Сейсенбі, 23 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 293 0 пікір 23 Қыркүйек, 2025 сағат 14:22

Зеленский Тоқаевқа не үшін алғыс айтты?!

Сурет: Aqorda.kz сайтынан алынды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Зеленскиймен кездесті. Кездесу Украина тарабының сұрауы бойынша ұйымдастырылған. Кеңес шекпенінен шыққан екі елдің басшылары орыс тілінде емес, ағылшын тілінде әңгіме өткізген.

Ақорданың таратқан мәліметінде: «Мемлекеттер басшылары екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Владимир Зеленский Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын жеткізді.

Қазақстан Президенті осынау аса күрделі ахуалға қатысты пікір білдіріп, қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет екеніне назар аударды», - делінген.

Украина басшысы Владимир Зеленский Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялаған.

Онда: «Біз Украинаның, АҚШ-тың, Еуропаның және әлемнің басқа серіктестерінің соғысты тоқтату және қантөгісті доғару жөніндегі күш-жігерін егжей-тегжейлі талқыладық. Сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық пен қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіруге қатысуға қызығушылығына тоқталдық», дей келе Украина президенті Қазақстанға елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғысын жеткізген.

Орыс әскері Украинаға басып кірген 2022 жылдың 24 ақпаннан бері қарай Қазақстанның Украина тағдыры талқыға түскен әлемдік басқосуларда Ресейдің шапқыншылығын қолдамай, бейтарап позиция ұстанып келе жатқаны белгілі.

Президент Тоқаев Санкт-Петербуркте өткен экономикалық форумда Путиннің көзінше Кремль өзіне қосып алған төрт облыстың егемендігін мойындаудан бас тартқаны да ел есінде. Ресей Сыртқы істер министрі Лавров оны әлі күнге ұмыта алмай, биыл қайта талқыға салғаны да жұртқа аян.

Abai.kz

0 пікір