Сәрсенбі, 25 Маусым 2025
Күбіртке 161 0 пікір 25 Маусым, 2025 сағат 13:38

Шерзат ісі: Сотталғандар апелляциялық шағым түсірді

Коллаж: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Шерзат Полат ісі бойынша сотталғандар апелляциялық шағым түсірді. Бұл туралы Шерзат Полаттың отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Мейрам Шекеев хабарлады.

Бұл шағымды Шыңғыс Белғожaев пен Думан Ысқақ отбасыларынан басқаларының барлығы бергенін айтты.

Адвокаттың мәлімдеуінше, екі қыз бен екі жігітке қатысты үкім жарияланған сәтте, қорғау тарапы соттың үкімімен қатар, прокурорға қатысты шығарылған жеке қаулы бойынша да шағым түсірген.

Оның айтуынша, айыпталушы тарап үкімді алғаннан кейін 15 күн ішінде шағымдануға заңды құқықтары болған және бұл мерзімде шағым ресми түрде берілген.

"Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталушылардың туыстары атынан әлеуметтік желілерде пікір білдіріп жүрген Бауржан Абдрахманов та сот алдында жауап берген", - деді адвокат.

Осыдан бұрын ол жеке парақшасында онлайн режимде өткен сот отырысының бейнежазбасын жариялаған. Оның айтуынша, бұл іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалған.

Талдықорған қалалық сотында 5 маусым күні Шерзат Полаттың ісіне қатысты төреғалық етуші судья Ержан Жанұзақов сот үкімін шығарды. Іске қатысты 9 сотталушыдан жауап алынды.

Сот қорытындысы бойынша жасөспірімнің өліміне кінәлі деп:

- басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға;

- Равиль Сакиев 20 жылға ;

- Азамат Тоқтаубаев 15 жылға;

- Нұрқияс Ілиясов 9 жылға сотталды.

Сондай-ақ Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахметті 7 жылға орташа қауіпсіздіктегі мекемеде жазасын өтеуге үкім шығарылды.

Кәмелетке толмаған жасөспірімге Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов кешірім беретінін айтқан. Оған «аса ауыр қылмысты хабарламады» деген айып тағылып, 1 жыл 6 ай мерзімге кәмелетке толмағандарға арналған түзеу мекемесіне жіберілді.

Abai.kz

0 пікір