Манасшы - Жүсіп Мамай

Жүсіп Мамай (1918-2014) қырғыз ұлтының әйгілі манасшысы. Бейжіңдегі әйгілі жазушы, аудармашы Акбар Мәжитұлы ол кісіні көзі тірісінде іздеп барып ұлы манасшы жайында деректі фильм түсірген екен. Төменде сол сапарға қатысты жазбасын ұсынамыз.
Сандаған боран-шашынды бастан кешкен, иман жүзді, мейірлі, парасатқа толы жанары әлі де отты, осы бір қырғыз қарияны көргенде, оған деген құрметіңіз еріксіз оянады.
ол сексеннің сеңгіріндегі еліміздің әйгілі қырғыз жырауы “манасшы” Жүсіп Мамай. 8 бөлімді 235 мың жолдық ұшан теңіз «Манас» жыры оның ми әлемінде, асыл қамбадай сақталып, оның қанымен бірге буырқанып, тірі жанар тауша балқып, отты жырлар жалын атқан магмадай көмейінен атылып шыққалы тұрған сияқтанады...
Қария он неше, жүз мың жолдық қазақ-қырғыз дастандарын жатқа соғады. Ол бейне тірі жыр қоймасы немесе ол бүгінгі замандағы тірі Гомер.
Мен кескінге алу группасын бастап қариямен бірге оның мекені − Шыңжаңның Ақши ауданына бардым. Біз оның өмірінен «жырау» атты арнаулы программа түсірмекшіміз. Ақши ауданы екі үлкен таудың орталығындағы аңғарға орналасқан, терістігінде Тәңір тауының етегі, түстігінде асқақ Памир үстірті, екі таудың ортасындағы аңғар Қақшал деп аталады.
”Қақшал” жерлік қырғыздардың аңызында “жауынсыз қағыр адыр” деген мағынаны білдіреді. Бұл ара жауын аз қағыр өңір болғанымен, терістігі Тәңір тауының етегіне тура келетіндіктен оңтүстік жағы орманды өңірмен тұтасып, жыл бойы қар жамылып, мұз жастанып, көрінісі ерекше көркем болады. Тау ішінде жылғалар жалғасып, өзендер тоғысып, мұздықтар кең көсілген таулы орманды өңірді суарады. Батыстан шығысқа қарай аңғарды тұтастырып арқырап өзен ағып жатады, бұл Тарым өзенінің жоғарғы бір айырығы − Тошқан өзені, жергілікті тұрғындар оны “Қақшал өзені” деп атайды.
Қақшал аңғары қырғыз ұлтының ежелгі жұртының бірі, көптеген тарихи мәліметтерде естелікке алынған. Жүсіп Мамай осында туылған, Қақшал аңғарынан көкке көтерілген жарық жұлдыз. Қақшал ертеден «Манас» тарихи жырының таралған басты өңірлерінің бірі, ол «Манастағы» тарихи уәқиғалармен сабақтасып жатады. Бұл аңыздар «Манас» пен Қақшал аңғарын тіпті де тығыз байланыстырып, бұл араны ересен аңыз түсіне ие еткен.
Қақшал аңғарында тіршілік етіп келе жатқан қырғыз ұлты, ежелден сөзге шешен, сауықшыл, халықтық ойындарға бай болуымен аты шыққан. Бейне «Манас» дастанында суреттелген ежелгі қырғыздардай, олар қолы босап тыныштық болғанда, ежелгі аталарының дағдысы бойынша түрлі той, ас сынды салтанатты қимылдар өткізген, жайлауда қатар-қатар шағаладай ақ үйлерді тігіп, көкпар тарту, ат бәйгесі қатарлы қимылдарды өткізген, түн болғанда, ауылдастар қораланып отырып халық өнерпаздарының «Манас» дастанын әуенмен шырқағанын тыңдаған. Кейде жыр жарысын өткізген, бұл түрлі жарыс тіпті дәстүрге айналған. Арнаулы «Манас» дастанын айтатындарды, халық құрметпен “манасшы” деп атаған, олар халықтың құрметіне бөленген...
