Бейсенбі, 3 Шілде 2025
Енді қайттік?.. 1401 0 пікір 2 Шілде, 2025 сағат 13:11

Қазақтардың тексізденуі қарқынды жүріп жатыр...

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Шын мәнінде бұл қазақ үшін өте өзекті тақырып. Бұған әзір саяси, мәдени-ғылыми элита назар аударып отырған жоқ. Өйткені барлық саланы еурокіндікшіл идеология кеуледі. Сана сансырады, мәдениет дүбәрәланды, адам мәңгүрттенді.

Бұл тақырып қазақтың кемел институты - Жеті атаның әбден күйрегенін білдіреді. Бірақ оның орнына әйелдер қауымы құрған Жеті ана институты да жоқ...

Тұрсенгали Алагузов (амал жоқ, осы жігітті мысал ретінде алып отырмын, әйтпесе әрбір екінші неке ажырасып, күйреп тынуда) бірінші әйелінің балаларынан өзінің атын алдырып тастағанын күрсіне отырып жеткізді.

Былай қарасаң, бұл Тұрсеннің "жеке шаруасы, тағдыры". Бірақ тіпті де олай емес. Шындығында Алагузовтың кіндігінен тараған әсіресе, ұл жеті аталық тармақтан үзіліп түсіп, тексіздікке ұшырады. Жалпы тексіздік - ортақ генетикалық тамырдан алшақтау, жеті буындық туыстықты үзу, тәрк ету. Басқа ештеңе де емес. Ал бұған ең әуелі сол әулеттің ақсақалдары ойбай салуы керек, немеремен байланыс орнатуы қажет. Онымен рухани-туыстық қатынас орнату керек!

Өгей қызына сұхбат беріп отырған Тұрсен/Тұрсын өзінің рухани күйзелісін білдірді. Әке ретінде ғана түсінуге болады. Қазақ ретінде оның ұрпағы төршежіреде тұруы керек қой. Жеті атаны Тұрсеннің өзі де білмейді. Тіл білмегесін қайдан біледі? Ал енді осы әулеттің Жеті атасын кім түгендеп, туыстық қауымды түлетіп отыр? Ешкім! Қазақтілді қазақтың өздері де білмейді, тіпті қазақтың 20 пайызы ғана жеті атасын біледі, қалғаны мақұрым екенін тектанушы мамандар күрсіне жеткізуде.

Міне рухани-мәдени мәселе қайда жатыр? Тексіздік қай жақтан келуде? Ертең әлгі ажырасқандардың балдары тәртіпсіз, жауапсыз некелеседі, болмаса жыныстық қатынасқа түседі. Олар ешқашан жеті атасын сұрамайды, оларда ондай тәрбие атымен жоқ. Болып та жатыр. Сонда бүкіл ұлт тексіз болмай ма?

Тексіздік қазақ жігіттерінің бейшаралығынан! Белінен тараған баланы қатынға қалдырып, көрінген жерге жетімдерді, тексіздерді балалатып жатыр... Бұндай тексіз күйеулер қайдан шығып жатыр? Бала-шағасын асырай алмай, қатын-баласын ұрып-соғып, ақыры ажырасып тастап кетіп, олармен байланысты үзіп, қарабет болып, тағы бір қатынның қойнына кіріп жүрген делқұлдар қайдан шығып жатыр?

Тайпа мен рудың атына мақтанып, сүйегі қураған батыр атаның атын жамылған тексіздік қайдан? Оның орнына Жеті ата қауымы неге қолға алынбай отыр? Бүкіл қазақ осыған бас қатыруы керек!

Құрылтайда насыбай емес, басты көтеретін тақырып - Жеті ата!

Серік Ерғали

Abai.kz

0 пікір