Байлыққа жомарттық жарасады!

«Байда пейіл болса, кедейде мейір болады» дейді қазақ. Бірақ байдың бәрі бірдей ұлтқа қызмет ете бермейді. Ал ұлтқа қызмет еткен азаматтарды халық ешқашан есінен шығарған емес. Мемлекетік қоғам құрудағы Алаш қайраткерлерінің ел ішінде сенім артқан әлеуметтік тірегі – қазақ байлары болды. Әрине, бай атаулының барлығы бірдей болған жоқ. Маңдай термен, өз еңбегімен таза байыған байлардың басты ұстанымы – ауылда кедей-кепшік болса оларға қамқорлық көрсету байларға абырой болған. Мемлекеттік, ұлттық мәселелерге де қолдау көрсеткен қазақ байлары Алашорданың отаны саналған Семей қаласы мен өңірдегі елеулі оқиғаларды басты назарда ұстады.
Абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1911 жылы Міржақып Дулатұлы Семейде абақтыға қамалғанда 2 мың сом көлемінде кепілдік салып, тұтқыннан босатады. Оның алдында 1906 жылы қамалғанда 11 мың жылқысы болған Қаражан Үкібаев 2500 сом төлеген екен. Қаражан Үкібаев ХХ ғасыр басында Қоянды жәрмеңкесінде сауда-саттық жасап, Семейде М. Әуезовке «Абай» журналын шығаруға қаржы бөліп, сол басылымның таралуына үлкен көмек көрсеткен. Алаштанушы Еркін Рахметуллиннің жазуынша, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедов Сырым батырдың шөбересі Салық Омаровтың көмегімен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Әлихан Бөкейханов 1908-інші жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғанда ауырды деп естіп «Әлекеңдер қазаққа керек адам» деп тобықты Оразбай баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз апарып, бір бағлан сойып, мәжіліс құрып отырған. 1917 жылы Мұхтар Әуезов алғаш сахналаған «Еңлік-Кебек» қойылымындағы Кебек образын сомдаған, Ақкенже Аймағамбетов Қазақстанның әлеуметіне, уездік, облыстық Қазақ комитетінің жұмысына қаржылай жәрдем беріп тұрды.
Алматыдағы атақты “Медеу” мұз айдыны орналасқан жер 19 ғасырда Медеу Пұсырманұлы әулетінің қыс қыстауы, жаз жайлауы болған. Медеу Пұсырманұлы Верный (Алматы) қаласында көптеген мекемелердің салынуын қаржыландырып, қала маңайына алма бақтарын еккен. “Медеу” мұз айдынына барар жолда мектеп салғызған. 1896 жылы ол ашқан Верный ерлер гимназиясында 226 адам оқыған. Шығыстан шыққан ірі саудагер-көпестер Бидахмет Бөбеген (Бобкин) мен Баязит Сәтпаев та қазақ мектептерінің салынуын қаржыландырған. 1850 жылдары үш жүзге сауын айтқан Құнанбайдың әкесі Өскенбай бидің асын төрт адам басқарған екен. Солардың бірі - Тана мырза. Тана мырза халықтың сауатын ашып, жастарды оқыту мақсатында Ертіс өзенінен 10 шақырым жерде мешіт салдырып, жанынан екі медресе ашып, өнер адамдары мен балуандарды да әрқашан қолдап отырған.
Қазақ тарихында есімдері мақтанышпен әлі күнге дейін аталып келе жатқан қазақ байлары қатарында Семейлік Үкібаев Қаражан, Шыңғыстаулық Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Ақмоладан Баймұхамбет Қосшығұловтар, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, Жетісулық Маман байдың балалары және Алашорда үкіметінің батыс бөлімшесінен Қобдалық Иса Көпжасаров, Сырым батырдың шөбересі Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Әлниязов Тобанияздарды ерекше атауға болады. Қазіргі Астана бұрынғы Ақмола топырағында Баймұхамбет Қосшығұлұлы деген миллионер өмір сүрген. Әуелде сауда-саттықпен айналысқан ол кейіннен кондитерлік фабрика ашып, онысы Еуразия аумағындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорын саналған. Байлығымен қоса, қайырымдылығы үшін “Байкөп” аталып кеткен Қосшығұлұлы бабамыз қалада өз қаражатына бірнеше мешіт, медресе тұрғызған, қазақ даласына тұңғыш рет автомабил әкелген де осы қазақ меценаты болған.
Алаш идеясының бір ұшқыны арғы беттегі елде қалай тұтанғаны туралы оқырман қауым жақсы біледі. Сол ұлттық идеяға қолдау білдіргендердің бірі де бірегейі – Басбай Шолақұлы Бапин болды. Алты мың қой, үш мың жылқы, екі мың сиыр біткен бұл кісі өз заманында жеке қаржысына үйлендірген жиырма бір адамның ішінде қазақ, орыс, қытай, ұйғыр, т.б. ұлт өкілдері бар. Бәрін де өз алдына отау тігіп, еншісін бөліп берген екен. Осындай қамқорлыққа деген ерекше құрмет ретінде олардың барлығы қазақша сөйлепті.
1936 жылы Шәуешек қаласында ең алғаш электр станциясы салынбақ болғанда 700 еркек қой, 70 жылқы, 70 өгіз атайды. 1939-40 жылдардағы Басекеңнің жомарттығының шоқтығы биігі –Басбай көпірі. 1941-1942 жылы маусымда салынған көпірдің ұзындығы 87 метр, кеңдігі 6 м, көтерімділігі 25 тонна. Шығын қаражаты 55 мың доллар болыпты. Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақ үкіметіне ер-тұрманымен бес жүз жылқы көмекке бергенде осы Басбай болған деген Зейнолла Сәніктің мақаласына сүйендік.
Жер бетіндегі ең бай адамдар жалпы халықтың 1 пайызын ғана құрайды екен. Және байы көп елдер – ең дамыған елдер. Шын байлар Қытайда, Еуропада, АҚШ-та тұрады. АҚШ-та салынған оқу ғимараты болсын, тіпті саябақта отырған орындық, егілген ағаш бір-бір байдың атында деседі. Меценаттың халыққа жасаған тартуы. Оны айғайлатпай, шағын ғана тақтайшаға жазып, іліп қояды.
Біз сөз етіп отырған Алашорданың тұсында ұлттық буржуазияға қолдау көрсеткен қазақ байлары болды. Тәуелсіздік жылдары да талай атымтай жомарттар шықты. Әдебиет пен өнердің, білім мен ғылымның өркендеуіне үлес қосып келе жатқан адамдарды меценат деп атау ежелден қалыптасқан. 1997 жылы айтысқа ең алғаш көлік тіккен азамат Мұхтар Құл-Мұхамед еді. Одан кейін Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сынды азаматтар кезекпен қазақ өнеріне мәрттік көрсеткені аян. Кейінгі 7-8 жыл көлемінде қазақ айтысына үлкен демеушілік етіп келе жатқандардың бірі – Дулат Тастекей. Дәулетіне сәулеті сай ол «Туған жерге туыңды тік» акциясы бойынша Абай облысының Ақсуат ауданында жылда «Асыл домбыра» айтысын өткізеді. Сонымен қатар өнердің басқа да түрлері мен спортшыларға да қолдау көрсетіп тұрады. Спортқа демеушілік жасап жүргендер арасында Бауыржан Оспановты ерекше атауға болады. Қазақ боксы мен күресіне үлкен қолдау көрсеткен Бауыржан Оспановтың шарапатымен Қанат Ислам мен боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлемді мойындатты. Әйгерім Сейфолланың мақаласынан деректер келтіре отырып, «Адал еңбек елге жеткізер, арам еңбек елден кеткізер» дегендей арам еңбекпен елден кетіп жатқандардың қатарында болмай, еліне шарапаты тиіп отырған метцанаттар ел алғысына бөленіп жүргенін айтқымыз келеді.
Осындай жомарт байлардың бүгінгі жалғасы Тұрсын Алакөзов болды. Аспай-таспай, еш айқай-ұйқайсыз жәй ғана қарапайым болмысымен жұмысшыларын шақырда да алғыс хат үлестіргендей кейіппен 100 пәтер үлестіре салды. Дүйім жұртты таң қалдырған, өзге байларды бір сілкінткен, қоғам үшін пайдалы бастама болды. Тұрсын Алакөзов: «Бұл материялдық көмек емес, адамдардың еңбегіне берілген жоғары баға мен құрмет» деді. Өзі басқарып отырған ұжымның жайлы өмір сүруіне сөзбен емес, іспен жағдай жасау – нағыз азаматтың белгісі. Халықтың алғысына бөленген бұл әрекет ел ішінде кеңінен таралып, әлеуметтік желілерде жылы пікірге ие болды. Тарих мұндай адамдардың аты-жөнін ешқашан ұмытпайды.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz