Жұма, 22 Тамыз 2025
Мәдениет 159 0 пікір 22 Тамыз, 2025 сағат 13:42

Жетісудың Дәнеші

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Бала кезімізден Қазақ радиосының әуе толқынынан төгілте ән салған Дәнештей әншінің өнеріне тәнті болып өстік. Әкем жарықтық Дәнештің орындауындағы әндерді аса ілтипатпен тыңдайтын да ризашылығын білдіріп отыратын. Жүректен шыққан сұлу сезім жүректерден орын алып, жан-дүниесін тербеп, рахатқа бөлейтін. Әсіресе Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні» әнін жақсы көруші еді. Жалпы Дәнеш ағаның қай әні болса да сырлы сезімге толы, жылы, құлаққа жағымды болып келеді. Ән айту үшін де үлкен жүректің керегі осындайда байқалатын.

Дәнеш Рақышев ағамызды мен өзім Әміре Қашаубаев атындағы екінші әншілер байқауының қортынды концертінде шымылдық сыртында көрдім. Құрбым Гүлмайдан Сүндетова мен жақсы көретін әншім Жақсылық Мырқаев сол конкурста дипломант атанған. Әнші Гүлмайдан ағаймен мені таныстырды. Қолын алдым. Жақыннан бірінші және соңғы көргенім сол еді.

Қазақ радиосында жиырма жеті жыл еңбек етіп, оның ішінде он сегіз жыл музыка редакциясында редактор, аға редактор, Бас редактор, кейінгі он жылда Алтын қорда басшылық еткен мен үшін өнер адамдарының әр әні құлақтан кіріп, жүректе орын тепкен таныс дүние. Әрине күнделікті фономатериалдарды тыңдап, әуе толқынына концерт жасағандықтан әр әнге анализ жасап отырасың. Қысқасы, кімнің жақсы, шебер орындайтыны, кімнің жеткізбей орындап жатқаны айна–қатесіз көрініп тұрады. Эксперт болып аласың.  Менің өзім әр әншіні күніне бір рет беруді қатаң түрде жұмыс ережеме кіргіздім. Біз қай әншіні де адалдықпен әуе толқынынан насихаттадық. Құрметпен қарадық.

«Адамның басы – алланың добы» демекші, саясаттың кесірінен екі мемлекеттің де ыстық-суығын көрген ағамыз елге жеткенде үлкен сағынышын арқалай келіпті. Дәнеш ағамыздың өмірін осы төңіректен өрбітсек.

Заманымыздың бұлбұл әншісі, ұлы даланы әнімен жаңғыртқан дархан дарын иесі Талдықорған облысы Жәркент ауданына қарасты Талды ауылында 1926 жылы дүниеге келген екен. Әкесі Рақыш Қанайұлы, анасы Тәжіхан жүрген ортасында ақындығымен, айтысатын өнерлерімен көзге түскен шешен жандар екен. Дәнештің өз аты – Данияр болса керек, еркелетіп Дәнеш деп кеткен екен. Суан руынан шыққан тұлға.

Алты жасында анасы қайтыс болып, өгей болса да мейірімді әйелдің қолында ерке өседі.

1929-1932 жылдың дүрбелеңінде Дәнеш Рақышевтың ата-анасы Қытай асып, Шығыс Түркістандағы Жарсу, Қарасу бастауыш мектебінде үш класс оқиды. Алғашқы ұстазы Мырзахан Жақыбайұлы. Кейіннен Бұратала ауданының Жаңашәрі ауылындағы орта мектепті бітіреді. Атақты Әсет Найманбаевтың шәкірттері Қадырихан, Мәмет, Қайыпбек сынды әншілерден ән үйренеді.

1946 жылы Шығыс Түркістанның Құлжа қаласында «Дәулет группасы» деген ұйғыр-қазақ театры құрылады. Осы театрға «Білім жұрты» атты институт дәрежесіндегі білім ордасының оқытушысы әнші Байназар Өстемірұлының шақыруымен Дәнеш театрға орналасады.

1948 жылы «Іле қазақ облыстық театры» қайта құрылып, Дәнеш Рақышев осы ұжымды басқарады. Осы театрда жүргенде 1949 жылы Дәнеш ән жаузды бастады. Құрманбек Толыбаевтың өлеңіне жазылған «Мақтанышы елімнің», «Шалқы, сайра», «Шаттық толқыны» әндері сазгердің тырнақалды туындылары. Ол кезде ұйғыр әншілері билеп ән айтатын. Қазақтардың ішінен Мәруа Қасым деген қыз «Мақтанышы елімнің» әнін үйреніп, Шанхай, Пекинде билеп айтатын болыпты.

