Бейсенбі, 28 Тамыз 2025
Әне, көрдің бе? 384 0 пікір 27 Тамыз, 2025 сағат 14:55

Тарихқа әркімнің де бар таласы...

Сурет: E-history.kz сайтынан алынды

Әуесқой дегенге кейбір адамдар шамданады. Мен, өз басым тарихпен әуестену, мысалы жеті атасын, жер-су, ескерткіштердің тарихын білу әр азаматқа міндетті деп есптеймін. Әрине, кәсіби тарихшының жөні бөлек.

Тарих жазушылар, яғни тарихнама маңайында әртүрлі адамдар бар. Бірі кәсіби тарихшы, бірі әуесқой тарихшы, бірі өлкетанушы, бірі насаб-намашы т.б. Олардың әр қайсысы өзіне тиесілі, халық керек қылатын қызмет атқарады.

Кәсіби тарихшы болу үшін тарих факультетін бітіру керек деген түсінік бар. Бұл қате. Тарихшы болу үшін осы мамандықтың ірге тасы 20-25 пәнді игерген дұрыс, егер ондай мүмкіндік болмаған жағдайда мықты ұстаздардың қолынан өтуі керек. Қазақтың байырғы тарихшылары (шежірешілері) әдетте бірнеше ұстаздан дәріс алады. Мәшһүр «сөз ұғып, үлгі-өнеге алған ұстаздарым» деп Қамар хазіретті (ескі сөзге жүйрік, тілді кісі еді), Бердалы қожа, Құрман қожа баласы Қасен қажыны (шежіре атанған кісі еді), Мұса Шорманұғлы мен Секербайды (тілді кісілер еді), Бөгенбай ұрпағы Саққұлақты (шежіре атанған кісі еді) атайды.

Тарих факультетінде 4-5 жыл оқып тарихтың иісі мұрнына бармаған «тарихшылар» да болады. Біздің заманымызда елдің көпшілігі тарих мамандығына тарихшы боламын деп емес, комсомол, партия қызметіне кіремін деп түсуші еді (көбінесе ата-анасының жетегінде, не қамқоршы, кеңесші адамдардың айтуымен). Кейін бірдеме қылып қорғап, одан қызмет алып төбемізге әңгір таяғын орнатқандар солар. Қазіргі уақытта өзге мамандыққа балы жетпеген жағдайда тарихқа (археология- этнология, мәдениеттану т.б.) түсе салады да лекцияда өлген қойдың көзіндей, нұр жоқ, бозарып отырады.

Кәсіби тарихшының деңгейін анықтайтын бір ғана критерии бар, ол ғылыми монографиясы. Әдетте кәсіби тарихшының деңгейі кандидаттық, не докторлық диссертация негізінде дайындалған ғылыми монографиямен өлшенеді. Оның ішінен дәлелсіз бір сөз, немесе солай болуы мүмкін деген бос әңгіме шықса лақтырып жіберіңіз. Кәсіби тарихшы тарихтың белгілі бір кезеңдері, белгілі бір кеңістігі шеңберінде жұмыс жасайды және сол кезең мен кеңістікке қатысты бірден бір маман болады.

Ең мықты тарихшылар индуктивті, яғни жалқыдан жалпыға жұмыс істейді. Кейбір тарихшылар дедуктіивті, яғни жалпыдан жалқыға қарай зерттеулер жасайды. Бұл өте қауіпті жол. Люсьен Феврдің «Combats pour L,Historie» (Тарих үшін шайқастар) кітабында А.Тойнбиді көзбояушы атағанына көңіл аударыңыз. Біз жақсы білетін Л.Гумилевтің пассионарлық теориясы белгілі дәрежеде А.Тойнбидің мұрасы. Ғылыми тарихнаманың толып жатқан зерттеу әдіс-тәсілері бар, оларды кейін жазамыз.

Әуесқой тарихшы ғылыми тарихнаманы көпшілікке жеткізетін адам, яғни ғылым мен қарапайым оқырман, тыңдаушы арасындағы медиатор деуге болады.

Әуесқой тарихшылардың деңгейі жадына, жалпы кругозоры мен интеллектісіне қарай анықталады. Олардың негізгі міндеті ғылыми әдебиетте дәйекті жазылған дүниені халыққа түсінікті қылып ұсыну. Бұл жерде онлайн хабар болса әуесқойдың сөйлеу қабілеті, ал егер ол жазушы болатын болса жазу өрнегі маңызды. Тарихты тұздықтаймын деп дәмін бүлдіріп алатын да, немесе кәсіби тарихшымын деп өзін де, елді де алдайтын әуесқой тарихшылар болады.

Кез келген тарихшы еңбегінің бағасын деректерді талдау қасиеті мен қабілетіне қарай бересіз. Нағыз кәсіби тарихшы бір, немесе бірнеше дерек көзіне сүйенеді. Мәселен, сіз Көне грек дерегіне сүйенетін болсаңыз, онда алдымен деректанушылық жұмыс жүргізесіз. Оның басты шарты тілді терең үйрену, яғни сіз күнделікті қолданыстағы грек тілімен қатар, оның астарлы тілін де үйренуіңіз керек. Бұл Қытай жылнамаларына т.б. дерек көздеріне де қатысты.

Ал қазақ тарихын қазақ тілінсіз, қазақ дерегінсіз жазамын деген ар алдында, ел алдында қылмыс.

Бүгінгі әңгімені Нидерланд тарихшысы және мәдениеттанушы

И.Хейзинга сөзімен аяқтайық: «сол екі ортада пысық, табанды эволюционистер шықты, олар үшін әлемдік тарихтың бір де жұмбағы қалған жоқ, олардың қалтасында дайын кілт бар, керек десеңіз бір заманның екіншісінен айырмашылығын, мемлекеттер мен мәдениеттердің бірін-бірі алмастыруын, сіз үшін түсіндіріп береді. Жүректерінде еш қорқыныш жоқ, олар өздерінің сымнан жасаған кілтсымағымен жеті қат жер астындағы тарихтың есігін ашады. Және олар қашанда табысқа жетеді. Олардың қолында әлемдік процесс жарық дүниедегі ең оңай шаруа...Бізге, әрине, бұл дилетанттардың популистік шығармалары көпшілік қауымның сұраныстарына жауап береді деп уәж айтылатыны сөзсіз. Бұл сияқты жауап осы ғаламат үлкен аудиторияның маңызын ескермегендік болар еді. Ғалымдардың эзотерикалық тобының меншігіне түсіп қалған тарих ғылымы –сенімсіз дүние; ол жалпы білімді азаматтардың жетістіктеріне негізделген тарих мәдениетінің ірге тасында сүйенуі керек. Бұл кітаптар көпшілік қауымның бүгінгі қызығушылығының өте күмәнді бағыттарда кеткенін дәлелдейді» (Хейзинга И. Хомо луденс; статьи по истории культуры (пер., сост., вступит. ст. Д.В. Сильвестора. Ком. Д.Э. Харитонович). М., 1997,226-230 бб.).

Бүгінгі күні И.Хейзинга айтқандай «тарихтың қанын судай ағызатын» тарихшылар көбейіп кетті, олар туралы әңгімеге кейін бір ораламыз.

Жамбыл.Артықбаев

Abai.kz

 

0 пікір