Сәрсенбі, 11 Маусым 2025
Көршінің көлеңкесі 1230 0 пікір 10 Маусым, 2025 сағат 14:49

Қытайдағы демографиялық дағдарыс

Сурет: zn.ua сайтынан алынды.

Бірнеше жылдың алдында ғана Үндістан жалпы халық саны жағынан Қытайды басып озып, әлемдегі 1-ші орынға шықты.

Қазір Қытайдан Үндістанның 57 миллион адамы көп. 2014 жылдан бастап Қытайда демографиялық өсім жылдан-жылға азаюда. 2024 жылы туылғандардың саны 9 миллион 20 мың адамды құраса, 2025 жылы 8,5 миллионға құлдырайды деп болжануда. Бұл 2000 жылғы 21 миллионға салыстырғанда 3 есеге жуық төмен көрсеткіш. Мұнда демографиялық өсім баяулап қана қойған жоқ, кері өсу жарыққа шығып отыр. 2020 жылдан бері өлім көрсеткіші туу көрсеткішінен асып, 4 жылда 10 миллион адамға кеміп кеткен (1,426 миллиардтан 1,416 миллиардқа құлдыраған). Осылай құлдырай берсе, 2050 жылға қарай 1,26 миллиардқа азаюы мүмкін деп болжануда. Қытайда ерлер жалпы халық санының 51,27%-ын құрайды, демек әйелдермен салыстырғанда 18 миллионға жуық адам көп.

2009-2025 жылдар арасындағы Қытайдағы демографиялық өсудің графигі.

 

Басты себептер мыналар:

1. Урбанизацияның ықпалы

Әлемде экономикасы дамыған елдердің дені урбанизация процесін бастан кешірген, көбі 75-85% халқы қала-қалашықтарда тұратын елдер.

Урбанизацияны ең алдымен Ұлыбритания бастан кешірді. Индустрияланудың жоғарылауына байланысты «дүние заводы» атанған ел әлемнің 40%-дан артық өнімін өндірген «Жеткізу тізбегінің» (Supply chain) 1-ші мемлекеті ретінде көзге түсті. Ұлыбритания өндірісі қаныққаннан кейін келесі кезек Батыс Еуропа елдеріне келіп, Франция, Германия, Италия елдерінде индустриялану мен урбанизация қатар жүрсе, 3-ші кезек Солтүстік Америкада жалғасты.

Жаһандық екі реткі соғыстан кейін өндіріс ошағы Батыс Еуропадан Құрамма Штаттар еліне, онан кейін Жапония мен Оңтүстік Кореяға келіп, осы елдер тез қарқынмен урбанизацияланды.

Қытайға өндіріс тізбегі (әлемдік ірі өндіріс корпорациялары: Apple, General Motor, Folks Wagon, Wallmart, Samsung, Honda т.б) 1990 жылдары жаппай кіре бастады. Әсіресе 2000 жылы дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін, бұл үрдіс тіпті кісі сенбес қарқынмен дамып, 2015 жылы Қытайды «дүниенің заводына» айналдырып жіберді.

1990 жылы Қытайда 30% халық қалаларда тұрған болса, 2025 -жылы 67,5% болды. Яғни 956 миллионнан артық адам қалаларда тұрады. Бұған тіркеуі ауылдық жерлерде, бірақ өзі қалада жұмыс істейтін адамдар кірмеген. Қалалану барысында көптеген қиындықтар туындауда, мысалы жұмыспен қамтудың қиындауы, жалақының төмендігі, үй бағасының жойдақсыз өсуі, қымбатшылық, кредитке буылу т.б. Сол себепті 1970 жылдардан бастап Қытай билігі «жоспарлы туыт» саясатын атқарып, аз балалы болуды дәріптеген болса да, өсіп келе жатқан халық саны урбанизацияның ықпалында баяулап қалды. Урбанизациялану жүз миллиондаған адамға жұмыс орайын жаратты, айталық тұрғын үйлерді салу, жол салу т.б. Десе де уақыт өте келе бұл салаларда қанығу құбылысы басталып, жалақының төмендігі, кедейшіліктің қысымы 1-2 баланы бағуға да жеткізбейтін дәрежеге жеткізді.

2. Экономикалық қысым

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 1980 жылдардан бастап экономика дамыды, халық тұрмысы зор дәрежеде жақсарғанымен, соған ілесе тұтынудың артуы байқалып, денсаулық сақтау саласында емдеу ақысы жойдақсыз жоғарылады. Жай халық  20-30 жыл жиған ақшасын үлкен ота жасатса болды, жұмсап қоятын болды. Оқу-ағарту саласындағы бәсекенің шиеленісуіне байланысты балабақшадан бастап, университет бітіргенге дейін жүз мыңдаған юань жұмсалатын болды. Тұрғын үй бағасының жойдақсыз өсуі де ең үлкен тұтыну саналады. Қытай халқының 70% тұтынуы үйге байланысты болды.

