Сейсенбі, 8 Шілде 2025
Аласапыран 262 0 пікір 8 Шілде, 2025 сағат 13:36

Ресей тағы қанша соғыса алады?

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Ресейдің СІМ басшысы Сергей Лавров Мажарстанның БАҚ-тарына сұхбат беріп, Украинамен бейбіт бітімнің шарттарын тағы айтыпты.

Ресейдің шарттары мынау:

- Украинаны демилитаризациялау және денацификациялау;

- Жер мәселесінде Ресейге қойылып отырған талаптарды кері қайтару;

- Санкцияларды алып тастау;

- Бұғатталған Ресей активтерін Ресейге қайтарып беру;

- Киев билігі «Оңтүстік-Шығыс Украина азаматтарының атынан сөйлей алмайды. Сондықтан олар аумақтық тұтастық принципін қолданамын деп айта алмайды.

Лавровтың сөзінше, бұл шарттар бейбіт бітім мәтінінде жазылуы тиіс. Бұдан басқаға Ресей көнбейді.

Шілденің алғашқы күндері жалпақ жұртқа жар салып: «Мен Путинмен сөйлесемін», - деген АҚШ президенті Трамптың да меселі қайтқан еді.

«Мен президент Путинмен болған әңгімеден қатты көңілім қалды. Өйткені, шынымды айтсам, Путиннің тоқтағысы келетін түрі жоқ. Бұл өте жаман. Ол бұл соғысты тоқтатқысы келмейтін секілді», - деген еді Трамп.

Ал НАТО-ның сараптамасы бойынша, Ресей кемі 2027 жылға дейін шабуыл жасау потенциалын сақтауға қабілетті. Альянстың ақпаратынша, Ресейдің экономикасы соғысқа бағытталуда, Кремль қаржыны әскери салаға салуда және ішкі әлеуметтік мәселені пропаганда есебінен бүркемелеуде.

Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшыларының пікірінше, Ресей әлі 12-16 ай бойы үздіксіз соғыс жүргізе алатын қабілетке ие. Ресейдің бюджеттік және әскери техникалық мүмкіндігі осы аралыққа дейін жетеді.

24 маусым күні Ресей президенті Владимир Путин федеральды бюджетке толықтырулар енгізді. Жаңа толықтыруда бюджеттегі дефициттің артқаны байқалады. Мысалы мұнай және газдан түсетін пайданың үлесі 25 пайызға жуық азайған. Жоспар бойынша 10,8 трлн рубль түсуі тиіс еді, алайда 8,3 трлн рубль ғана түсуі мүмкін. Бұл соғысты қаржыландыруға да әсер етеді. Ал Ресейдің Ұлттық әл-ауқат қорының қаржысы 2022 жылдан бері 2 есеге азайған. Сарапшылар бюджет тапшылығы арта берсе, қордағы қаржы 2027 жылға дейін түгесілетінін айтуда.

Abai.kz

0 пікір