Күреңбелден күллі әлемге

Мүлгіген табиғаты бар сұлу өлкелі Жетісу өңірінің өзі ән салып тұрғандай әсем, көрікті, сұлулығымен көз тартатын ерекше қасиетке ие жер.
Осындай тамылжыған табиғат аясында өскен жеткіншектің сұлулыққа, ән-күйге құштар болмауы мүмкін де емес сияқты.
Бүгінгі әңгіме еткелі отырған өнер иесі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі әнші Нұрғали Нүсіпжанов жайлы болмақ.
Біз ес білгелі Қазақ радиосынан саңқылдаған дауысын, орындаған әсем әндерін тыңдап өстік. Рухани дүниеге тәрбиелендік. Осы кісілердей сахнада ән салсақ деп армандадық. Әрине арман орындалды. Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың алдынан дәріс алдық. Бірақ өмір басқа арнасына бұрды. Ендігі жердегі мамандығымыз бойынша осындай бетке ұстар өнер иелерінің насихаттаушысы, өнер зерттеуші журналист болып, Қазақ радиосында көп жыл еңбек еттік. Бір кезде радиодан дауысын ғана естіген өнер иелерімен бір мекемеде еңбек еттік. Жақын таныстық, сырластық. Солардың бірі әрі бірегейі, халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақ радиосының ардагері Нұрғали Нүсіпжанов ел ішінен шыққан қарапайым адам. Ол өзінің осы қарапайымдылығынан әсте танбаған, қанша жерден атақты болса да өзін бірқалыпты ұстайтын, жасы ұлғайғанмен, дәрежесі өскенмен тәкаппарлыққа жол бермеген үлкен жүректі, тек ән құшағында жүретін, үнемі ізденіспен нәтиже шығаратын халық әншісі. Адам боп келіп, адами қалпынан өзгермеген, елі сүйген сүйікті әнші.
Осы орайда Қазақ радиосына сұхбат бергендегі Нұрғали Нүсіпжановтың балалық шақ жайлы әңгімесін жаңғыртқанның артықтығы болмас.
Алтын: Нұраға, студиямызға хош келдіңіз! Қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосып, әлі де қасиетті сахнада ән салып келесіз. Кейінгі жас өзіңіздің балалық шағыңыз жайлы біле отырса деймін. Туған ел, өскен жеріңіз, ата-анаңыз жайлы сөз бастасақ.
Нүсіпжанов: «Мен өзім қақаған қыстың басында өмірге келіппін. Қыстауда туғанмын. Қазір біздің елді Күреңбел деп атайды. Жеті-сегіз ай жайлау болады. Қыс көк шөптің үстіне қар болып бірақ түседі. Қыста қар қалың болған соң тау асып, Қату деген жер бар, соған қыстайды. Қызылжиде деген бастаудың түбінде туыппын.
Әкем құлақ күйін келтіріп, домбырасын тыңқылдатып отыратын. Шешем іс тігіп отырып ыңылдап ән айтып отырушы еді.
Ол кез соғыс кезі. Жағдай қиын болды ғой. Ата-анамның 4-5 баласы шетінеп кеткен соң мен ғана аман қалыппын. Ата-анам өміріме жететін тәрбие берді. Мен үйде жалғыз өстім. Әкем «жалғызбын деме, жалқы тудым де» деп сөзімді түзетіп отыратын. Адамның көп болуы, аз болуы өзіне байланысты. Он болсаң да бір басыңда жалғыздық болады. Ағасы, інісі барларға қызығушы едім. «Жұмсағанға бір боқмұрын інім де болмады-ау» дегенде шешем «өйдеп айтпа, жас өседі, жарлы байиды» деп айтып отыратын.
Соғыс басталғанда мен төрт жастамын. Сонда соғысқа аттанған ауыл адамдары есімде. Бәрі жылап-сықтап шығарып салып еді.
Алтын: Сіз бұғанам қатпай тұрып ауыл өміріне араластым деп едіңіз. Соның сыры неде?
Нүсіпжанов: Ауылда еңбекке араласатын адам жоқтың қасы. Бес-алты жасымда өгіз жегетін, өгіздің алдында жегілген ат келе жататын, сол атқа мені отырғызатын. Бірде ат үстінде келе жатып шалғыға түсіп қала жаздағанмын. Кешкісін өрістен қайтқан малды қарсы алып, қораға кіргіземін. Кейде шарбақты байлай алмай қолыммен ұстап отырып ұйықтап қалатынмын. Ондағым бұзау сиырды еміп қоймасын деген әрекетім. Шешем бірде жылап, бірде күліп «сен де адам болар ма екенсің» дейтін.
Алтын: Мектепті бітіре салып қой соңында жүріпсіз. Бірден жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады ма?
Нүсіпжанов: Отбасының жағдайына қарап мектеп бітірген соң екі жыл қой бақтым. Партия қатарына алындым. Жақсы жұмыс істегенім үшін жиырма тоқты сыйға алдым.
Аудандық фестивальға қатысқаннан кейін идеология жағында жүрген азаматтар консерваторияға баруыма кеңес берді.
Өзім 5 сыныптан суретті жақсы салатынмын. Радиодағы орындалып жатқан әндерді бір-екі естісем қағып алатынмын.
Алтын: Сіздің өнерге шындап бетбұрыс жасауыңызға кімдер себеп болды?
Нүсіпжанов: Бірде ауылға «Казахстанская правда» газетінің журналисі Алексей Брагин келіп, Бабаш Төкенов деген ферма меңгерушісі мені таныстыра бастады. «Еңбекқор жігіт, өзі ән салады» деп. Мен ат үстінде тұрмын. Қой бытырап кетпеу керек. Мені қолдақалап бір ән айтқызды. Ол кісі де консерваторияға бару керек деп кеңес берді.
Осыдан кейін ата-анам «қазір заман түзелді ғой, өзіміз бірдеңе қып күн көрерміз. Сен оқуға бар» деп, ақ баталарын беріп, ауыл ақсақалдарына марқа қозыны сойып, дәмге шақырып баталарын алды. Сонда Қасымжан деген ағамыз «одан да директордың оқуына түс, мына ел кімге қалады, кім ие болады?» дегені бар. Қазір ойласам, ауылда кәрі-құртаң ғана қалған. Зіңгіттей жігіттер жұмыс іздеп қалаға кеткен. Сол ақсақалдың сөзінің жаны бар екен.
Алтын: Сіз осынша жасқа келсеңіз де өз қатарластарыңыздан әлдеқайда жас көрінесіз? Осының сыры неде?
Нүсіпжанов: Көпшілік менің жас көрінуімнің сырын сұрайды. Әзілдесем де мен өзімнің жасымды консерватория бітіріп, санам толысқан кезден бастаймын. Жас көрінудің дәрісі – ешкімнен ештеңе қызғанбау керек. Адамды құртатын пендешілік.
Алтын: Көп жыл ел басқарған қадірлі ағамыз Дінмұхаммед Ахметұлы сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдайды екен. Тіпті еңбекқорлығыңызға таңғалған кезі болыпты.
Нүсіпжанов: Бірде біз Құрманғазы оркестрінде жүргенде дирижер Шамғон Қажығалиев ағамен Димаш Ахметұлының 70 жасқа толуымен құттықтай бардық. Қуанып қалды. Сонда Димаш аға «Нұрғали, сенің әр шыққан әндеріңді көмекшім Дүйсетай жазып алып тыңдатады. Бәріне қалай үлгересің?» деп таңғалған.
Алтын: Сіздің ерекше қарапайымдылығыңыз көп әншілерде жоқ қасиет. Осы мінез туа біткен бе?
Нүсіпжанов: Мен жоғары лауазымға, таққа таласып көрген адам емеспін. Әр адам қадір-қасиетімен жүру керек. Ән айтқанда өзіңнің жан-дүниеңмен ой-мақсатыңды еркін жеткізесің. Өнер қиын жол. Көп адамдар марапатты көтере алмай қалады. Мен үміттің жетегінде жүремін. Үнемі ізденіс үстіндемін.
Осы айтқан сырынан Нұрғали Нүсіпжановтың болмысы толықтай айқындалып, тұтас портреті суреттеліп тұрған жоқ па? Одан артық не деуге болады.
Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылы 5 қаңтарда Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында қарапайым шопан отбасында дүниеге келген.
Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында үнемі ән салып, ауылдастарын қуанта білді.
Ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның класында жеті жыл оқыды.
Нұрғали консерваторияны бітірген соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Осы кезде Нұрғали Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарды. Ол жеке әнші болуды аңсады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетіне әкелді. Бұл ұжымда Нұрғали музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді.
Осы ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов (1966 – 1976) он жыл қызмет етті. Қызмет бабы Нұрғалиға өзінің орындауындағы әндерді де насихаттауға мүмкіндік тудырды. Комитетте басшылардың кемшілігін бетіне айтамын деп қудалауға ұшырады. Сол себептен ұжымнан кетіп, 1976 жылы Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды. Нұрғиса Тілендиев Нұрғалиға «Сарыжайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтың «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан. Әнші Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы АХА оркестрінде 20 жыл жетекші әнші болып қызмет атқарған соң, «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан «Жазира» атты аспаптық ансамблін ашты. Енді Нұрғали жастарды таңдауға, ансамбльге тартуға белін бекем буып кірісті. Әрі қарай ансамбль еліміздің түпкір-түпкірінде концерттер бере бастады. Алжирде де өнерлерін көрсетіп, сол елдегі Кеңес елшілігі қабылдауында болған-ды, сонда, ұжым Құрмет мақтау қағазымен марапатталды. Жанұя, туған-туыстары Нұрекеңнің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Өз елім» (мақалалар, сұхбаттар жинағы) кітабын жарыққа шығарды.
Нұрғали Нүсіпжанов Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың, Қазақстан жастар Одағы сыйлығының, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлықтарының лауреаты, Өзбекстан республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Қазіргі күні әншіні қанаттандырып отыратын өнер жанашыры, белгілі журналист, ағамыздың жұбайы Жадыра Сейдештің атқарып отырған еңбегі өлшеусіз. Қамқорлық танытып, көптеген жобаларына продюссерлік етіп жүрген, қарлығаштың қанатындай су сеуіп, өнер иесінің имиджіне, сахналық костюмдеріне, телеарна түсірілімдерінің жақсы шығуына өзінің біліктілігін аямаған бірден-бір қолқанаты да – Жадыра.
Нұрағаңның алда мерейтойы да келе жатыр. Осыған орай өмір бойы жинақтаған костюмдері, афишалары, антиквариат жәдігерлері, 7000-нан астам кітаптары, тағысын тағы дүниелерін бір орынға жинақтап, үлкен мұражай ашу да жоспарларында бар. Тірі адамға тіршілік. Бұл ісшараны Мәдениет министрі Аида Балаева қолға алып, халқымыздың мақтанышы, қазақ өнерінің қаранары Нұрғали Нүсіпжановтың еңбегін ескеріп, «Қазақстанның еңбек Ері» атағын берсе халық болып қуанған болар едік.
Нұрғали аға 90-ды алқымдаған шағында жақсы әндерімен халқын қуантуда. Әлі бабында тұрған жақсы әншіге тек жақсылық, ғұмыр тілейміз!
Алтын Иманбаева Қазақсанның еңбек сіңірген қайраткері
Abai.kz