Жүсіп Мамайдың елге келген хабары лезде ауылға тарады. Қайда барсақ, жерлік басшылар амандаса келді. Ауылдастар қаумалай сәлемдесті. Аналар құшағындағы сәбилерін алып, таласа-тармаса маңдайынан сүйгізіп, бата тіледі. Олар бата алған баланың болашақта сөзсіз бақытты, парасатты болатынына сенеді. Оның киімін ауылдастар таласа естелікке алып қалды, оның парасаты мен киесінің жұғуын үміт етеді: кейбіреулер білектерін түріп қарияға тамырын ұстатты, ол ауылдастардың назарында киелі емші іспетті. Ол ешқашан бір де адамның талабына жай қарамайды, ауылдастардың әрқандай кішкентай өтінішіне дейін мұқият орындайды. Халық дән риза, олардың жүздерінен разылық пен қуаныштың күлкісі еседі. Осыдан «Манастың» қырғыз халқының жүрегіндегі киелі ықпалын, Жүсіп Мамайдың жырау болу сипатымен халық жүрегіндегі орнын көруге болады.
Расында «Манас» тарихи дастаны қырғыз мәдениеті мен көркемөнерінің биік шыңы. Қырғыздардың назарында, ең үздік көркемөнерші “манасшы”, «манасты» жырлаушы.
«Манас» тарихи эпосы ауызша жарыққа шыққан әрі ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жеткен, 20-ғасырдың өзінде ауыз жүзінде жырланып әйгілі манасшылардың аузымен шырқалып, құлағымен зердесіне құйылып жалғасқан. Ал манасшылардың есімі қырғыз халқының жүрегінде жатталып, дәуірден-дәуірге жалғанған, олар халықтың өскелең құрметіне бөленіп, табынатын тұлғаларға айналған, қырғыз мәдениетінде ерекше орын ұстаған.
Үздік манасшылар халық жағынан үлкен манасшы деп аталған. Олар сирек кездесетін еске ұстау қабілеті, ерекше қиял қуаты, теңдессіз тіл қабілеті мен суырып салмалық дарынымен, тарихи эпостың бүкіл тұлғалық оқиғасына, әрбір вариянтына қанықтығымен, тұтас жырды жырлау барысындағы сезімдік бейнелеу қуатымен, барынша жеткізе шырқап, біртүрлі кемелді көркемдік өреге көтеріледі, ең соңында өзіндік даралығымен, тыңдарманның айызын қандырып, «Манастың» тұтас көркемдік үлгісін қалыптастырып, тыңдармандар ортасында күшті ықпал қозғап, халықтың терең құрметі мен сұйіспеншілігіне бөленеді.
Адамдар қашанда олардың есімін тарихи жырдың өзімен сабақтастырып жырлайды, әрі оған көптеген сырлы түс береді, тіпті оларды киелі деңгейге көтереді. Жүсіп Мамай біз көрген үлкен манасшылардың типтік уәкілі, шын мәніндегі ірі тұлғалы манасшы.
Жаңа ғана өте шыққан 20-ғасыр, ауызша мың жылға тарта таралған «Манас» тарихи эпосы жөнінен әрі оны таратып бүгінге жеткізген манасшылар жөнінен, тіпті құлаққа үйір батырлық эпосты тыңдап қаныққан қырғыз тыңдармандары жөнінен де, еске алуға, ойлануға татитын ғасыр. Өйткені тек осы ғасырға келгенде ғана, көптеген үздік манасшылардың айтатын мазмұны ауызша формадан жазбаша формаға өзгерді, жанды табиғи күйден тұрақты жазу формасына өзгерді. Олардың ортасында, Жүсіп Мамай ең бақытты есептеледі, ол қырғыз халқы ғасырдан-ғасырға ұлттың рухы деп ардақтап келген «Манас» эпосын ғылым-техника өскелең деңгейде дамыған ақпарат ғасырына алып кірді, көптеген ұлттар жөнінен, әсіресе, батыстағы ұлттар жөнінен әлде қашан жойылған тарихи эпосты әуенмен шырқайтын көркемөнер қалыбында бүгінге жалғады. Мүмкін ол жер бетіндегі ең кемелді «Манас» жыршысы.
