Сенбі, 29 Тамыз 2026
Әне, көрдің бе? 630 0 пікір 28 Тамыз, 2026 сағат 14:41

Коммунистер дәуірі аяқталды ма?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Сонымен елімізде Құрылтай сайлауы да аяқталды...

Бәрі де жұрттың алдын ала болжағанындай болды: «өтеді» деген партиялар өтті, «өтпейді» деген партиялар өтпеді. Мәреге алдымен шаң жуытпай өзін‑өзі таратқан «Аманат» партиясының «аманатын» арқалаған су жаңа «Әділет» партиясы жетті. Сайлаушылардың 74,08%-ы (9 351 539 адам) дауыс беруге қатысқан сайлауда дауыс бөлінісі төмендегідей болды:

  • «Әділет» партиясы – 71,17% (6 528 948 дауыс)
  • «Ауыл» партиясы – 6,26% (574 621 дауыс)
  • «Respublica» партиясы – 5,56% (509 631 дауыс)
  • «Ақ жол» партиясы – 5,21% (478 083 дауыс)
  • «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия (ЖСДП) – 5,11% (469 058 дауыс)
  • «Қазақстан Халық» партиясы (ҚХП) – 3,11% (285 395 дауыс)
  • «Байтақ» партиясы – 1,07% (97 751 дауыс)
  • «Бәріне қарсымын» – 2,51%]

Құрылтайға сайлауға түскен жеті партияның бесеу өтіп, оларға  мандаттар келесідей бөлінді: «Әділет» партиясы – 110 мандат, «Ауыл» партиясы – 10 мандат; Respublica партиясы – 9 мандат; «Ақ жол» партиясы – 8 мандат; ЖСДП – 8 мандат.

Міне, осы деректен көріп отырғандарыңыздай, бұл тізімде ұзақ жылдар бойы парламенттен құр қалмаған, әйтеуір бір себептермен мемлекеттік қаржыға қол жеткізіп келген Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) жоқ болып шықты.

Өздеріңізге белгілі, бұл партия бүгінгі атауына ие болғалы көп уақыт  өткен жоқ: бұрын ол Коммунистік партия атымен белгілі еді. Бір кездері қатары сиремеген коммунистердің арасынан  жік шығып, олар қақ жарылған болатын.

2004 жылы В.Косарев басқарған Қаазақстан Коммунистік халық партиясы тіркелді. Ал, белгілі қоғам қайраткері Ғазиз Алдамжаров басқарған компартия парламеттік сайлауға жіберілмей, 2015 жылы партия ресми түрде жабылды. Бірақ, Косаревтың  партиясы парламенттен қол үзген емес. Бұл түсінікті, өйткені, бұл «коммунистер» билікке аянбай қызмет етті. Сөйтіп, бүгінгі заманның «коммунистері» ыңғайына қарай «қызылдарды да», «ақтарды да» қолдай кететіндерін байқатты...

Бірақ, бүгінде халықтың санасы өсті. Сонымен бірге, халықтың партияларға қояр талабы өсті. Осы жағдайда халықпен етене араласып, оның өткір мәселелерін шешуге атсалысып жүрген партиялар ғана беделге ие болатыны анық. Сөйтіп, бұрынғы «коммунистік идеясын» арқалап қалған партия жұртта қалды десе болады.

Әрине, ол партия қазір «коммунист» атынан толық арылған. Қазір ол «Қазақстан халық партиясы» деп аталады. Десе де, партияның аты өзгерсе де, заты өзгермеді: бұрынғы «назарбаевшыл» кадрлары со күйі сақталды,  идеялары әбден ескірді, партия жаңа заманға сай өзін‑өзі жетілдірмеді.

Халық осыны көріп, біліп отыр. Бұл партия «аттан түскісі келмеген» аздаған саясаткерлердің «шағын саяси клубына» айналғанын жұрт аңғарды:

  • Өткен сайлауларда оған дауыс беруші КСРО заманын аңсаған зейнеткерлер бүгінде азайды;
  • КСРО‑ның қайта қалпына келуін қалайтын консерваторлардың беделі РФ мен Украина соғысынан кейін құлдырап кетті;
  • Олар көтерген «Халықтар достығы» ұраны көрші РФ Дума депутаттарының елімізге қарсы жасаған көптеген қоқан‑лоқысынан кейін мәнін жоя бастады.

Міне, осы себептерден партияның бүгінгі лидері Ермұхамет Ертісбаевтың сайлаудан кейін «саясаттан басыбүтін кеттім» деп жариялауы – бұл партияның Қазақстандағы саяси өмірінің аяқталғанын білдіреді.

Бірақ, бір қызығы, осы сайлауда да бұл партияға 285  мың адам дауыс беріпті...  Олар кімдер?

Міне, бізге осы мәселе төңірегінде қатты ойлануымыз керек...

Abai.kz

0 пікір