Қытай әлемдегі 2-ші ірі экономикалық ел болғанымен, жан басына шаққандағы кіріс әлі де төмен, оның үстіне бай мен кедейдің парқының адам сенгісіз дәрежеде ұлғайып кетуі көп санды халықты кедей тұрмыс кешіруге мәжбүр етуде. Қытайдың бұрынғы премьері Ли Кі Чияннің айтуы бойынша: 600 миллион халық айына 1000 юань мен күн көреді (70 мың теңгеге тең). Ал 416 миллион адам айына 1000-2000 юань (70-140 мың теңге) мен күнеліткен. 207 миллион адам 2000-3000 юань мен күнеліткен (140-210 мың теңге). 156 миллион адам айына 3000-5000 юань мен күнеліткен. 156 миллион адам 5000 юань (350 мың теңгеден) жоғары кіріс пен өмір сүрген. Қытайда 15-16 миллион жеке кәсіпкерлер мен қалталылар бар, олар елдегі байлықтың қомақты бөлігін иемденіп отыр. Бұл статистикаға негізделсек 90%-ға жуық адам төмен тұрмыс кешіретіндер немесе кірісі өзінен көп асып кетпейтіндер болып, көп балалы болуға, оны бағуға шамасы келмейтіндер екенін көруге болады.

2007 жылдан бастап Қытайда үй бағасы шарықтап өсті, Пекин, Шанхай, Шэнжін т.б қалаларда үй бағасы орташа 2 миллион долларға жетті. Бұл әдеттегі қарапайым қытай 1200 жыл ақша жиса әрең үй ала алатын баға. Сол үшін 1-ші дәрежелі қалаларда тұратын 200 миллионнан аса халықта 30-40 жыл үйді кредитке алып, тапқанымен соны төлеп қалт-құлт күн кешіретіндерде есеп жоқ. Ондай жағдайда үй проблемасында әйел жақ ештемемен есептеспей, күйеу жаққа үй талабын қояды. Бұл бір адамның өмірін құлдыққа байлайтындай қорқынышты мәселеге айналған.

3. Оқу-ағартудың кері ықпалы

Бүгінгі таңда Қытайлық үлгідегі оқу-ағарту да үлкен дағдарыстарға тап болып отыр. Балабақшадан бастап 23-24 жасқа дейін тынымсыз емтиханға дайындалу, демалыс атаулы жоқ, оқудан өзге тірлікке мойын бұра алмайтын, 20 жылдан аса уақыт ұйқысы қанбайтын Қытай жастарында белсіздік, бедеулік, жабығу аурулары көбейіп кеткен. Сондықтан некеленгендердің де белгілі мөлшердегілерінде балалы бола алмау көп.

4. Әйелдердің орынының ерлерден жоғарылап кетуі

1990 жылдардан бастап Қытайдың дәстүрлі салттары батыстық медиа мен кинолардың әсерінен шайқалып, әйел теңдігі мәселесі көтеріліп, әйелдердің қоғамдағы орыны жоғарылады. Алайда бұл да асыра сілтеліп кеткендіктен ерлердің мүдделері тапталатын дәрежеге жетті. Көптеген қытай әйелдерінің ойы бойынша: «Отбасын бағу бүкілдей ерлердің міндеті, ерлерінің ақшасы, табысы әйеліне тән болуы керек, бұл заң оған ерлер ренжімеуі керек. Ерлер үйлену үшін әйел жаққа 300-700 мың юань қалыңмал беруге міндетті, тағы үй, машина алуы керек, бала бағуға кететін ақшаны да көтеруі керек».

Сол үшін қазір Қытай жастарында үйленуден қашатындар көбейген, өйткені басым көп санды жігіттер бұл талапты орындау мүмкін емес деп, одан гөрі бойдақ жүруді дұрыс деп қарайтын дәрежеге жеткен. Өйткені үйленетін болса жігіт жақ бар қорынан айырылып, сонымен қатар қарызға бататын дәрежеге жеткен.

5. Некелену көрсеткішінің жаппай құлдырауы

Жоғарыда айтылғандай Қытай қыздарының жігіттерге қарата қоятын талабының жаппай жоғарылауына байланысты биылдан бастап Қытай жігіттері жаппай наразылық білдіруде. Жойдақсыз жоғары қалыңмалды сынаған видиолар мен хабарлар көбейген, көптеген мамандар мен қоғам қайраткерлері де әйелдердің талаптары мен ерлерді адам деп санамауы шектен шығып бара жатыр деп сынауда. Аз санды саналы әйелдер де: «Қазір әйелдер үшін ерлер ақша шығаратын банкомат, жұмыс істейтін робот, не айтса да, намысына тисе де шыдайтын құл сияқты болып бара жатыр, көп санды әйелдер барлық жауапкершілікті ерлерге итереді, ақшасы жетіспесе, қиналса оны еркектердің кінәсі деп қарайды. Тіпті отбасы тарбиесінде де қызына әкең сияқты ер адамға жолама деп айтатын жағыдай көп» деп мәселе қөтеруде.

Осы қиындықтарға байланысты некеленетін жастар саны жыл сайын азаюда. 2023 жылы некеленгендер 7 миллион 680 мың жұпты құраса, 2024 жылы 6 миллион 106 мың жұпқа азайған, биыл одан да азаятыны болжануда. Ажырасу мөлшері де артып барады, оның да 80% экономикалық кіріске тіреледі дейді мамандар.

Орта Азияға қандай ықпалы болуы мүмкін?

 

2025 жылы Қытайда 20-40 жас арасында әлі некеленбеген адамдардың жалпы саны 300 миллионнан асқан. Үйленбеудің басты себебі және сол экономикалық проблемаларға келіп тіреледі. Қытай әйелдерінің қытай ерлерін менсінбеуі де басты себептердің бірі, өйткені ұл балаға қарағанда қыз баланы оқыту, университетте оқыту көрсеткіші жоғары. Қазір университет бітіргендердің 60%-ы қыздар, олар кірісі жоғары, оқыған келбетті жігіт тапқысы келеді де, әдеттегі жігіттерді менсінбейді. Таяу жылдары жастардың әсіресе, университет бітірген жастардың көбеюіне қоса олардың жұмыс табуы да қиындап кеткен. Соған қарамастан қытай қыздары айлық жалақысы 30-50 мың юань, үйі, машинасы бар жігітпен ғана үйленгісі келеді. Ал ондай жігіттер 100-ден бір ғана, бәріне кезіге бермейді. Ал жігіттер болса жұмыс жоқ немесе айына 2-3 мың юань жалақымен үйленуі мүмкін емес, ал балалы болу тіпті, мүмкін емес деп қарайды.

Ақшалы қытай ерлерінің де кейбірі қазіргі күнде талабы тым жоғары қытай әйел алғаннан, қалыңмал талап етпейтін шетелдік әйел алу әлде қайда тиімді деп қарайды.

2018 жылға дейін шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қытай қыздарының саны шетелдік әйелдермен үйленген жігіттерден көп болып келген болса, 2019-дан бастап шетелдік әйел алатын қытай жігіттердің саны көбейіп кетті. Қытай жігіттері көп әйел алатын елдерден: Вьетнам ең көп болып (198 мың) 32%-ды құраған. Онан кейін Солтүстік Корей 15,37% (98 мың),  3-ші орында Ресей (73 мың) 11,49%-ды құраған. Онан кейін Миянма (43 мыңнан астам) 6,56%-ды құраған. 11-ші орында Тәжікстан болып 14426 адам болып 2,26%-ды құраған.

2024 жылы шетелдіктермен некеде 80%-ды ерлер көрсетіп, шетелдік әйелдермен некеленсе, шетелдікке тиген әйелдер 20%-ға түсіп қалған.

Қазір Қытайда кір жуу, тамақ істеу сияқты үй жұмыстарын көбінде ерлер істейді, әйелдер ерлерді сыйламайды, сол үшін қытай ерлері ер адамды сыйлайтын, қалыңмал, үй, машина сұрамайтын, үй жұмысын істейтін шетелдік әйелдермен үйленуді жөн санайды.

Тағы бір мәліметте: Қытайлық жігіттерге тұрмысқа шыққан өзбекстандық қыздар саны 7 мыңнан асқан десе, қазақстандық қыздардың қытай жігіттерімен некеленгендерінің саны 9786 деп көрсетілген (мұнда азаматтығы қытай қазақ жігіттерде қамтылады).

Орыс әйелдерінің қытай ерлерімен некеленгендері 220 мыңнан асқан, әсіресе 2022 жылдан бері күрт артқан, әсіресе кедейлік жайлаған қиыр шығыс, Сіберия өңірінен көп. Сонымен қатар 2018 жылдан бері Қытай ерлерімен үйленген этникалық ұйғыр қыздарының саны тым көбейіп кеткен. Тіпті бай қытай жігіт таныстыратын орталықтар ашылған, ұйғыр-қытай некесіне үкіметте тегін үй, ақша беретіні анық, сонымен бірге қытайлармен салыстырғанда ұйғырларда қалыңмал тым арзан саналады. Сонымен қатар ұйғыр қыздары орыс, пәкістан, тәжік қыздары қытайлықтар үшін өте сұлу деп бағаланады. Африка елдерінен әйел алған қытай ерлері де көбеюде.

Сондықтан таяу жылдары Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға келетін қытайлықтар көбеюде жане олардың көбі ерлер. Сондықтан алдағы уақытта олар Орта Азия ерлерінің күшті бәсекелесіне айналуы мүмкін. Бұл болашақта Орта Азия елдерінің демографиясында өзгеріс әкелуі де мүмкін. Өйткені Орта Азия қыздарында дәстүр әлі сақталған. Ер адамды сыйлау көрсеткіші жоғары, қалыңмал да төмен, онан көп балалы болуға да пейілді. Орта Азияда Қытайдың ірі қалаларымен салыстырғанда үй бағасы 10 есе арзан, ірі қалада тұратын 100 миллион қытай үйін сатып Орта Азияға келсе шіріген бай болатыны түсінікті.

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір