Жұма, 8 Тамыз 2025
Билік 277 0 пікір 8 Тамыз, 2025 сағат 12:22

Тоқаев пен Гутерриш кездесуі: көпжақты дипломатияның жаңа бағыты

Сурет: mezgil.kz сайтынан алынды

3 тамыз күні Алматыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесіп, келіссөз жүргізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының Алматыға арнайы келуі – Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі беделінің айқын дәлелі. Бұл сапар БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы алдында өтіп отырғанын ескерсек, оның символдық мәні ғана емес, мазмұндық жүгі де зор екенін көрсетеді.

Баршаға аян, Қазақстан тәуелсіздік алғаннен кейін 1992 жылдан бері БҰҰ мүшесі. Содан бергі үш онжылдықта еліміз жаһандық бейбітшілік, ядролық қарусыздану, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, орнықты даму сияқты бағыттарда нақты бастамалар көтеріп келеді. Қазақстан БҰҰ аясында бірқатар халықаралық шарт пен конвенцияға қосылып, түрлі құрылымдардың белсенді мүшесіне айналды. 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұңғыш рет тұрақты емес мүше болып сайланды. Сол кезде БҰҰ Бас хатшысы өз сөзінде Қазақстанның әлемді жаппай қырып жоятын қарудан арылту жөніндегі жұмысын және таратпау жөніндегі жаһандық күш-жігерін мойындап, жоғары баға берді.

Қазақстан БҰҰ-мен арадағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, жаһандық бастамалардың белсенді қатысушысына айналды. Мұны Президент Тоқаевтың өзі БҰҰ жүйесінде жоғары лауазымды қызмет атқарған тәжірибесімен де байланыстыруға болады.

Бас хатшы Гутерриш бүгінгі кездесуде атап өткендей, Қазақстан – бүгінде диалог пен татулықтың, бейбіт мәміленің символына айналған ел. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту, халықаралық форумдар өткізу, түрлі татулық алаңын ұсыну – осы бағалаудың негізі. Осы тұрғыдан алғанда, Гутерриш сапары Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түскен маңызды оқиға екені сөзсіз.

Орнықты даму орталығы: аймақтық хабтың әлеуеті қандай?

 Сапар аясындағы басты жаңалық – БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының ашылуы.

Бұл бастаманы алғаш рет 2019 жылы Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында ұсынған еді. Ал оның Қазақстанда орналастыру туралы шешім – елге деген сенімнің, географиялық және саяси ұтымдылықтың нәтижесі.

«Алматыда БҰҰ өңірлік хабының құрылуы – еліміздің маңызды сыртқы саяси жетістігі. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесі мен беделін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар көпжақты дипломатиямыздың ауқымы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», - ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали.

Сарапшының айтуынша, жаңа алаң Орталық Азия мен Ауғанстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының 17 Тұрақты даму мақсатына қол жеткізу жолындағы көпжақты күш-жігерді үйлестіру орталығы ретінде қызмет етеді. Оның аясында халықаралық және өңірлік мүдделі тараптар – өңір елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары, жеке сектор және азаматтық қоғам өкілдері – өзара тәжірибе алмасуға, техникалық көмек көрсетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Қазіргі кезде Қазақстанда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. SDG Index Орнықты даму жаһандық рейтингінің деректері бойынша соңғы бес жылда Қазақстан индексі шамамен 71 баллды құрайды. 2024 жылғы қорытынды бойынша Қазақстан 167 елдің ішінде 66-орынға ие болды.

БҰҰ басшысы атап өткендей, бүгінгідей күрделі геосаяси жағдайда бұл орталық – аймақ көшбасшылары арасындағы берік байланыстардың жан-жақты экономикалық интеграцияға қалай ұласатынын көрсететіндей әлеуетке ие.

Қазақстанның мұндай бастамаларды алға тартуы – халықаралық аренадағы беделінің артуымен тікелей байланысты. Алматы хабы – БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстандағы орнықты даму мақсаттарын үйлестіруге арналған алғашқы құрылым.

Антониу Гутерриштің айтуынша, «бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген Орталық Азиядағы ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді». Қазақстан қазіргі кезде көлік, логистика және цифрлық инфрақұрылымының дамуы арқасында көптеген елдерге нақты тәжірибе ұсына алады. БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанды «Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы көпір» деп сипаттауы – соның дәлелі.