Біз Жүсіп Мамайдың Қақшалдағы ізі бойынша оның өткенөмір кешулерін іздедік. Бұл жалпы жер көлемі 480 шаршы километр келетін, төрт жағын тау қоршаған, тар жылға сонау ертеде, шығыс хан кезінде еліміздің тарихи кітаптарында естелікке алынған. Уйтоу елі атанған, батыс өңірді қорғау үкіметінің қарастылығында болған, қырғыздардың ата бабалары еліміздің бесінші дәуірінен (907-960) бастап осында қоныстанып өсіп-өрбіген.
Қақшал аңғары жібек жолының маңызды бір жолы болған. Жібек жолы Чаң-аннан басталып Күшарға жеткеннен кейін, Ақсу, Ушыны басып өтіп Қақшалдың батыс солтүстігіндегі Бедел тау ауызы арқылы Орта Азияға тұтасады. Естуге қарағанда хан бектігі кезінде, Жаң Чян батысқа жорық жасағанда осы жолды ашқан екен, ол Орта Азия мен Шыңжаңның оңтүстігіндегі әрқайсы өңірлерді тұтастыратын негізгі қатынас линиясы болып, тарихта бір мезгіл дәурендеген, осы бір байырғы жолдың көп жерлерінде қазірге дейін ескі почта бекетінің, әскери бекеттердің және бекініс дуалдарының қалдығы сақталған.
Осында өмір кешкен қырғыз халқы ұзақ тарихи даму барысында өзіндік даралыққа ие үздік мәдениет жаратты, осы мәдениет құбылыстары даралық ерекшелігі мен тұтас қырғыз халқының рухани мәдениетінің бір бөлегіне айналып, тұтас қырғыз мәдениет тарихында аса маңызды орынды иеледі. Біздің ең мақтаныш сезінуімізге татитыны, осы топырақта тарихи эпос «Манастың» жарыққа шығуы, бұл әрі Қытай ұлт мәдениетінің мақтанышы.
Адамды қайран қалдырарлығы, Қақшал аңғарының «Манас» тарихи эпосына қатысты болған “Мұзбұршақ батырдың қабыры”, “Сырғақ қабыры”, “Аққұла тұлпардың мама ағашы”, “Әлмәнбет қабыры”, “Бақайдың киелі ағашы”, “Әлмәнбеттің ақ дорбасы”, “Манастың қырық батыры тіккен қырық ағаш” қатарлы тарихи деректерге толы болуы. Осылардың барлығы «Манас» тарихи эпосында түгелімен жырланып, батырлардың аты құлақ түбінде найзағайша жаңғырып, эпос пен шынайы өмір адам нанғысыз дәрежеде қабысып, адамды реалдық пен түс, қиял мен өмір ортасындағы ғажайып күйге бөлейді.
Ақши ауданының шығысында арқырап ағып жатқан Қақшал өзенінің бойында қырық түп ағаш бар. Адамдар бұларды “қырық ағаш” немесе “қырық батырдың қырық ағашы” дейді. Айтуларға қарағанда, бұл қырық тал ағашты Манаспен бірге шығысқа жорыққа аттанған қырық батыр тіккен деседі. Бұл қырық ағаш тарихи эпостың мазмұнымен қатысты болғандықтан, адамдардың құрметі мен қорғауына ие болған.
Қақшалға кіре беріс аңғар аузында, Ақши ауданының шығыс бөлегіндегі Сыпарбай ауылының Көкеніш деген жерінде, бір сұрғылт тауға жанасқан ежелгі мазарлық бар, міне бұл Мұзбұршақ қабыры. Қабырдың түстік жағындағы таудың жалама жартасына жармаса өскен діңі алып, жапырағы қалың, көкпен таласқан мың жылдық кәрі ағаш бар. Ағаштың астында тұрып бұлақтың сыңғырлаған дауысын естуге болады, мұнда бұлақ суы сол арадан ағын қалыптастырып ағып жатады.
Мұзбұршақ батыр Манастың қазақ сардары, алыс сапарда қаза тапқан, қосын жорықтан қайтып, Көкеніштен өткен кезде Манас өз қолымен осы араға жерлеген.
Қақшал аңғарының батыс терістігіндегі Меркейті қыстағының Ақбұжан деген жердің тау етегінде тастан қаланған “Сырғақ қабыры” деп аталатын көлемді ежелгі қабыр бар, міне бұл Манас жалпылай басшылық еткен қаһарман Сырғақ.
Аңыздарда Сырғақ батырдың мініс аты тел қызылдың бас сүйегі көмілген жер “тұлпардың бас сүйегі” деп аталып, жерлік тұрғындар оған табынатын, құрмет тұтатын болған. Сырғақ қабырының терістік жағындағы тау аңғарының ішіндегі кең алқапта, тағы бір “ақ құланың мама ағашы” деп аталатын жер бар, үш киіз үйдің үлкендігіндей келетін алып тас, үш бұрыш формасында өзенге сұғынып орналасқан. Айтуларға қарағанда, кезінде Манас батыр осы үш бұрыш тастың үстіне өзінің аққұла тұлпарын байлаған ... деседі.
Бәрі де кеше ғана болып өткендей, қаз-қалпында алдыңнан шығады.
Айдан анық, “манасшы” қырғыз халқы ішінде ең құрметке бөленіп ардақталатын адамдар, оларды қырғыз халық жыршыларының көркемдік өкілі деуге болады, олар «Манас» тарихи эпосын бірден-бір кәсіп еткен. Деседе бүгінгі күні қырғыз сахарасында Жүсіп Мамайдан басқа «Манасты» жырлауды арнаулы кәсіп еткен адам жоқ. Жүсіп Мамай «Манас» тарихи эпосы, «Манас» тарихи эпосы қырғыз халқының рухы деуге болады.
«Манас» қырғыз халқының жүрегінде әлі де орнын ешқандай күш баса алмайтын көркемөнердің шыңы, деседе жазудың жарыққа шығуымен, олар барған сайын тездеп бара жатқан тұрмыс ритімінде жазу арқылы оқып тарихи эпостың шексіз көркемдік қуатын сезінуге ойысуда.
Жүсіп Мамай қартайды, ұшан-теңіз жыр жолдары оның көкірегінде сайрап жатқанымен, оның дене қуаты ендігәрі жырлауға мүмкіндік бермейді.
Басқа жыраулар бұрынғыдай көптің алдында өзінің жыраулық талантын әйгілеп, шаршы топтың ортасында, қызу шапалақ үні ішінде шырқап «Манас» эпосын айта алмайтын болды. Ауызша айтылатын тарихи эпос деп аталатын батырлар жырының өміршеңдік қуатын ұлттың тыңдармандары сыйлаған. Қырғыз ұлтының тыңдармандары болмаған болса, тарихи эпос «Манас» бүгінге жетпеген болар еді. Уақыттың өтуіне ілесіп, әсіресе, Қақшал аңғарында, батырлық эпостың жыраулық жүлгесі солғындады, тағы бір дәуір жаңа үздік жырауларды баулып шығудың мүмкіндігі тым аз. Мүмкін бұл жаңа ғасырда біздің дөп келіп отырған реалдығымыз шығар.
Жүсіп Мамай мен оның мылқау әйелі Айтбүбі ешқандай алаңсыз. Неше жүз мың жол батырлық эпосты жатқа айтатын тіл алыбы, мылқау әйелімен бірге неше он жыл ғұмыр кешті.
Мүмкін бұл, өмірдің шын мәні шығар.
Акбар Мәжитұлы
Abai.kz