1950 жылы Қазақстан өнер жұлдыздары Құлжаға гастрольдық сапармен келеді. Ахмет Жұбанов Құрманғазы оркестрін басқарып келеді, құрамында Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, ағайынды Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев, Шара Жиенқұлова, Роза Бағланова болады. Өнер шеберлерінің өнерін көріп, Дәнеш сағынышын басқандай болады.

1956 жылы Қытайға Сәбит Мұқанов келеді. Дәнешті ертіп Әсеттің басына барады.

1956 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстанға Іле қазақ облыстық өнер қайраткерлері Қытайдан Қазақстанға келеді. Елге деген сағынышта шек жоқ. Делегацияны Күләш Байсейітова қарсы алады.

Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өткен концертті Қазақстанның халық әртісі ГүлжиҺан Ғалиева жүргізеді. Концерттің соңында сахнаға шыққан Дәнеш Рақышев толқып кетеді.

Осы сапарда Қырғыз, Тәжік, Түркімен, Өзбек елдерінде өнер көрсетіп қайтты. Осы сапардан кейін Ахмет Жұбанов: «Дәнеш, сен елде қалмайсың ба? Саған білім алу керек» деген сөзі әркез мазалап жүрді. Жұбанов Дәнештің өнерін шын бағалады.

1957 жылы Қытайда «Алып адамдар» деген ұран шығып, әнші-күйші, ақындарды қудалай бастайды. Қуғынға түсетінін сезіп, 1959 жылы Дәнеш Рақышев туған жерге оралды. Қорғас шекарасынан өтіп елмен қауышты. Ол кезде Панфилов ауданының бірінші секретары Сейдәлім Тәнекеев болатын. Содан Көктал ауылында халық театрын ашып, кейін театрды Үшаралға ауыстырады.

Бірде Дәнеш Алматыда өтетін айтысқа қатысады. Айтыстың шымылдығын халық ақыны Қалқа Жапсарбаев ашады. Үш күнге созылған жиында Дәнеш Рақышев өзінің «Саясында алманың» әнін орындайды. Айтысты көріп отырған Мұхтар Әуезов Дәнештің әншілігіне тәнті болады. «Сенің орның Алматы. Өзім көмектесем» деп уәделескен еді, сол жолы Мәскеуге кетіп қайтыс болады.

Сол жолы Нұрғиса Тілендиевпен де танысқан. Нұрекең оны Құрманғазы оркестріне шақырып, белгілі Бибігүл Төлегеновамен бірге Жетісу өңірін ән-күйге бөлеп, өнер көрсетіп қайтқан. Осы жылдары Абдолла Қылышбаевпен танысып, Қазақ радиосының алтын қорына көптеген әндерді жазып қалдырған. Дәнеш әкесі Рақыштың денсаулығына алаңдап Алматыда қала алмады.

1965-1968 жылы Үшаралдағы театрға «Халық театры» атағын берді. Ол театрды Дәнеш 1972 жылға дейін басқарды. Осы жылдан бастап Дәнеш Рақышев Талдықорған облыстық филармониясында жеке әнші болып қызмет атқарды. 1976 жылы 50 жасқа толуына орай Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алса, 1986 жылы 60 жасқа толуына орай Қазақстанның халық әртісі атағының иегері атанды. 1989-1992 жылдары Талдықорғанда филармония жанынан өз мектебін ашып шәкірт тәрбиеледі. 1992 жылдың 6 шілдесінде дүниеден өтті.

Қазақстанның халық әртісі Кенжебек Күмісбеков: «Ғасырдан ғасырға халық әнін жеткізіп, әрқайсысы өз мектебін қалыптастырған Ақан Сері, Сегіз Сері, Біржан Сал, Естай, Жаяу Мұса, Мәди сынды халық композиторлары десек, олардың әндері тамаша эталон жасады. Мен Жетісу әншілік мектебін қалыптастырған Дәнеш Рақышевтың әндерінің құрылымына қайран қаламын. Таланттың көзі осы кісінің жүрегіне ұялаған» деп ерекше баға берген.

Шындығында да Дәнеш әндері айтқан сайын құлпыра түседі. Ол әндерді орындаған сайын әдемілік қосып, иірімдерін қалыңдата береді. Тіпті домбыра қағысын да өзгертіп отырады. Әр айтқан әнін күш-қуатымен, тәжірибесімен әшекейлеп, дәмділей түседі.

Жәркенттің жастардың дені қолына домбыра ұстаса Дәнеш болып шырқағысы келеді. Өйткені олар бала кезден Дәнеш әндерін құлағына құйып, жүрегіне өткізе білген құймақұлақ дарынды балалар.

