Бейсенбі, 18 Қыркүйек 2025
Абай.tv 353 0 пікір 18 Қыркүйек, 2025 сағат 14:09

Бірпартиялы Сенат көппартиялы Мәжілістің үнін өшіретін цензураға айналған!

Сурет: Видео скрині.

Қазақстанда саяси реформалар, цифрландыру мен шетелдік инвестициялар туралы келісімдер төңірегіндегі пікірталастар барған сайын үдеп барады.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Енді не істейміз?» YouTube арнасына берген сұхбатында осы тақырыптарға қатысты өз пікірімен бөлісті. Оның сөзінен аңғарғанымыз: Елді алаңдатып отырған басты мәселе – биліктің жауапкершілігі мен жүйесіздігі, ал ең өткір тұсы – Сенаттың саяси цензура ретіндегі рөлі.

Перуашев президенттің биылғы жолдауына тоқталды. Жолдау ел күткен үлкен үміттің жүгін арқалағанымен, оның орындалуы басқа әңгіме екенін депутат ашық айтты. Ол әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдеріндегі қайшылықты мысал етті:

«Еліміз сүт өндірісін арттырып жатқанымен, дүкен сөрелерінде Ресей мен Беларусь өнімдері басым. Бұл – отандық өндірушілерді қолдау орнына сыртқы нарыққа жағдай жасап отырған Үкіметтің селқостығының дәлелі. Президентіміздің өзі ашық сынап отырса, бұл билік органдарының салақтықтан бөлек, ұлттық мүддеге немқұрайдылығы», – деді ол.

Осы немқұрайдылықтың екінші қыры цифрландыру саласында да айқын көрінеді. Жасанды интеллект министрлігін құру туралы ұсыныс қоғамды екіге жарса, Перуашев мәселенің мәнін басқаша қояды. Оның айтуынша:

«Қазақстан әзірге жасанды интеллектті өндіруші емес, тұтынушы ел. Жастардың әлеуеті зор болғанымен, мемлекеттің қолдауы жеткіліксіз. Ал цифрландыруға бөлініп жатқан миллиардтаған қаржы бақылаусыз кетіп жатыр. Әр министрлік пен әкімдік өз бетінше жүйесіз бағдарлама енгізіп, ысырапшылдық өршуде. Мәселен, Павлодар облысындағы бір жобаға 8,6 млрд теңге жұмсалған. Бұл ақылға қонбайды, ал Қытайда мұндай жобалар екі-үш есе арзанға түседі», – деп түйді депутат.

Яғни, мәселе жаңа министрлік құруда емес, бар бағдарламаларды орталықтандыруда, бақылауды күшейтіп, ысырапты тоқтатуда.

Бірақ биліктің «жасырын» саясаты цифрландырумен шектелмейді. Шетелдік инвестициялар келісімдері халықтан құпия ұсталып келеді. Перуашев Катардан тартылған қаржыдан бастап мұнай-газ секторындағы үлеске дейінгі мәліметтердің неге жарияланбайтынын сұрайды.

«Әділ келісім жасалса, инвесторлардың өзі оны мақтанышпен жариялар еді. Егер жасырса – демек, шарт әділетсіз», – дейді ол.

Расында да, кейбір бейресми деректер бойынша, Қашағанда Қзақстан мұнайдан небәрі 2 пайыз ғана табыс алған. Соңғы жылдары бұл үлес 10 пайызға дейін көтерілді деген ақпарат бар, бірақ нақты дерек әлі де құпия. Бұл – мемлекеттің ұлттық мүддесін саудалауға ұқсайтын қауіпті тенденция.

Осының бәрін қорытындылай келе, Перуашев Сенаттың қазіргі рөлін қатты сынады. Оның пікірінше, Мәжілісте талқыланып, қоғам мүддесін қорғайтын заңдар Сенатқа келгенде тежеліп, «сүзгіден» өтпей қалады.

«Негізінен билік партиясының өкілдері отырған бірпартиялы Сенат көппартиялы Мәжілістің үнін өшіретін саяси цензураға айналған. Біз унитарлы мемлекетпіз, әр аймаққа бөлек заң қажет емес. Сенат тек биліктің ыңғайына жұмыс істеп отыр. Сондықтан бір палаталы парламентке көшу – уақыт талабы», – деді ол.

Бұл пікірді ол кездейсоқ айтқан жоқ. Перуашев 2017 жылы-ақ, Сенатты таратып, бір палаталы жүйеге көшу жөнінде бастама көтергенін еске салды. Алайда ол кезде Сенат төрайымы болған Дариға Назарбаева бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шыққан.

«Дариға Назарбаева бастаған сенаторлар бізді «Конституцияға қол сұғасыңдар» деп айыптап, бастаманы өткізбеуге барын салды. Өйткені Сенат – олардың саяси ықпалын сақтап қалудың тетігі еді», – дейді депутат.

Осы арқылы ол Сенаттың шын мәнінде халық мүддесін емес, биліктегі топтардың мүддесін қорғап отырғанын ашық көрсетті.

Перуашевтың бұл сындары – жеке бір партияның ұстанымы ғана емес, қоғамда қордаланған түйткілдердің айнасы. Бір жағынан, Президенттің жолдауындағы жаңа бастамалар халыққа үміт сыйлайды, екінші жағынан, оларды іске асыратын билік органдарының немқұрайдылығы сол үмітті қайта сөндіріп отыр. Миллиардтаған қаржының желге ұшуы, ұлттық байлықтың құпия келісімдермен талан-таражға түсуі, Сенаттың саяси тежеуішке айналуы – осының бәрі шын мәнінде елдің болашағына тікелей қауіп.

Бұл сұхбаттың толық нұсқасын «Енді не істейміз?» YouTube арнасынан көре аласыздар...

;t=41s

Abai.kz

0 пікір