«Тасдиқ» трактаты – «өзін танымақ» бөлімі
Басы: «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты
Жалғасы: «Тасдиқ» трактаты – «Аланы танымақ» бөлімі
Жалғасы: Алланың ғадаләт сипаты
Болмыс деген – Құдай, адам һәм дүние. Өз кезегінде адам да үш бөліктен: жан, ақыл (рух) және тән. Адам тәні – топырақ, ол бір қалыпта тұра алмақ емес, өспек, қартаймақ, ақырында өлмек, жоқ болмақ.
Ал, жаны – Жаратушының зәредей бөлшегі, ол өзгермейді, әрі жоғалмайды. Ақыл мен сезім ше? Бұл екеуі – «рух» делінеді. Рух та ажалсыз. Ол адамның жанымен бірге ақиретке (қияметке) кетпек. Демек, ақирет дегеніміз – жанның рухпен бірге «қабірден әрі өтуі» (Абай). Қазақ халқы оны «аруақтар әлемі», исламда «барзак әлемі» дейді. Сонымен, қайталап айтайық, тән – топыраққа айналып, жан мен ақыл ғайыпқа өтеді. Демек, «өзін танымақтың» мәнісі – дүниенің көрінбеген сырын танып-білуге саяды.
Абай танымындағы адам болмысы
Хакім айтқан ақыл, өнеге, өсиет сөз, асыл идеяларды бойыма қайтсем сіңірем деген адамға өзін танымақ шарт. Адам болмысы жайында «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» өлеңінде ойшыл ақын былай дейді:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі (1897).
Тән кіндігі – табиғатта. Жан мен ақыл – рух әлемінен. Бұл екеуі атыңды адам қылады, әрі өлмейді («Табиғат өлсе өлер, адам өлмес»). Сөйтіп, тән мен жан мүлдем екі бөлек нәрсе. Олай болса, қайтіп сыйыспақ? «Жүректе қайрат болмаса» өлеңінде ғұлама мұны былайша ұқтырады:
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең «бер» десе,
Үміт етер таласып (1898).
Жан аяулы, ол тән нені сүйсе, қаласа, соны беруге тырысып бағады. Бірақ тән – тойымсыз, қанағатсыз. Ненің де болса, өлшеуі барын білмейді. Бере берсең «бер» дейді («нәпсі» деген ұғым осы). Жан лажсыз, тән «бере берін» бір қояр, бәлки, тояр деп үміт етпек, таласқа түспек. Пенделік өмір, адам жүрегінің майдан алаңы болуы, міне, осы айтылған таластан туады. Адам жаратылысы басқа жан иелерінен өзгеше. Сондықтан келесі шумақта ұлы ақын: «Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса. Тіршіліктің несі сән, Тереңге бет қоймаса?» дейді. Бұл жерде тереңге (тылсымға) бет қою – Құдай ісін ойлану деген мағынаны білдіреді.
Қорыта айтқанда, жан екеніңді сезіп-біл, нәпсіңді теже. Өзіңді тану процессі деген осы. Абай: «Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?» дейді. Ойшылдың тобырлық сананы сынаған бұл сөзі ескірген жоқ, ол бүгінгі біздерді де шындықпен жүздестіреді.
Енді Абайдың соңғы өлеңінің бірі – «Тоты құс түсті көбелекке» (1902) сәл аялдайық. Осы жұрт «Тасдиқ» трактаты мазмұнын түсіне алды ма деген күмәні көп ойшыл: «Заманды қай жан билемек?» деген сауал тастайды қауымға. Сауал жауабы мынау: «Кім өзінің жан екеніне кәміл сеніп, тәннің «бере беріне» илікпесе, сол кісі заманды билемек!». Өйткені, жоғалмайтын, мәңгі жанға өткінші, уақытша заман қайтіп билік жүргізсін. Дәрменсіз. Заманға бас имеген, илікпеген жан иесі суфизмде «кәміл адам», ал Абай мұрасында ғадаләтті адам, толық адам, таза мұсылман делінген. Қазақтың жалпақ тілі оны «Құдайға қараған адам» дейді. Атаулары бөлек, бірақ ішкі мазмұн бір, оларға ортақ басты ерекшелік – Хақ жолында болуы. Абай: «Өзге жолда не үміт бар?» дейді. Айтса айтқандай, ой-хой, материалдық прогресс дедік, бұл жолдың бақыт әкелгені кәне? Адамзат аңтарылып қалды тап қазір. Өйткені, Абай ілімі бойынша үміт пен қайыр тек қана Құдай тағала жолында! Төменде трактаттың «Өзін танымақ» бөлімін талдау барысында осыған көз жеткізетін боламыз.
Пенделіктің кәмәлаты – Хақ жолы арқылы
«Енді білдіңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз[1] болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып (астын сызған – біз) кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол Құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – Құданың жолы. Ол – ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз Құдайға тағриф хасил[2] болып хас[3] ізгі құлдарынан болмақ үміті бар. Өзге жолда не үміт бар?».
Міне, трактаттың «Өзін танымақ» бөлімін Абай осылайша түйіндейді. Пенделіктің кәмәлат таппағы – Хақ жолы арқылы деген бұл қорытындысына ойшыл терең, әрі жүйелі зерттеу-зерделеу ізденістерін атқара отырып келеді. Төменде соларды рет-ретімен талдап, тәпсірлеп көрмекпіз.
Сөз болып отырған «Өзін танымақ» бөлімін Абай былайша бастаған: «Енді біздің бастағы тағриф бойынша Құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті-құдіретті еді. Сенде бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатің[4] шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың[5] бар болады». Бұл жерде «біздің бастағы тағриф бойынша» деп ұстаз алдыңғы «Алла тағаланы танымақ» бөлімді айтып отыр. Алланың үш ұлық сипаты (ғылым, рахым, ғадаләт) сол бөлімде анықталған болатын.
Сонымен, Алланың үш ұлық сипатына сәйкес адамның да үш басты сипаты болуы керек. Пенденің Аллаға ұқсастығы, Оның соңында болу керектігі баршаға аян ақиқат. Оған орта ғасырлық жәуанмәртлік үш хаслет, сондай-ақ, «кәміл адам» ілімі дәлел. Сол себепті «біздің бастағы тағриф бойынша» деп бастаған жаңағы сөзін Абай былайша жалғастырған:
«Белгілі жәуанмәртлік[6] үш хасләт[7] бірлән болар деген: сиддиқ[8], кәрәм[9], ғақыл[10]. Бұл үшеуінен сиддиқ – ғадаләт болар, кәрәм – шафағат болар. Ғақыл мағлұм-дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұларды әр адамның бойында Алла табарака уа тағала тәхмин[11] бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж[12] беріп гүлдендірмек, бәлки, өз халінше кәмәлатқа жеткізбек адам жәһәтінде[13] болмақ. Бұлар – өз ижтиһатің бірлән ниет халис[14] бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ».
Көрдіңіз бе, сиддиқ (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (ақыл) – адам бойында бар үш қасиеттер. Бұл – жаңалық емес. Абай осы ескі үшкіл мен өзі анықтаған жаңа үшкілді (ғадаләт, рахым, ғылым) салыстыра келе, екеуі бір деп мәлімдеген. Өйткені, оларды әр адамның бойында бар қылып жаратқан бір Алла. Оған рәуаж беріп гүлдендірмек, өз халінше кәмәлатқа жеткізбек адамға парыз іс. Талапсыздық, терең ой іздемеу – ғапылдық. Өмір «хайуанша жүріп күнелтпек»-пен өтпеуге керегі – рухани кемелдік, ниет халиспен (таза ниетпен) іздене беру». Абайдың жеткізбек асыл идеясы, міне, осы.
