Трамп: Путинге 50 күн уақыт беремін!

Трамп пен НАТО-ның Бас хатшысы Рютте кездесті. Кездесуге әлбетте тілшілер де қатысып, сұрақтарды қарша боратты. Трамп бірнеше маңызды мәлімдеме жасады.
Трамптың мәлімдемелері:
* Ресейге Украинадағы мәселені реттеуге 50 күн беріледі. Ресей бұл уақыттың ішінде дұрыс шешім қабылдамаса, Ресей мен оның одақтастарына 100 пайыздық тарифтер енгіземіз!
* АҚШ пен НАТО келісімге келді. АҚШ-тан миллиардтаған долларға қару-жарақ сатып алынады. Ол қарулар НАТО-ға жеткізіледі. Әрі қарай дереу арада Украинаға беріледі!
* Украинаға НАТО арқылы бірінші дәрежелі қару түрлері беріледі. Украина шын мәнінде мықтылықты сезінеді. Украинаға заманауи, озық түрлі қарулар беріледі!
* Ресейден бейбітшілік туралы көп сөз естідік. Бірақ, бәрі құры сөз. Артынша Киевке соққылар жасалып, бейкүнә адамдар өліп жатыр және бұған нүкте қою керек.
* Егер Ресей келісімге келмесе, біздің тарифтеріміз Ресей экономикасын күйретеді. Бірақ, оған жете қоймаймыз деп ойлаймын.
* Біз Украинаға жалғыз Patriot қана емес, толық батареялар жиынтығымен береміз. Алғашқылары қазірдің өзінде жолда. Қазір Украинаға 17 дана Patriot зымыран кешенін беруге дайын бір мемлекет бар. Солармен келісіп жатырмыз.
* Путин мықты екен, бәрін сан соқтырды. Клинтон, Буш, Обама мен Байденді алдап соқты. Бірақ, мені алдай алмады!
НАТО Бас хатшысы: Ойлан, Путин!
* Егер мен бүгін Владимир Путиннің орнында болсам және Трамптың 50 күннен кейінгі шараларын естіген соң, мен Украина келіссөздеріне қазіргіден гөрі байыпты қарау керек пе деп ойлайтын едім.
* Украина АҚШ келісімі бойынша «үлкен көлемде» әскери техника алады. Қазірдің өзінде Украинаға бұл қаруларды жеткізуге дайын елдер бар. Олар: Финляндия, Дания, Швеция, Норвегия, Нидерланды және Канада. Бұл Украинаның әуе қорғанысы үшін де, зымыран мен оқ-дәрілер үшін де шын мәнінде үлкен көлемдегі әскери техника дегенсөз.
CNN: АҚШ Еуропаға орта және кіші қашықтықтағы зымырандар, артиллериялық снарядтар, дрондар жеткізбек. Еуропа артынша оны Украинаға береді. Жалпы сатылатын қару түрлері жария етілмейді.
Abai.kz