Құрбан айттағы құттықтаулар

Бүгін еліміздің әр өңірінде айт намазы оқылып мұсылмандардың ұлық мерекесінің бірі - үш күн тойланатын құрбан айт басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады:
"Ардақты ағайын!
Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы.
Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндейді. Бауырластық пен сыйластықты дәріптейді. Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі.
Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз.
Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын!
Әр шаңыраққа құт-береке қонсын!
Айттан айтқа аман-есен жете берейік!" деп ақ жарма тілегін жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына ізгі тілегін жолдаған.
"Соңғы жылдары біздің батыл саяси ерік-жігеріміздің арқасында халықтарымыз арасындағы сан ғасырлық тығыз достық пен тату көршілік байланыстар мүлде жаңа одақтастық деңгейіне көтерілгенін айрықша атап өткім келеді", – делінген жеделхатта.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айт адамдардың бойындағы мейірімділік, рақымшылық, төзімділік пен қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді жан-жақты танытатын ерекше мейрам екенін айтқан.
"Бұл мереке бауырлас халықтарымызға бейбітшілік сыйлап, бақ-береке дарытып, қырғыз-қазақ стратегиялық серіктестігі мен өзара тиімді ынтымақтастығының белсенді дамуына ықпал ете беретініне сенімдімін", – деп жазылған құттықтауда.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
"Осы мерекенің ізгілік, толеранттылық, қайырымдылық және өзара қолдау сияқты рухани негізі алдағы уақытта да мемлекеттеріміздің және халықтарымыздың арасындағы достықты, екіжақты тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз қалайтынына сенемін", – делінген тәжік көшбасшысының құттықтауында.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Мемлекет басшысына зор денсаулық, мол бақыт, ал бауырлас қазақ халқына құт-береке тіледі.
Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Иордания Королі II Абдалла, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум және тағы басқалар жолдады.
Құттықтау хаттары мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.
Қасиетті құрбан айт құтты болсын ағайын!
Abai.kz