«ДосболLike»: Баланың жан дүниесіне жол табу...
Мектеп - тек білім беретін орта емес. Бала тұлға ретінде қалыптасып, өзін және өзгені танитын, қарым-қатынас жасауды үйренетін кеңістік. Баланың әлеуметтенуі, қарым-қатынас дағдылары, эмоциялық зердесі, мінез-құлқын реттеу тетіктері де мектепте қалыптасып, дамиды.
Ол ұжымның бір бөлігі екенін мектеп табалдырығын аттаған кезде алғаш рет сезінеді, достық пен қолдауды бастан кешіреді, кейде тіпті реніш пен шеттетуді де көреді. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесінде тек академиялық жетістікке емес, баланың психологиялық әл-ауқатына, эмоциялық қауіпсіздігіне және әлеуметтік дағдыларына да ерекше назар аудару қажет. Осы тұрғыдан алғанда «ӨРКЕН» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты әзірлеген «ДосболLIKE» - қазіргі мектептегі ең маңызды бағдарламаның бірі. Бағдарламаның басты мақсаты - білім беру ұйымдарында жәбірлеудің алдын алу, қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыру және балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту. Бағдарламада жәбірлеудің профилактикасы тек жекелеген іс-шаралар арқылы емес, тұтас жүйелі, кешенді жұмыс ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, «ДосболLIKE» бағдарламасының «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасымен мазмұндық, құндылықтық тұрғыда тығыз байланысты екенін айта кеткеніміз жөн. Екі бағдарлама да мектепте баланың тұлғалық қалыптасуын, адамгершілік құндылықтарын дамытуды көздейді. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы оқушыларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағытталса, «ДосболLIKE» бағдарламасы сол құндылықтарды күнделікті мектеп өміріндегі қарым-қатынас мәдениеті арқылы тәжірибеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, «Адал азамат» бағдарламасындағы адалдық, құрмет, жауапкершілік, еңбекқорлық, мейірімділік, ынтымақтастық құндылықтары «ДосболLIKE» бағдарламасының мазмұнында достық қарым-қатынас, жәбірлеудің алдын алу, өзара қолдау көрсету, қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы көрініс табатыны сөзсіз. Бағдарламалардың өзара байланысы әсіресе оқушылардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту бағытында анық байқалады. «ДосболLIKE» бағдарламасындағы тренингтер, топтық жұмыстар, рефлексиялық жаттығулар мен бірлескен әлеуметтік жобалар оқушылардың эмпатиясын, өзара сыйластығын, жауапты мінез-құлқын, жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастырады. Бұл өз кезегінде «Адал азамат» бағдарламасының басты нәтижесі болып саналатын қоғамға пайдалы, саналы әрі жауапты тұлғаны тәрбиелеуге ықпал етеді.
Сонымен қатар екі бағдарлама да тәрбиені тек ақпарат беру үдерісі ретінде емес, баланың ішкі жан дүниесін дамытуға бағытталған кешенді педагогикалық ықпал ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан алғанда, «ДосболLIKE» бағдарламасын «Адал азамат» бағдарламасындағы құндылықтарды мектептің күнделікті тәрбиелік тәжірибесіне енгізудің тиімді практикалық тетігі деуге де болады.
Баланың мінез-құлқы, қарым-қатынас мәдениеті, өзгені қабылдау қабілеті бір күнде қалыптаспайды. Бала бір күнде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына жиған тұлға боп шыға келмейді. Оған үлкендердің, ортаның, педагогтердің ықпалы керек. Осы үдеден шығатын «ДосболLIKE» бағдарламасының құрылымы кезең-кезеңімен ұйымдастырылған. Әр сабақ баланың ішкі әлемі, яғни жан-дүниесіне біртіндеп әсер етіп, өзін танудан бастап, өзгемен үйлесімді қарым-қатынас жасауға дейінгі жолды қамтиды.
Баланың жан дүниесі (ішкі әлемі) өте нәзік. Онда бірнеше психологиялық және рухани қабаттар бар. «ДосболLIKE» бағдарламасы осы қабаттарды сынып жетекшісі жүргізетін әлеуметтік жобалар арқылы біртіндеп дамытуды көздейді. Атап айтқанда баланың эмоциялық әлемі... Бала қуаныш, реніш, қорқыныш, сенім сияқты сезімдерді танып, оларды білдіруді және реттеуді үйренеді. Баланың өзін-өзі бағалау және «Мен» бейнесі ашылады. «Мен қандаймын?», «Менің қолымнан не келеді?» деген түсінік қалыптасады. Бұл оның өзіне сенімділігі мен өмірлік ұстанымына әсер етеді. Сонымен қатар, қарым-қатынас мәдениеті, адамдармен қалай сөйлесу, тыңдау, түсіну, жанашыр болу сияқты әлеуметтік дағдылары дамиды. Құндылықтар жүйесі, жақсылық пен жамандықты ажырату, әділдік, адалдық, достық сияқты ішкі өлшемдері қалыптасады. Әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы баланың Ар-ождан және ішкі бақылауы күшейеді. Бала сыртқы ережеге ғана емес, өзінің ішкі «дұрыс/бұрыс» сезіміне сүйене бастайды. Сондай-ақ қиял мен шығармашылық әлемі, яғни ойлау еркіндігі, елестету, жаңа идея табу қабілеті дамиды. Ерік-жігері артып, табанды бола бастайды. Басталған істі аяғына жеткізу, қиындыққа төзу, мақсатқа ұмтылу сияқты қасиеттері қалыптасады. Осының бәрі - баланың тұлғалық қалыптасуына негіз болатын факторлар.
Әлеуметтік жобаға қатысу арқылы бала өзінің даралығын түсінеді. Бұл - өте маңызды мәселе. Себебі өзін қабылдай алмаған бала өзгені де қабылдай алмайды. Өзін үнемі басқамен салыстыратын, өзінің ерекшелігін түсінбейтін, түсінсе де кемшілік ретінде қабылдайтын баланың бойында қорғаныс реакциялары қалыптасып, ол агрессия немесе тұйықталуға, оқшаулануға әкеледі. Ал өз құндылығын сезінген баланың бойында ішкі тұрақтылық пайда болады. Мұндай бала өзгелердің де ерекшелігін құрметтеуге бейім келеді. Мектеп партасында отырған балалар бір-бірімен тең, алайда олардың мүмкіндіктері әртүрлі. Біреудің жасағанын екінші біреу жасай алмауы мүмкін, бірақ басқа нәрсені бәрінен артық жасайды. Әр баланың бойында осындай артықшылықтар, айырмашылықтар болады. Жобаға қатысу арқылы балалар осы айырмашылықтардың құндылығын түсінеді. Бұл кезеңнің педагогикалық маңызы өте терең. Қоғамдағы көптеген жанжалдар мен жәбірлеу жағдайлары көпшілікке ұқсамайтын адамды қабылдай алмаудан туындайды. Біреудің мінезі, біреудің сырт келбеті, сөйлеуі немесе қызығушылығы өзгеше болуы мүмкін. Бала осы айырмашылықтарды табиғи құбылыс ретінде қабылдауды үйренгенде ғана қауіпсіз орта қалыптаса бастайды.
Бағдарламаның ең құнды тұстарының бірі - сабақтар арасында жүретін практикалық жұмыстар. Көп жағдайда тәрбиелік сабақтар тек бір реттік әсермен шектеліп қалады. Балалар сабақта жақсы ой, жылы сөздер айтқанымен, күнделікті өмірде қайтадан бұрынғы мінез-құлық үлгілеріне оралады. Ал «ДосболLIKE» бағдарламасында тәрбиелік ықпал жобаның негізгі кезеңі болып табылатын сабақтармен аяқталмайды. Керісінше, сабақтар аралығында жүретін күнделікті шағын тәжірибелер арқылы баланың мінез-құлқы бекітіледі. «Ынтымағымыз жарасса...» (1-сынып) сияқты сабақтар бүкіл жұмыстың логикалық нәтижесі ретінде ұйымдастырылады. Бұл кезеңде бала өзін ұжымның бір бөлігі ретінде сезінеді. «Достық ағашы» сияқты әдіс-тәсілдер балаларға «мен маңызды адаммын», «менің де үлесім бар» деген сезім ұялатады. Ал бұл - буллингтің алдын алудағы ең маңызды психологиялық факторлардың бірі.
Бағдарламада сынып жетекшісінің рөлі де ерекше көрсетілген. Мұғалім тек бақылаушы емес, қарым-қатынасты ұйымдастырушы, медиатор, балаға қажет кезде қолдау көрсететін ересек тұлға ретінде қарастырылады. Әсіресе тұйық, сыныптастары бөліп тастаған немесе жанжалға бейім балаларға ерекше назар аудару қажет. Бұл - инклюзивті және қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды шарты.
Сонымен қатар бағдарламада ата-аналармен жүргізілетін жұмыс та маңызды орын алады. Баланың мінез-құлқы тек мектепте емес, отбасында да қалыптасатынын естен шығармағанымыз абзал. Егер мектеп мейірімділікке тәрбиелеп, ал үйде агрессия қалыпты құбылыс ретінде қабылданса, онда мектепте берілген тәрбиенің ықпалы әлсірейді. Сондықтан ата-аналарға буллинг мәселесі бойынша ағарту жұмыстарын ұйымдастыру - бағдарламаның маңызды бөлігі. Мектеп әкімшілігі бұл сабақтарды Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының немесе «Даналық мектебі» клубының жұмысына кіріктіру арқылы жүргізе алады.
Жәбірлеудің алдын алу - тек агрессиямен күрес емес. Бұл - мектепте мейірімділік, зорлыққа мүлде төзбейтін мәдениет қалыптастыру арқылы жүзеге асырылу қажет. Егер сыныпта бір-бірін қолдау, тыңдау, қабылдау қалыпты құндылыққа айналса, жәбірлеу, әлімжеттік жағдайларына орын азаяды.
Бағдарламаның тағы бір ерекшелігі - оның жүйелілігі. Мұнда тек балалармен емес, педагогтермен, психологтермен, әлеуметтік педагогтермен, ата-аналармен бірлескен жұмыс қарастырылған. Педагогтердің әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамыту, буллинг жағдайларын ерте анықтау, мониторинг жүргізу сияқты жұмыстардың енгізілуі бағдарламаның кешенді сипатын көрсетеді.
Қорыта айтқанда «ДосболLIKE» - жай ғана буллингтің алдын алатын бағдарлама емес. Бұл - баланың жан-дүниесін (ішкі әлемін) түсінуді, оның эмоциялық зердесін, мәдениетін дамытуды, адамгершілікке негізделген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруды көздейтін педагогикалық жүйе. Бүгінгі күні мектептерге дәл осындай бағдарламалар қажет-ақ. Себебі мейірімділік те, достық та, құрмет те өздігінен пайда болмайды. Оның дәнегін тәрбиемен айналысатын адамдар баланың бойына ерте бастан егуіміз керек.
Мұхтаров Аманғали Хамидоллаұлы,
Филология ғылымдарының кандидаты, «ӨРКЕН» Балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық-ғылыми практикалық институты КеАҚ-ның жетекші ғылыми қызметкері
Abai.kz