Қазақ мәдениеті және Вьетнамдық студенттер
2026 жылдың 23 тамызында онлайн форматта Вьетнамдағы The «Rosy Hub білім беру» орталығының негізін қалаушысы әрі ағылшын тілі мұғалімі Нгок Тхао Нгуе(Ngọc Thảo Nguyễn) және Қазақстандағы ағылшын тілі мұғалімі Мағжан Қабдыл Бауыржанұлының ұйымдастыруымен «Customs of Love and Marriage in Kazakhstan», яғни, «Қазақстандағы махаббат пен неке салт-дәстүрлері» деген тақырыпта халықаралық воркшоп өтті.
Аталмыш воркшопқа қазақстандық ағылшын тілі мен әдебиеті мұғалімі Мағжан Қабдыл Бауыржанұлы Қазақстан атынан тұңғыш болып спикер ретінде қатысты. Воркшоп барысында Қабдыл Мағжан Бауыржанұлы Вьетнамнан қатысқан студенттерге қазақ халқының махаббат, неке және отбасыға байланысты дәстүрлері туралы айтып берді. Толығырақ мәліметті Қабдыл Мағжан Бауыржанұлының өзінен сұрауды жөн көрдік.
– Жақында сіздің Қазақстан мен Вьетнам арасында мәдениетаралық бағытта халықаралық деңгейде воркшоп өткізгеніңіз туралы қуанышты хабарды естідік. Воршопты ұйымдастыру туралы идея қайдан келді?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Халықаралық тәжірибемнің бір маңызды бөлігі – Вьетнам студенттеріне арналған «The Rosy Passport» мәдени алмасу жобасының алғашқы воркшопын өткізуім болды. Вьетнамдағы «The Rosy Hub» білім беру орталығының негізін қалаушы, ағылшын тілі мұғалімі Нгок Тхао Нгуенмен (Ngọc Thảo Nguyễn) 2026 жылғы 28–31 мамыр аралығында өткен AsiaTEFL халықаралық конференциясында таныстым. Конференция барысында білім беру, ағылшын тілін оқыту және халықаралық тәжірибе туралы пікір алмастық. Ортақ кәсіби қызығушылықтарымыздың арқасында кейін байланысымызды жалғастырып, бірге халықаралық жоба ұйымдастыру туралы ой пайда болды.

Сурет: Автордың жеке архивінен алынды.
– Бұл кімнің бастамасы болды? Сол жайында айтып өтсеңіз.
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Нгок Тхао Нгуеннің бастамасымен Вьетнам студенттеріне әлемнің әртүрлі елдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыруға бағытталған «The Rosy Passport» жобасы қолға алынды. Жобаның басты мақсаты – студенттерге тек ағылшын тілін жетілдіруге мүмкіндік беру емес, сонымен қатар әлемнің әртүрлі елдерінен келген мұғалімдермен және спикерлермен тікелей қарым-қатынас жасап, мәдени тәжірибе алмасу арқылы дүниетанымын кеңейту болды. Бұл жобаның алғашқы спикері ретінде мен Қазақстанды таныстырдым. Яғни «The Rosy Passport» мәдени саяхаты Қазақстаннан басталды. Бұл мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік болды, себебі шетелдік студенттерге осы жобаның аясында өз елімнің мәдениетін алғаш болып таныстыру мүмкіндігіне ие болдым.
– Воркшоптың бағдарламасы Қазақстан мәдениеті туралы қандай тың тақырыптарды қамтыды? Іс-шара барысында Вьетнам студенттері тарапынан сұрақтар туындады ма?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Воршоп барысында мен «Құда түсу», «Сырға салу», «Үйлену тойы» сияқты салт-дәстүрлерге тоқталып, олардың қазіргі Қазақстандағы көрінісі туралы да бөлістім. Алайда воркшоп тек менің Қазақстан туралы әңгімеммен шектелген жоқ. Іс-шара барысында көптеген интерактив ұйымдастырылды: студенттер қазақ мәдениетіне байланысты викторинаға қатысып, сұрақтарға жауап берді, пікір алмасты және түрлі тақырыптарды талқылады. Ең қызығы вьетнамдық студенттердің өздері де Вьетнамдағы үйлену салттары мен дәстүрлері туралы бөлісті. Олар өз елдеріндегі үйлену рәсімдері, отбасылық құндылықтар және қазіргі жастар арасындағы неке дәстүрлері жөнінде айтып берді.
– Аталмыш воркшоп несімен ерекше есте сақталды? Воркшоптың басқа жобалардан ерекшелегі қандай?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Бізде біржақты дәріс емес, Қазақстан мен Вьетнам мәдениетінің арасындағы байланыс туралы шынайы диалогы қалыптасты. Мен оларға Қазақстанды таныстырсам, олар маған Вьетнамды танытты. Екі елдің дәстүрлеріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды бірге талқылап, бір-біріміздің мәдениетімізге қатысты сұрақтар қойып, өз көзқарастарымызбен бөлістік. Воркшоптың тағы бір маңызды ерекшелігі – оның ағылшын тілінде өтуі. Студенттер бір мезетте ағылшын тілін жетілдіріп, басқа елдің мәдениетімен танысты. Бұл шетел тілін үйренудің ең тиімді жолдарының бірі, оны нақты коммуникация мен мәдениетаралық қарым-қатынас барысында қолдану екенін көрсетті.
