Жұма, 22 Тамыз 2025
Әне, көрдің бе? 157 0 пікір 22 Тамыз, 2025 сағат 14:24

Трамп Мадуроны тақтан тайдыра ма?

Сурет: The Moskow Times сайтынан алынды

Кубалық музыкант Мигель Гутьеррес Карбонельдің әні күтпеген жерден Венесуэлада үлкен резонанс тудырды. Бес күннің ішінде TikTok-та 400 мыңнан астам, YouTube-та жүз мыңнан аса қаралым жинаған туындыны қазір елдегі мыңдаған үй тыңдап отыр. Әннің мәтінінде: «Бүркіт көкке көтерілсе – ол олжасын көреді. Енді сен қоршаудасың, Николас, аңшылық басталды» деген жолдар бар. Бейнебаянда Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның серіктері америкалық DEA тікұшақтарынан бас сауғалап қашқандай бейнеленген.

Бұл әннен кейін жағдай одан сайын ушығып, АҚШ соңғы онжылдықтағы ең ірі теңіз операциясын бастау туралы шешім қабылдады. Венесуэла жағалауына төрт мың теңіз жаяу әскері бар үш эсминец, P-8 Poseidon ұшақтары және ядролық қару алып жүре алатын су асты қайығы жөнелтілді. USS Gravely, USS Jason Dunham және USS Sampson эсминецтері 36 сағат ішінде жетеді деп күтілуде.

Бұл операция – Дональд Трамп әкімшілігінің есірткі контрабандасына қарсы күрес бағдарламасының бір бөлігі. Жақында АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди Мадуроның басына тігілген сыйақыны екі есеге өсіріп, 50 миллион долларға жеткізді. Бұл сома кезінде Усама бен Ладен үшін жарияланған ақшадан да көп.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубио да Мадуро режимін АҚШ-қа кокаин жеткізумен айналысты деп айыптады. Бұған дейін Трамп әкімшілігі венесуэлалық Tren de Aragua, мексикалық Sinaloa картелі мен венесуэлалық Cartel de los Soles ұйымдарын террористік топ деп таныған. Соңғысының құрамында қазіргі және бұрынғы жоғары шенді әскерилер бар, ал Америкада бұл құрылымды тікелей Мадуро басқарады деген пікір бар. Дегенмен шын басшысы — оның серігі Диосдадо Кабельо болуы мүмкін деген де болжам айтылады.

Ақ үй Венесуэланы ресми түрде «есірткі елі» деп жариялап, Трамп картельге қарсы әскери соққы беруге рұқсат ететін жарлыққа қол қойды. Бұл құжат АҚШ теңіз жаяу әскерлеріне тікелей жер үстіндегі операцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Әскери сарапшылар Пентагон Мадуроны тұтқындау үшін арнайы жасақ операциясын іске қосуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мұндай сценарий 1989 жылы Панама басшысы Мануэль Норьеганы ұстау операциясына ұқсайды.

Әскери қысымға жауап ретінде Мадуро «ұлттық егемендікті қорғау үшін» 4,5 миллион халықтық жасақты жұмылдыратынын жариялады. Алайда сарапшылар бұл мәлімдемені негізсіз деп санайды. Венесуэла қазір Латын Америкасында оқшауланған елге айналған. Оны ашық қолдаған жалғыз саясаткер – Колумбия президенті, бұрынғы көтерілісші Густаво Петро. Ол Х платформасында: «Венесуэлаға жасалған шабуыл – бүкіл Латын Америкасы мен Кариб аймағына жасалған соққы» деп жазды.

Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде-ақ Венесуэлаға әскери операция жасау мүмкіндігі талқыланған. Бірақ ол кезде бұл жоспар іске аспады. Қазір АҚШ әскерінің Венесуэладағы партизандық соғыстарға араласуы вьетнамдық тәжірибенің қайталануына әкелуі мүмкін деген күдік бар. Дегенмен америкалық эсминецтердің «Томагавк» зымырандарымен Венесуэладағы нысандарға соққы жасауға толық мүмкіндігі бар.

Сонымен, Вашингтон Мадуроға қарсы «аңшылықты» бастап кетті.

Abai.kz

0 пікір