Жұма, 18 Шілде 2025
Көкжиек 127 0 пікір 18 Шілде, 2025 сағат 12:47

Білім берудегі өзекті мәселе – «Үйренуді үйрету»

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде әр салада, соның ішінде білім беру жүйесінде де тың өзгерістер болып жатыр. Бұл өзгерістер қоғамның дамуымен, заман талабымен тығыз байланысты.

Себебі ХХІ ғасыр – ақпарат пен технология ғасыры. Бұл кезеңде тек теориялық білім ғана маңызды емес, қазіргі заман баласы жан-жақты, өз бетімен ойлай алатын, білімді, сыни көзқарас қалыптастыра алатын тұлға болуы тиіс. Осы бағытта еліміздегі білім саласындағы реформалар үлкен рөл атқарып отыр.

Бірінші кезекте, жаңартылған білім беру мазмұнына көшу – бұл өзгерістің басты белесі. Бұл жүйе бұрынғыдай дайын ақпаратты жаттауға емес, керісінше, білімді түсініп, қолдануға, оқушыны зерттеуге, ізденуге, өзіндік пікір айтуға баулиды. Сабақ барысында оқушылар түрлі әдіс-тәсілдер арқылы топта жұмыс істеуді, бір-бірінің пікірін тыңдауды, ортақ шешім қабылдауды үйренеді.  Және мұғалім - оқушы өрісінде ғана емес, оқушы - мұғалім, оқушы - оқушы өрісінде теориялық түрден тәжірибе арқылы түйсіну, өмірде сынап көру, сыни ойлау арқылы нәтижеге жету дағдыларын меңгереді.  Бұл тек білім алу емес, өмірлік маңызды дағдыларды қалыптастыруға жол ашады.

Екіншіден, сыни бағалау жүйесі оқушылардың білімін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе оқушының нақты жетістігін, қай тұста қиналып жатқанын көрсетіп, әрі қарай даму бағытын айқындайды. Бұрынғы 2,3,4,5 секілді жалпылама бағалардан гөрі, қазір әр оқушы дескриптор негізінде өз деңгейін нақты көріп, өз білімін жақсартуға талпынады. Бұл – білім алу барысында оқушының тұлғалық қырларын ашады, өзіне деген сенімін арттырады.

Үшіншіден, білім беру ісіне ақпараттық технологиялардың енуі үлкен серпін берді. Қашықтан оқу, электронды журналдар, онлайн сабақтар, видео ресурстар – барлығы мұғалім мен оқушының жұмысын жеңілдетіп, тиімділікті арттырды. Оқушылар өз бетімен интернет арқылы қосымша материалдар қарап, білім көкжиегін кеңейте алады. Білім берудегі қазіргі өзекті мәселелердің бірі – “Үйренуді үйрету”.  Өйткені гаджетпен өскен, ЖИ мен Google сұрағанын алдына тосып тұрған мына заманда мұғалім оқушыға бағдарламадағы білімді үйретуде қажет дағдыларды, қызығушылықты қалыптастыруы оңай емес.  Бұл жолда мұғалімнің шеберлігін арттыруда қазіргі ақпараттық технологиялар кеңістігінің рөлі зор.  Сонымен қатар, бұл ауыл мен қала арасындағы білім алудағы теңсіздікті азайтуға ықпал етіп келеді.

Білім саласындағы осындай оң өзгерістердің барлығы еліміздің келешегі – жас ұрпақтың сапалы білім алуына, бәсекеге қабілетті азамат болып қалыптасуына бағытталған. Бұл өзгерістер мұғалімдерден де үнемі ізденісті, жаңашылдықты талап етеді. Ал білім саласындағы қызметкерлер заман көшінен қалмай, өз кәсібіне жауапкершілікпен қараса, бұл өзгерістер өз нәтижесін береді.

Қорытындылай келгенде айтарымыз: білім саласындағы реформалар – болашақ үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар. Оның бізге берері мол: сапалы білім, әділ бағалау жүйесі, ақпараттық технологиямен қамтамасыз ету, өмірлік дағдыларды меңгерту – бұлардың барлығы жаңа ұрпақтың жарқын болашағына бастар жол.

Света Жолымова,

М.Жұмабаев атындағы №137 ЖББМ-нің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші

Abai.kz  

0 пікір