– Воршоптың басты идеясы неге саяды? Жобаның құндылығы неде деп ойлайсыз?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– «The Rosy Passport» атауының өзі жобаның идеясын жақсы көрсетеді. Бұл Вьетнам студенттерінің әлемді «саяхаттап», әртүрлі елдердің мәдениетімен танысып, сол елдердің өкілдерімен тәжірибе алмасуына арналған мәдени-білім беру сериясы. Әрбір жаңа воркшоп олар үшін жаңа бір елге жасалған саяхат іспетті. Ал осы мәдени саяхаттың алғашқы аялдамасы Қазақстан болғаны мен үшін ерекше қуанышты. Қазақстаннан кейінгі бағыттардың бірі – Австрия, осылайша, жоба бір елмен шектелмей, Вьетнам студенттеріне әлемнің әртүрлі мәдениеттерін біртіндеп таныстыруды жалғастырады.
Менің ойымша, мұндай жобалардың құндылығы жастарға әлемді тек кітаптан немесе интернеттен емес, сол елдің мәдениетін өздері таныстыратын адамдар арқылы тануға мүмкіндік беруінде. Мәдени алмасу барысында бір ел екінші елге өз құндылықтарын көрсетіп қана қоймайды, екі тарап та бір-бірінен үйренеді. Мен үшін бұл жоба Қазақстанды халықаралық аудиторияға таныстырудың тағы бір мүмкіндігі болды. Болашақта да осындай халықаралық білім беру және мәдениетаралық жобаларға белсенді қатысып, Қазақстанды әлемге таныстырып қана қоймай, әлемнің түрлі елдерінің тәжірибесін Қазақстан жастарына жеткізгім келеді. Себебі мен үшін халықаралық білімнің басты құндылығы – әлемді Қазақстанмен, ал Қазақстанды әлеммен байланыстыратын көпір болу.
– Сіздің ағылшын тілі мен әдебиеті мұғалімі екеніңізден көпшілік оқырман хабардар. Осы орайда сізге қазіргі білім беру жүйесі туралы сұрақ қоюға рұқсат етсеңіз. ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Меніңше, ХХІ ғасырдың мұғалімі ең алдымен үнемі өсіп, өзгеріп, бейімделіп отыратын маман болуы керек. Мұғалім бір диплом алып, сол біліммен бүкіл еңбек жолын жалғастыра алмайды. Қазіргі заманда кәсіби даму мұғалімнің қосымша артықшылығы емес, оның жұмысының ажырамас бөлігі. Мен мұны өз тәжірибемнен де көріп жүрмін. Халықаралық іс-шараларға қатысу, әртүрлі елдердің мамандарымен жұмыс істеу, кәсіби біліктілікті арттыру бағдарламалары мен тағылымдамаларға қатысу маған үнемі жаңа нәрсе үйренуге мүмкіндік берді. Мұғалім де осындай ізденістен тоқтамауы керек деп есептеймін. Тағы бір маңызды мәселе – қазіргі балаларды түсіну. Бүгінгі оқушылардың қызығушылығы, ақпаратты қабылдау тәсілі және әлемге деген көзқарасы өте жылдам өзгеріп жатыр. Кейде араларында екі-үш жас айырмашылығы бар оқушылардың өздері бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Сондықтан мұғалім әр жаңа буынмен бірге өзінің әдістемесін де жаңартып отыруы қажет. Мен үшін жақсы мұғалім – тек өз пәнін жақсы білетін адам емес. Ол оқушыны түсінуге тырысатын, жаңа технологияларды меңгеретін, өз білімін үнемі толықтыратын және өзгерістен қорықпайтын маман. Өйткені балалар өзгеріп жатқанда, мұғалім де олармен бірге өзгеруі керек.
– Болашағыңызды қалай елестетесіз? Келешекте магистратураны шетелде оқу жоспарыңызда бар ма?
Мағжан ҚАБДЫЛ:
– Болашағымды білім беру саласымен тікелей байланыстырамын. Мен ағылшын тілі мұғалімі ретінде бастаған жолымды магистратура арқылы академиялық тұрғыдан жалғастырғым келеді. Бірақ қай елде білім алсам да, негізгі мақсатым – өз саламда мықты маман болып қалыптасу және Қазақстандағы білім беру жүйесіне өз үлесімді қосу. Сондықтан алдағы үш жылды тек диплом алу үшін емес, кәсіби тәжірибе жинақтап, халықаралық байланыстар орнатып, өзімді одан әрі дамыту үшін пайдаланғым келеді.
– Әңгімеңізге көп көп рахмет!
Сұхбаттасқан, Алтыншаш Құрманаева,
Көкшетау қаласы, №2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі.
Abai.kz