Дәнеш шәкірттері деп Қажыбек Бекбосынов, Жақсылық Мырқаев, Уақап Сағымбеков, Мырзахмет Мұқаманов, Абылайхан Қармысов, Зарықбек Рақыжанов, Бақберген Асқарбек сынды әншілерді айтуға болады. Дәкеңнің кенже шәкірті Нұржан Жанпейісовтың Дәнеш өнерін насихаттауда, жетілдіруде атқарып жүрген еңбегі ұшан-теңіз. Ол консерватория, Өнер академиясы, Республикалық эстрада-цирк колледжында ұстаздық ете жүріп, Дәнеш Рақышевтың мектебін қалыптастыруда. Өзі де біршама шәкірттерін ұядан ұшырған ұлағатты ұстаз қатарында жемісті еңбек етуде, әншілігі бір бөлек.

Әнші Мырзахмет Мұқаманов ұстазы жайлы тамаша бір естелік айтыпты. Онда: «Әскерден аман-есен ауылға келіп, шаруашылыққа араласа бастағанымда Алматыдан Жансейіт Сауранбаев деген жігіт келіп, «Мырзахмет, сенің өнеріңді естіп жатырмыз, жүр, Дәнеш Рақышев деген ағаң бар, сол кісіге көрінсейші, сен сияқты әншілер жоқ, театрға барайық» деген соң бір шешімге келіп, Жансейітке еріп Көкталдағы халық театрына келдім. Бұл халық театрын совхоз директоры Әзтай Ерсалиев ашып берген екен. Сол жерде Дәнеш ағамыз көркемдік жетекші болып қызмет етеді екен. Мен Дәнеш аға жоқта Баттал деген баяншы кісімен ән айтуға дайындалып алғам. Ерғали Наймантаев деген кісі бар екен. Марқұм Асқар Наймантаевтың әкесі. Дәнеш ағаны ұстаз тұтқан адам еді. Дәнеш аға әйелімен бөлмеге кіріп келді. «Бөтен бала қайдан жүр?-деп еді, Жансейіт «сіздің ауылдың баласы, әнін тыңдап көріңіз!» деді. «Қандай ән айтасың?» деп, Дәнеш аға сұрап жатыр. Мен қырғыздың «Таулар» деген әнін айтамын дедім. Тағы  екі-үш ән орындап бердім. «Мынау нағыз әнші екен ғой» деп, Дәкең ұнатып қалды. Инербаев деген театр режиссеры бар еді, ол келіп қалып «театрға алсақ алайық, жалақысы отыз сом» дегенде мен сәл ойланып қалдым. «Комбайнда үш жүз сом алушы едім, бұл қалай болады екен» деген ой келді. Өнер үшін азға қанағат етіп, халық театрында бір жарым жыл қызмет еттім.

Бір күні Дәнеш ағаны Талдықорғанның облыстық филармониясына әншілікке шақырады. Кейін оқу бітірген соң мен Дәнеш ағамен бір филармонияда көп жыл еңбек еттім. Білмегенімді сұрап, өмір бойы ұстаз тұттым» деген еді.

Көп жыл бойы Дәнешпен шығармашылық байланыста болған Құрманбай Толыбаев: «Дәнеш ән айтқанда өзіндік мотивпен айтады. Өзі қандай қарапайым болса айтқан әні де қарапайым. Кез келген тыңдаушының рухын қозғап, жүрек қылын шертеді» дейтін.

Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың орындауында Қазақ радиосының алтын қорында 100-ге жуық ән бар. Басым көпшілігі өз әндері. Олар: «Қайран Құлагерім-ай», «Келші аяулым», «Соқ жүрек», «Бикешім», «Белжайлау», «Шалкөдем», «Аңсаған аяулым», «Арнау», «Арманым-аққуым», «Сұлу жирен», «Бесік жыры», «Балжанай», «Бақытым бол», «Шалқы, сайра», «Аңсау», «Жан сәулем», «Сағыныш», «Ән салайын», «Туған жер», «Баянауыл-бал бесігім» десек, Әсет Найманбаевтың «Қарагөз», «Қалқаш-ау», «Ахау жалған», «Жас туралы», «Қоңыр қаз», «Қысмет», «Ардақ», «Өтті дүние», Сәдіғожаның «Сары бидай», «Ақ қаз едім», «Ахау айым», «Еркемай», Үкілі Ыбырайдың «Аңшының әні», Ақан Серінің «Мақпал», Таңжарықтың  «Ақындар сыры», «Елмен амандасу», Естайдың «Бір мысқал», «Қорлан», «Жайқоңыр», Балуан Шолақтың «Ғалиясы» сынды әндері келер ғасырға мирас.

Алтын Иманбаева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері   

Abai.kz

0 пікір