Сейсенбі, 15 Шілде 2025
Қоғам 163 0 пікір 15 Шілде, 2025 сағат 14:07

Заң мен тәртіп - бұл қағамдық жауапкершілік!

Сурет: tengrinews.kz сайтынан алынды.

Мемлекет басшысы осыған дейін жалпы ұлттық деңгейде  “заң мен тәртіп” концепциясын қолданысқа ұсынған болатын.  Мемлекеттік органдары бұл бойынша қазірге дейін бірқатар жұмыстарды атқарып жатыр.

“Заң мен тәртіп” тек қана Үкіметтің немесе құзырлы органдардың міндеті ғана  емес, азаматтық қоғамға да артылған жауапкершілік. Әрбір азамат қылмыстық әрекеттерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Қылмысты хабарлау, оның алдын алу һәм қылмысты болдырмау әрбір саналы азаматтың міндеті. Осы ретте ҰҚК қазақстандықтарға үндеу жасады:

Үндеуде ҰҚК қызметкерлерінің атынан жасалатын жаңа алаяқтық түрі пайда болғаны айтылады.

Соңғы уақытта қылмыскерлер өзін азаматтарға ҰҚК және басқа да ведомстволардың қызметкерлері ретінде таныстырып, телефоннан қоңырау шалып, алдау әрекеттерін жүзеге асыруда. Телефон шалушылар банк шоттарында күмәнді транзакциялар не болмаса тергеу жүріп жатқаны туралы айтып, азаматтардың сеніміне кіреді.

Кейбір жағдайларда алаяқтар жалған қауіп-қатері туралы хабарлап, терроризмге қарсы арнайы операциялар жүргізіліп жатқанын айтады, дейді ҚР ҰҚК.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше интернет алаяқтар жәбірленушілердің сеніміне кіру мақсатында жалған куәліктер мен ҰҚК логотипі бар жалған құжаттарды ұсынады.

“Күдіктілер әңгіме барысында азаматтардың ақшаларына қауіп төніп тұрғаны туралы мәлімдеп, қауіпсіз есепшотқа қаражаттарды аударуды сұрайды. Кейде оларға жинақтарын сақтап қалу үшін несие алуға кеңес беріледі, солай ақша қылмыскерлердің шоттарына түседі. Оған қоса, ҰҚК-нің жалған қызметкерлері жұмыспен қамтуға, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге көмектесемін деп, ақша сұрауы да мүмкін”, – делінген хабарламада.

Бұл заңсыз әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190 (Алаяқтық) және 385 (Жалған құжаттарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк марапаттарды қолдан жасау және тарату) бойынша қылмысқа жатады.

– Осыған байланысты ҰҚК құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлері азаматтарға ескертеді: қызметкерлердің қоңырау шалып, түрлі шоттарға ақша аударуды талап етпейді.  Террористік әрекеттерді тоқтату сылтауымен де мұндай өтініш жасалмайды.

Егер сізге осындай мазмұндағы қоңыраулар немесе ұсыныстар түскен жағдайда құқық қорғау органдарына хабарласу қажет. Азаматтарға қырағылық танытып , мұқият болулары қажет екендігін ескертеміз, – деп үндеді ҰҚК.

Айым Алмасқызы

Abai.kz 

0 пікір