Дүйсенбі, 11 Тамыз 2025
Алаң 293 0 пікір 11 Тамыз, 2025 сағат 13:40

Үкімет шеттен келген қазақты кері теппеуі тиіс!

Суреттер: Шахай Шүкірәлі Өмірұлы / abai.kz.

КӨШІ-ҚОН ҮРДІСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ ПЕН САЯСАТТЫҢ АРАЖІГІН АЖЫРАТА БІЛГЕН ДҰРЫС…

Премьер-министр Олжас Бектенов мырзаның назарына!

Үкіметбасы Олжас Бектенов алдағы жерде шеттен оралған қандастарымызды еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне тартуға басымдық бермекші екен.

Мен Олжас Абайұлының бұл бастамасын қос қолдап қолдаймын. Тіпті, тәжірибелі маман ретінде көмектесуге де дайынмын!

Есте болатыны, Атажұртына оралған ағайындарды солтүстік және шығыс өңірлерге тарту — бұл — мемлекеттік саясат!

Бұл саясат өңірлік шектеу қою тәртібімен емес, ынталандыру тәсілімен жүргізілуі тиіс.

«Өңірлерде қандастар мен ішкі қоныс аударушыларға барлық қажетті көмек көрсетіп, жәрдем беру керек!», - депті Олжас Бектенов мырза.

Міне, осындай ынталандыру тәсілдерімен…

Ал, шекара сыртындағы ағайындардың Қазақстанға оралуы және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуы — бұл — олардың Ата Заңмен бекітілген құқығы!

Өңірлік шектеу қою — Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келеді.

Демек, алдағы жерде «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты (Қ.Тоқаев) екенін ескере отырып, көші-қон үрдісіндегі ҚҰҚЫҚ пен САЯСАТТЫҢ аражігін ажырата білген дұрыс.

Мемлекеттік саясат ешқашан шеттен оралған қандастарымыздың құқығын шектемеуі керек!

Үкімет осы жағына абай болса екен деймін! Бұл — бір!

Екіншіден, Үкімет басшысы Олжас Бектенов мырза Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 қазанына дейін Үкіметке Қазақстан Республикасының көші-қон және демографиялық саясат тұжырымдамасының жобасын енгізуді тапсырыпты.

Қызық болғанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы № 961 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2023 – 2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы соңына жетпей жатып қайта жалмақшы.

Демек, бұл — 2022 жылғы бес жылдық Тұжырымдама уақыт талабына сай емес, Еліміздің көші-қон саясатын Президенттің тапсырмасына сай өз деңгейінде жүргізуге жарамсыз болды деген сөз!

Аталған 2022 жылы Үкімет бекіткен бес жылдық тұжырымдама қабылданарда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Жолдауындауында осы мәселеге арнайы тоқталып, «Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды!», - деген нұқау берген болатын.

Өкінішке орай, Үкімет Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөзін қаперіне де алған жоқ!

Керісінше, Үкімет өңірлік шектеу қойып, Атажұртына оралған қандастарымыздың құжаттану процессін өте қиындатып жіберді.

Атап айтар болсақ:

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңындағы аты шулы 20-баптың 5) тармағы арқылы Үкімет айқындаған сегіз облыстан өзге тоғыз облыс пен Алматы, Астана, Шымкент – үш қалаға өз бетімен көшіп келіп қоныстанғысы келетін этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесі берілмейтін етіп тастады, сөйтіп оларды қоныстанатын өңірін таңдау құқығынан айырды, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын шектеді;

- бұрын бес жұмыс күні ішінде беріліп келген «Қандас» мәртебесін отыз бес күнде берілетін етіп, жаңадан қатаң тәртіп енгізді;

- «Ата-Жолы» картасы жобасын айналымға енгізгенімен, аталған картаны алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері заңмен бекітілмеген болып шықты;

- «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 21-1-бабының 2 тармағында «Қазақстан Республикасының аумағында тұратын қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балалары өздерінің отбасы мүшелерін қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтінішпен жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады және олардың осы Заңның 19-1-бабында айқындалған тәртіппен оған енгізілуге құқығы бар»- деп ашық жазылғанына қарамастан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығы арқылы қандастардың жесірлерін тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен асырмай берілетін экономикалық мобильділік сертификатынан айырып тастады...

Ол аз десеңіз, 2024 жылғы 12 қыркүйек күні Бас прокуратура қоныс аудару бағдарламасына бөлінген бір миллиардтан астам теңгенің ұрланғаны туралы ақпарат таратты.

Қысқасы, ашығын айтайын, Үкіметтің біз секілді Көші-қон процессін басынан өткізген және Көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері өте белсенді айналысып келе жатқан тәжірибелі мамандармен ақылдаспай, кеңседе отырып жасаған Тұжырымдамасы шекара аттап келген ағайынды азапқа салды, мемлекетті шығынға ұшыратты!

Одан да маңыздысы, Мемлекет пен Президенттің беделіне орасан зор нұқсан жеткізді!

Біз — Қазақстанға болса екен деген нағыз патриотпыз!

Заң шығарушы орган мен атқарушы билік өкілдері жіберген осынау қателіктер туралы қаттырақ айтқанымыз үшін Үкімет бізден қашпауы, керісінше халық үніне құлақ асатын Үкімет бізбен кеңесуі, ұсыныстарымызды ден қойып тыңдауы керек!

Бұдан Үкімет те, халық та ұтылмайды!

Қандастарға жасалған кедергі — Ұлқа, мемлекетке жасалған қастандық деп білемін!

Баяғыдай жылына жүз мыңдап келіп жатқан қазақ жоқ. Көп болса, бір жылда жиырма мыңның о жақ, бұ жағында ғана қандастарымыз оралуда.

Үкімет келген қазақты кері теппеуі тиіс!

Құрметті Олжас Абайұлы бұл жағын да ескерсе екен, алда жасалатын жаңа Тұжырымдамада бұрынғы қателіктер қайталанбаса екен, көшіп келген қандастарымыздың тез құжаттанып, жаңа ортаға бірден сіңісуіне даңғыл жол ашылса екен деймін!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір