның өзінде Серікболсын Әбділдин сияқты сар тісті саясаткерлер мен Жәнібек Сүлеев секілді қаламы «от құсқан» белгілі журналистер жабыла қол қойып Ақ Ордадан алдиярлап жүріп рұқсат алып академикті Күн батыс еліне әрең шығарып салған еді. Рахаттың лаңы көпке екібастан белгілі. Бұл шамада Мұхтар Әлиевтің өзі үйіне заңсыз қару сақтады деп айып-ажын тартуға таяған-ды. Алайда, Әлиев «сыйға тартылған бір қаруды ғана тіркеп үлгермеппін, қалғаны Рахаттікі болса керек. Мен оны білмеймін» деп, азар да без болған. Заңсыз қару ғана емес, оған таңыла жаздаған қылмыстың тағы бір түрі бар. Естеріңізге сала кеткеніміз жөн: Бауыржан Мұхаметжанов Ішкі істер министрінің шенін арқалап, шекпенін киген тұстағы баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов журналистермен кезекті жүздесуінің бірінде «Мұхтар Әлиев Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың із-түссіз жоғалауына қатысты күдікті тұлға. Екі банкирді Әлиевтің клиникасында қызмет ететін көк халатты адамдар алып кетіпті» деген сөздің шетін шығарған. Үлкен Әлиев, әрине, мұндай іске де қатысы жоқтығын айтып басын қорғап бақты. Оған Жолдастың әкесі Ғаппар ақсақал жолығып «Жүр, Австрияға барайық. Барып балаңа жолығайық. Мәселенің мән-жайын өз аузынан естіп білейік» деген өтініш білдіріп, қазақы жол ұсынғанда да қабыл көрмеген еді (Бұл турасында «Время» газетінің 2009 жылғы 9 қазанда жарық көрген санында айтылады. «Мухтар Алиев, академик, Жить в Вене я не собираюсь»).
Әйткенменде, Әлиев «Рахатқа жолығамын. Оған ақылымды айтамын. Сабасына түсіремін. Қой, Елбасымен жанжалдаспа деймін» деп Лондонға ұшты. Әрі қартайып, қаусаған шағында уайым шегіп дертке шалдыққан жүрегін емдету үшін де Батыстың білгір дәрігерлерінің ем-домын хош көрген. Атақты кордиолог, Халық қаһарманы, пәленбай жылдан бері Қазақстандағы денсаулық саласын ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстаған академиктің жүрекке ота жасайтын орталық ашқанымен ізбасар шәкірттер дайындай алмай шетелге мүсәпірдің кейпіне еніп аттанғаны сол кезде кімнің де болсын көңілінде аяныш сезімін тудырған. Әлде, академик бұрынғы соңғы атақ пен абыройдың бәрін оңай олжалап келген бе?.. Сөйтіп ол өзі туралы аңыздың ақырын осылайша әшкере еткендей ауру сырқауы көп Қазақстанды тастап шықты. Бірақ, Әлиевтің жаралы жүрегін Батыстың білгір емшілері де жаза алмаған сияқты. Олай деуімізге себеп, Австриядағы Қазақстан елшілігіне келген Әлиевтің қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысып өткен жазда құлап қалғаны туралы Батыс баспасөзі жарыса хабар таратты емес пе? Ендеше, Мұхтар Әлиев алыс елде емделуден гөрі Ақ Орда мен Рахаттың арасында елшілікте жүрген болса, оған жүдә, таң қалмаймыз. Өйткені Рахаттың әлгі жер көкті шулатқан «Өкіл ата» атты кітабы шығып, еліміздің Бас прокуроры қаріп танып, хат оқитынның бәрін қатаң бақылауға кірскенде Мұхтар Әлиев сүрініп-қабынып Австриядағы елшілік үйінде жүрді емес пе? Сондағы там-тұмдап жеткен ақпарттың өзі де бір түрлі. Бір ақпартта «Ойбай, Мұхтар Әлиев баласы құрғырдан күдер үзіпті. Ат кекілін кесісіпті» деп жатса, екіншісінде «Қайдағыыы, оның бәрі өтірік. Елшіліктегі қулар шалға шалықтататын дәрі искетіп есінен тандырып тастапты. Әке мен баланың кетіскен түге де жоқ» десті.
Қысқасы қарт академик отбасына, Отанына оралды. Өзінің замандас құрдастары, анау Ақтөбедегі ел ағасы Зәкіратдин Байдосов, Атыраудағы Хамза Ғабдолла сияқты ақсақалдар Президент Назарбаевқа елді өмір бақи басқара беріңіз деп өтініш айтып жатқан тұста алыстан «алып ақ құстың» қанатын талдырып ұшып жетті. Оның бұл келісі ескі құда (экс-құда емес, қазақта құда мың жылдық) Назарбаевтың намын арттырып, ұпайын түгендей түсері анық. Академик әзірше баспасөз өкілдерімен ұшырасып сөз сөйлеуге құлықсыздығын ашық аңғартты. Бұның өзі «әлі де қалай қалай емес аузыма абай болайынның» белгісі. Неге десеңіз ол Елбасы қабылдайтын болса кездесуге дайын екендігін жасырып қала алмады.
Мұхтар Әлиев Қазақстанға келуінің себебін өз үйінде өзі мырза қонақ болып тұтқында отырған зайыбы Мінаурды алып кетіп емдетумен байланыстырады. Академиктің айтуына сүйенсек, зайбы Мінаурдың қан қысымы көтеріліп басылмай тұрған көрінеді. Ол кісі Рахат істі болғалы әлгіндей дертке шалдығып, ауруханада жеке бөлмеде жатыр екен.
Австрияның заңы бойынша Рахат Мұхтарұлына нөмірі 000842172974 арнайы идентификациялық код берілгені жайында өткенде оқырманымызды хабардар еткенбіз. Осы елде тұрып жатқан азаматтар құжаттарын қанша рет айырбастаса да, бұл код ешқашан өзгермейді екен. Бір қызығы осыған дейін нөмірі 000842172974 кодтың қарсысында «Rakhat Aliev» деген дерек тұрса, жуырда оның қасына «Rakhat Shoraz» деген екінші есім қосылыпты. Сөйтіп, Рахат өз фамилиясынан безіп Шоразовқа айналып жатса керек. Ата тек, зәу затынан безген ұлдан әкесінің де безіп шығуы ғажап емес қой.
«Айтқыш екен» деген айдарда тұрған грек философы Гераклиттің сөзіне және бір қарап қойыңыз: «Баласы әкесіне, әкесі Құдайына кінә артады». Бірақ біздің заманымызда әке мен баланың, бала мен Құдайдың рөлі ауысып кете береді. Сондықтан осы күні кімнің кімге кінә артатынын да түсіну қиын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: «Өкіл атасына» өкпелі баласына сөзін өткізе алмаған Әлиев елге оралды. Сойы өзгерген Рахат Шоразов Австрияда қалды.
Ал елге оралған ескі құда болса есік қаққалы тұр. Елбасы қайтер екен?