Хакімнің білуінше, рухани кәмәлатқа жетудің кепілі – Құдай жолына жүруді шарт қылып, қадам басу! Түзу жолды танытпақ не үшін маңызды, Абай оны не себептен мақсұт қылған? Енді осыған келейік.
Ой көзімен қарасаңыз, тіршілік иелерінің жолсыз қалғаны жоқ. Қай-қайсысына да рахымды Алла тағала жол салған. Құс дегеніңіз аспан әлемінде мыңдаған шақырым ұша отырып, іздеген мекенін дөп табады. Судағы балық, таудағы аң, жазықтағы хайуан, бәрі-бәрінің бағыт-бағдардан адаспақ емес, құмырсқа секілді титтей жәндікке шейін өз жолын біледі. Жолын біле алмай, адасудан көз ашпайтын тек Адам Ата нәсілі ғана. Оның өзіндік себебі мынау: Алла тағала адам баласын ерекше иесі қылып жаратқан, әрі таңдау еркі берілген. Оның есесіне түзу жолды табу қиынның қиыны: «Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ», яғни сынаққа толы. Оған бере берсең «бер» дейтін нәпсі қуатын қосыңыз. Ол жеңбей қойсын ба: адамдар дүниеге бой алдырып, аяғын көп шалдырмақ. Не істемек керек?
Алла тағаланың пенделеріне салған жолы бары, ол – киелі кітаптар көрсеткен махаббат һәм әділеттің, өз сөзінше, «Адамзаттың бәрін бауырым деп» сүюдің жолы екені Абайға жақсы мәлім. Сондықтан Хақ жолында болудың мәнісін ұқтыруды былайша бастаған:
«Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі нәрсені: фиғыл Құданың соңында болмақты, өзін Оған құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті».
Пайғамбарлар тура жолды көрсетті. Онан Құдай ісі соңында болуды үйренген рухани ұстаздар көпшілікке үлгі-өнеге берді. Рухани ұстаздар арасынан Абай әулие мен хакімге ерекше көңіл бөлген. Неге? Себебі, жұртшылықты алаң қылған діни адасқандық пен фанатизм төркіні – әулиелікті ұқпауға тіреледі. Абай: «Әрбір наданның «біз тарихатқа кірдік» деп жүргені «біз бұзылдық» дегеніменен бір болады» дейді. Хакімге тоқталған себебі, адамзат көші соңғы ғасырларда жойқын «теориялар» мен сұрапыл «измдер» дәмін татты. Дүниенің ойран болу я болмауы, хакімдік ілім-білімге тәуелді. Осыған көз жетті. Абай: «Құдай соңында бол, өзге жолда не үміт бар?» дейді.
Енді төмендегі мәтінге көз салайық:
«Әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, олар ухрауи[15] пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмадилар. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі. Ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де (әулие мен хакім) бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, Алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемекті екеуі де айтты. Пікірлемектің соңы ғибратламақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым – екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді, бұл – ғадаләт болса керек. Һәм екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл – рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі таифа (топ) әр қайсысы өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмәлаты (астын сызған – біз) әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып «һу» деп тариқатқа[16] кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?
Хәрами[17], макруһи[18] былай тұрсын, Құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһат ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне[19], онан көрмек хұзурға[20] суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па? Сахиб ниғметке[21] шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба?
Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек».
Ұзақ мәтіннен ұғылатыны: әулие де, хакім де үш хасләт (Ғылым, Ғадаләт, Рахым) иелері. Екеуі де: «нәпсісін фида қылушылар». Әулиенің айырмасы: «Дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты». Өйткені, ол рухани кемелдік шыңына шыққан жан. Бірақ оған дүйім жұрт еліктесе, дүние бүлінеді. Сондықтан әулиелік туралы сөзін Абай: «Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ» деп қорытады.