Президент Тоқаев Орталықтың миссиясын нақты сипаттай келе, оның басқа ұйымдармен қабаттасып кетпейтінін, керісінше, өңірлік сұраныстарға икемделген жүйелі механизмге айналатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Президент 2025 жылы Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп өңірлік экологиялық саммит өткізетінін де тілге тиек етті. Бұл – әсіресе Арал теңізі мен Каспий теңізінің тартылуы сияқты трансшекаралық экологиялық проблемаларды шешуде өте маңызды.

Ауғанстан мәселесі де Тоқаев пен Гутерриш келіссөздерінің күн тәртібінде болды. Президенттің айтуынша, бұл елдегі бейбіт өмір мен орнықты даму – тұтас өңір қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Қазақстан Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету, білім беру, сауда және азық-түлік қауіпсіздігі бағытында қолдауды жалғастыра бермек. 2024 жылғы мәлімет бойынша, Ауғанстанда 23,7 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Осы күрделі ахуал аясында адамның қадір-қасиеті мен халықаралық құқықтың сақталуы – тұрақтылықтың басты алғышарты ретінде айқындалды.

UN80 реформасы және Қазақстанның жаһандық рөлі

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш арасындағы келіссөздер барысында Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі – күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі болды. Атап айтқанда, БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұсынылған UN80 бастамасы – халықаралық жүйенің тиімділігін арттыруға, жаһандық сын-қатерлерге дер кезінде жауап беруге және көпжақты ынтымақтастықтың маңызын қайта жаңғыртуға бағытталған кешенді реформа ретінде бағаланды.

UN80 – бұл тек құрылымдық жаңарту ғана емес, сонымен қатар ұйымның адамзат алдындағы тарихи миссиясын қайта пайымдау деген ойдамыз. Аталған бастаманың үш негізгі бағыты бар.

Атап айтқанда, БҰҰ жүйесінің ішкі тиімділігін арттыру – әкімшілік процедураларды оңтайландыру, бюрократиялық кедергілерді азайту және шығыны жоғары құрылымдарды артық шығынсыз аймақтарға көшіру. Бұл – БҰҰ-ның жұмысын халыққа жақын әрі икемді етуге бағытталған маңызды қадам.

Екіншіден, БҰҰ мандаттарын қайта қарау – ұйымның ондаған жылдар бойы жинақталған 40 мыңға жуық мандатын деректер мен жасанды интеллект көмегімен талдау. Мақсат – қайталанатын, өзектілігін жоғалтқан бағыттарды қысқартып, нақты басымдықтарға басымдық беру. Бұл үдерістің түпкілікті шешімі мүше мемлекеттердің құзырында.

Үшіншіден, құрылымдық өзгерістер – БҰҰ-ның қазіргі күрделі әрі фрагменттелген архитектурасын қайта құрып, жүйеішілік үйлестіруді күшейту. Бұл бағыт бойынша арнайы жұмыс топтары құрылып, әр сала бойынша ұсыныстар әзірленуде.

Қазақстан бұл бастамаға қолдау білдіре отырып, өзінің БҰҰ шеңберіндегі белсенділігін сақтайтынын және халықаралық жүйедегі реформалардың жауапкершілігін бөлісуге дайын екенін көрсетті.

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Женева бөлімшесі Бас хатшысының орынбасары ретінде тікелей жұмыс істеуі – Қазақстанның көпжақты дипломатия саласындағы терең институционалдық тәжірибесі бар екенін дәлелдейді.

Жалпы Антониу Гутерриштің Алматыға сапары Қазақстанның БҰҰ-мен байланысының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін білдіреді. Бұл сапар аясында өңірлік орнықты даму орталығының ашылуы, Ауғанстанға қатысты геосаяси мәселелер және UN80 реформасының мазмұны талқыланып, нақты уағдаластықтарға жол ашылды.

Президент Тоқаев бұл реформаның мәнін терең түсіне отырып, Қазақстанның ендігі кезеңде тек бастамашы ғана емес, жауапты орындаушы, тиімді үйлестіруші және сенімді серіктес ретінде әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – еліміздің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, жаһандық жүйенің әділетті және тиімді болуына нақты үлес қосуға деген дайындығын білдіреді.

Abai.kz

0 пікір