Бейсенбі, 4 Қыркүйек 2025
Күбіртке 293 0 пікір 4 Қыркүйек, 2025 сағат 13:27

Түгел түріктің ортақ сәлемі қандай?

Сурет: eliturk.ru сайтынан алынды.

Ортақ түріктік сәлем – түрік суперэтносының біртұтас ұлт болып нақты бірігуінің басы!

Қоғамдық, күнделікті өмірде де сәлемдесудің айрықша мәні бар. Бұл өзара қарым-қатынастың одан әрі дамуына әсер ететін байланыс орнатудың,  түсіністіктің басы.

Сәлемдесуші сәлемдесу арқылы сәлем бағытталған адамға деген өзінің қатынасын, сыйлайтынын, достығын, туыстығын, сүйіспеншілігін, немесе сыйламайтынын, елемейтінін, өзін жоғары санайтынын, т.б. көрсетеді. Сәлемдесудің сөзі, түрі, мағынасы сәлем арналған адамда бірден түсіну, соған сай сезім, қимыл тудырады.  Мұның ашық көрінісі әрдайым шынайы бола бермейді, көрсетілмеген жағы да болады, мәнін түсіну, қабылдаудан туындаған.

Сәлемдесудің бастысы нәтижесі, сәлем берушінің өз жағы, немесе олай емес екенін сәлем қабылдаушының түсіне бастауында. Біз түріктектестер, түп-тамырымыз бір болса да, өзімізді бір халық санасақ та, бір-бірімізбен әртүрлі түрде амандасамыз – ассалаумалейкум, сәлеметсізбе, қайырлы күн, сәлем, т.б., және олардың диалектілік, жергілікті түрлерімен.

Бірақ мұның бәрі сәлем беруші өзімнің түрігім бе, басқа ма, анық түсінік бермейді. Өзім Қазақстанның оңтүстігіндегі таза қазақ ауылында ер кісілер бір-бірімен «ассалаумалейкум», қатындармен «армаңыздар», қатындар бір-бірімен «армаңыздар» деп амандасатын өңірде туып, өстім.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Өзбекстанның Тәшкен атырабындағы, қазір өзбек аталып кеткен құрама, сарттар да «ассалаумалейкум», «армайлар» деп, осыған ұқсас амандасатын, ал жастары «салом» дей бастаған еді.

Сөйтіп қазақтар да, «өзбектер» де, яғни қаймағы бұзылмаған, байырғы ата-жұрттағы түріктер «армаңыздар», «армайлар» деп амандасатын. Сондықтан мұны түріктердің байырғы, өзіндік халықтық сәлемдесуі деп пайымдауымызға болатын сияқты.

Қазір Қазақстанның теле-, радио арналарының кейбірінде «Армысыз-дар» деген сәлем беру қолданылуда. «Армаңыздар», «армайлар» деген жоғарыда айтылған амандасудың жаңғырығы сияқты. Дегенмен «армысыздар» тамыры мыңжылдық, ғасырларға, біз түріктер «әлемді тербелдірген» кездегі сәлемімізге сәйкес пе, жоқ па, сеніммен айту қиын. Өйткені жорналшылар арасында да орыс тілді ортадан келгендер көп, қазақ тілін терең түсінбесе де нан табу, мансап, қызмет үшін қолдана, орыстай ойлатын. Олар қазақтың төл сөздерін, сөйлем құрастыру, ұйқастыру жолдарын елемейді, қазақ тіліне, қазақтың дүниетанымына тән емес сөз, сөйлемдер-мен ойларын жариялап, көпшілікке бетбақтырмай таңуда. Және мұндайлар таза қазақ ортасынан шыққан, қазақтың әрбір сөз, сөйлемдерінің мағынасын жан-тәнімен шынайы түсінетін тұлғаларды да мысқылдап менсібейді. Мысалы, осы күнге дейін қазақ тілін жеткілікті меңгере алмай жүрген, кезінде мәскеудің әдебиет институтынан қуып  жіберілсе де орыс тіліне берілген, орыс тілді, дақпыртпен тобырды табындырған, дүбәрә Олжас Сүлейменов, ауылдардан келіп, бар болғаны пединститут бітіре, бірдеңелерді айта, құқықтарын қуалайды деп қазақ жазушыларына жиіркенішпен қарайды, ал өзі Ресеймен ортақ мәдени кеңістік құрайық дейді.

Қазақ тілін білгішсымақ, бұрмалаушылардың шектен шыққаны соншама,  мысалы «ақбөкенді» (орысшасы «сайгак») «киік» (орысшасы «олень»), «қарасан», «топалаң», «кебенек» деген ауруларды «сібір жарасы» деп атап, қазақ тіліне мүлде жат «мен ойлаймын» деген сөйлемді, орыстың «я думаю» деген калькасын айналымға енгізді. Мұндай келеңсіздік өте көп, өрбуде.

Сондықтан «армысыз» мағынасы жағынан біздің халықтық сәлемдесуі-мізге ұқсас болғанымен, оның бұрмаланған сөз емес екеніне сенімді емеспін.

«Армаңыздар», «армайлар» деп сәлемдесулерде намысың бар ма деп сұрайтын сияқты, сол арқылы сәлемдесушінің өзінің де намысы бар екенін білдіргендей. Демек бұл көне түріктердің дүниетанымдық негізіне сәйкес келеді. Бірлік пен жаңғыруға ұмтылған түрік суперэтносына лайық. Десек те біз дәл осы сәлемдесулер түріктердің ортақ сәлемдесуіне айналуы керек деп нақты айта алмаймыз, ал мәні негіз етуге болатын сияқты.

Сонымен қатар, қазіргі кезде қолданыста жүрген сәлемдесулерден тез құтылу керек демейміз. Бірақ олар дүниетанымы, мақсаты басқа халықтар-дан келген. Түріктігімізді сақтаймыз десек, олардың арнасында қалу әбестік.

Жақұтқа, шорға, шаваш, хақас, алтай, тувалыққа, басқа түріктерге «ассаламалейкум», «здравствуйте», т.с.с. сәлем беруіміз орынсыз. Солай етсек кездесудің алғашқы сәтінен ол бауырларымыздың этникалық, дүниетаным сезіміне тиіскен боламыз. Бұл түрік бірлігінің барлық этностар санына, басқа да белгілеріне қарамастан тең деген басты қағидасына түбегейлі қайшы. Басқа халықтардың сәлемдесулерін, мысалы салом, сәлеметсіз бе, гун айдын, т.с.с., өз тіліміздікі сияқты етіп жаңа сөз шығарып қолдану да өте орынсыз.

Бұл сөз-ұғымдарды тілімізге икемдегенмен мағынасы өзгермеген, тақиямызды кисе де өзгелердің сәлемдесуі болып қала береді. Ол сәлемдесулер өзге халықтың өмірге көзқарасынан, пиғыл, мақсаты-нан туындаған. Олардың түсінік, мақсаттары біздіккінен алшақ. Және өзіміз-дікі бола тура олардікін қолдану өзімізді өзіміздің силамауымыз, басқаларға ергеніміз, тіпті жаулардың қақпанына түскеніміз. Және бұл бойынша өзіміздің түкке тұрмайтынымызды мойындау.

Батыстың жастары «іріп-шіріген иудей-христиан қоғамын» өзгертеміз деп жатқанда оларды сәлемдесуін бетке ұстауымыз нағыз сорлылық.

Бір халықпыз, бірігеміз деген шынайы ниетіміз болса, арлылық, бауыр-малдылық сияқты дүниетанымдық ұстанымдарымызға сай ортақ түріктік сәлемдесуді таңдау, қажет болса құрастырып, қолдана бастауымыздың маңызы теңдесіз. Мұндай сәлемдесу, сәлемдесушінің арлы, ойы, тілегі бір бауырым екеніне әу бастан көзімді жеткізіп, онымен ойланбай ортақ іске бірге жұмылатын ететін болуы керек.

Құрметті бауырлар!

Бәрімізге айтылу, жазылуы да мүмкіндігінше бірдей, ортақ  түріктік сәлемдесу туралы пікір айтып, нұсқаларын ұсынуларыңызды сұраймыз. Бұл ретте сәлемдесуіміз нағыз түріктік құндылық, талпыныстарға негізделген болуы тиіс.

Ортақ түріктік сәлемдесу – түрік суперэтносының, барша түріктің біртұтас ұлт болып нақты бірігуінің бастамасы.

Құрметпен,  академик Е.Сұлтанмұрат,

«Түрік халықтарының дүниежүзілік Ассамблеясы» халықаралық қоғамдық ұйымының президенті

Abai.kz

0 пікір