Сөйтіп, әулиелікті емес, рухани кемелдікке тәжірибе жинамай, яғни жақсылықтар жасамай, өмір сынағынан өтпей-ақ жетуге болады деген жалған идеяны сынап отыр. Кәміл иман құр ғана инанмақтық емес, сол сияқты әулиелікке де тәжірибе арқылы жетесің. Маңызды түйін: Алла мен ахирет сияқты ғұмыр да хақиқат («үш анық» дегеніміз де осы).
Енді Абай хакім мен ғалымның айырымына өтеді. Оны: «Хакім, ғалым – асылда бір сөз, бірақ ғарафта[22] басқалар-дүр» деуімен ұқтырған. Әулиенің дүниеге тигізер пайдасын ұмытқаны секілді ғалымның назарынан тылсым сырт қалуы бек мүмкін. Сөйтіп, сыртқы ғылым шеңберінен аса алмай, Хақты таппақ, түпкі себепті білмектен шет қалады. Жан сыры мен жаратылыс сыры бірі бірінен ажырап қалғаны, әрине, зор олқылық.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп білген тұлға қайсы? Ол – хакім. Абай оның толық адам, яғни асыл үлгі екендігін: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің[23] қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы[24] бірлән рәуаж[25] табады» деп жеткізген. Десе дегендей, хакім ілімінсіз махаббат пен әділет жер бетінде салтанат құра алмайды. Бұл – ақиқат!
Қорытынды: Ғылым, ғадаләт һәм махаббат – болмыс заңдылығы. Жеке адам, бүкіл қоғам үшін бақыт, әрі кәмәлат жолы – осы үшеуі. Абай: «Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақыл» дейді. Хакімнің «Өзін танымақ» ілімі жайлы сөзіміз осымен тәмам. Келесі кезекте трактаттың «Дүниені танымақ» бөлімін зерттеп-зерделемекпіз.
Асан Омаров, абайтанушы
[1] Ниһаятсыз (арабша) – шексіз, өлшеусіз.
[2] Тағриф хасил (арабша) – нәтижелі таным, пайдалы қорытынды.
[3] Хас (арабша) – нағыз, өте.
[4] Ижтиһат (арабша) – талаптану, іздену, бір нәрсеге беріле еңбектену.
[5] Инсаният (арабша) – адамгершілік.
[6] Жәуанмәрт (парсыша) – мырза, шүлен, кең пейілді.
[7] Хасләт (арабша) – сипат, түр, қасиет.
[8] Сиддиқ (арабша) – шындық, шын.
[9] Кәрәм (арабша) – ізгілік.
[10] Ғақыл – ақыл, ақылдылық, даналық.
[11] Тәхмин (арабша) – шама, шамасы.
[12] Рәуаж (арабша) – көркейту, пайдаға асыру.
[13] Жәһәт (арабша) – ынта, жігер.
[14] Халис (арабша) – таза, кіршіксіз. Ниет халис – таза ниет.
[15] Ухрауи (арабша) – о дүние, ақирет.
[16] Тариқат (арабша) – діндегі әулиелік жол, тақуалық.
[17] Хәрами (арабша) – арам нәрсе.
[18] Макруһи (арабша) – жиренішті, жаман. Шариғатқа теріс, әбүйірсіз іс.
[19] Ниғмет (арабша) – жақсы өмір, байлық, Алланың берген дәулет, ырысы.
[20] Хұзур (арабша) – көркею, даму, тыныштық, рахат.
[21] Сахиб ниғмет (арабша) – байлық, дәулет иесі. Бұл жерде «Құдайдың бергені» деген мағынада.
[22] Ғараф (арабша) – таным.
[23] Фиғыл пәнде (парсыша) – адам ісі деген мағынада.
[24] Истихраж (арабша) – істеу, шығару, ойлау.
[25] Рәуаж – реттеу, пайдаға асыру, тарату.
Abai.kz