Түрлі-түсті түрік баспасөзі
Жеке өзім үшін Түркиядан ерекше есте қалғаны - ондағы кейбір әріптестерімнің жұмысымен танысу еді. Ес білгелі кез келгеннің түсінігіндегі халықтың жарғақ құлағы саналатын ақпарат құралдарының бұл елдегі артықшылықтары мен проблемалары да бар болып шықты. Әрине, тілдік мәселенің мұнда ауылы әлдеқайда алыста іспетті. Басылымның таралымы да БАҚ басшылығының басын ауырта қоймайтын сыңайлы.
Әріптестерімізден білгеніміздей, Түркияда күн сайын 35-тен астам ірі басылым оқырманына жол тартады. Халқының басым бөлігі дін жолын берік ұстанатындықтан айта отырайық, сәресінен соң, таңғы намазын оқып болған халық алдымен ел жаңалығын таңертеңмен жеткізілетін газеттерден біліп отырады. «Дорба арқалаған арбакештер» алагеуімде-ақ есіктер алдына орам-орам газеттерді лақтырып кетеді.
Газет ғұмыры біркүндік секілді көрінді маған. Кем дегенде 50-60 бет болып басылатын газеттерді көшеде жүргендердің үлкен-кішісі қызығушылықпен оқиды. Ертеңіне тағы осындай қалың басылым жарық көреді. Тағы осы көрініс. Жаңа газет... жаңа саны.
(Осындайда Ақтөбе теміржол вокзалы маңындағы дүңгіршек сатушысының сөзі еріксіз есіме оралды. «Менің табысым үшін емес, өзіңнің сауатың үшін оқысаңшы» деп қазақ жастарына батырып-батырып айтамын, сондағысы шымкенттік басылымдарды алып оқиды ғой. Бүйте берсе, қасқа қазақ жастары қараңғы болып қалады» деп ашына айтатын әлгі газет сатушысы.)
Жеке өзім үшін Түркиядан ерекше есте қалғаны - ондағы кейбір әріптестерімнің жұмысымен танысу еді. Ес білгелі кез келгеннің түсінігіндегі халықтың жарғақ құлағы саналатын ақпарат құралдарының бұл елдегі артықшылықтары мен проблемалары да бар болып шықты. Әрине, тілдік мәселенің мұнда ауылы әлдеқайда алыста іспетті. Басылымның таралымы да БАҚ басшылығының басын ауырта қоймайтын сыңайлы.
Әріптестерімізден білгеніміздей, Түркияда күн сайын 35-тен астам ірі басылым оқырманына жол тартады. Халқының басым бөлігі дін жолын берік ұстанатындықтан айта отырайық, сәресінен соң, таңғы намазын оқып болған халық алдымен ел жаңалығын таңертеңмен жеткізілетін газеттерден біліп отырады. «Дорба арқалаған арбакештер» алагеуімде-ақ есіктер алдына орам-орам газеттерді лақтырып кетеді.
Газет ғұмыры біркүндік секілді көрінді маған. Кем дегенде 50-60 бет болып басылатын газеттерді көшеде жүргендердің үлкен-кішісі қызығушылықпен оқиды. Ертеңіне тағы осындай қалың басылым жарық көреді. Тағы осы көрініс. Жаңа газет... жаңа саны.
(Осындайда Ақтөбе теміржол вокзалы маңындағы дүңгіршек сатушысының сөзі еріксіз есіме оралды. «Менің табысым үшін емес, өзіңнің сауатың үшін оқысаңшы» деп қазақ жастарына батырып-батырып айтамын, сондағысы шымкенттік басылымдарды алып оқиды ғой. Бүйте берсе, қасқа қазақ жастары қараңғы болып қалады» деп ашына айтатын әлгі газет сатушысы.)
Түркияда шығатын газеттерді ақтарып отырып, олардың демалыс, яки аптаның сенбі, жексенбі күндерінде де шыға беретініне көз жеткізуге болады.
Сапарымның бір күнінде кәсіби қызығушылықпен Ыстамбұл қаласында орналасқан «Zaman» ақпарат холдингіне бас сұғудың сәті түсті. Көпқабатты ғимаратта аталған басылымның әкімшісі (біздің түсінігіміздегі жауапты хатшы) Еркан Шышманоғлы қарсы алды. Алдымен редакцияның асханасына кіргізді. Журналист үшін есте сақтау қабілеті жақсы болғаны керек, сондай-ақ ойы ширақ болуы шарт. Осыны ескергендей-ақ, газет қызметкерлерінің ас мәзірінде жеміс-жидек пен шоколад молырақ екен. Жә-ә, бұл реті келгенде байқағанымыз ғой.
Одан арғысы редакция ішінде өзіндік экскурсиямен жалғасты. Таралымы миллион данаға жуықтайтын, оның үстіне аптасына жеті күн шығатын болғандықтан мұнда тыныштық бірінші орында. Тыныштық демекші, бөлімдер арасын бөліп тұрған қабырғаларды байқамадық. Газетшілері қауырт жұмыс істеп жатқанмен, сыбыс естілмейді.
Бұл қазіргі үлкен басылымдардағы нанотехнология - жұмысшылар орындықтары арасында көзге көрінбейтін «дыбысжұтқыш» сәуле екен. Газет қызметкерлеріне жұмыс барысында өзара әңгімелесуге тыйым салынбағанмен, өз жұмысына тиянақты болу - басты қағида.
- Қажет болған жағдайда кәсіби журналистерімізді жер-жерге іссапарға жібереміз. Мұнда тек «жұмысқа берілгендері» ғана «сұрыпталған». Тәртіп қатал. Әркім өзінің қызмет орнына карточкамен кіреді, - дейді газет жетекшісі.
Басылымның әкімшісі Еркан Шышманұлы әңгімені әріден бастады.
- Түркияда осыған дейін ұлтқа, ділі мен дініне жаны ашитын басылым болмады. Әрине басылым көп. 100 пайызға жуығы таза түрік тілінде. Дегенмен, ақпарат нарығын белгілі топтар билейтіні мұндағы журналистер арасында дәлелденбейтін қағида. Жасыратыны жоқ, Түркиядағы басылымдардың арасында реңі «сарылары» да жетерлік. Дұрысты бұрыс дейтіндер жоқ емес, - деді ол.
БАҚ-тың басында... ебірейлер
Еркан Шышманұлының сөзінен ұққанымыз, «өзгелер үшін қызмет ететін мұндай басылымдардың айы оңынан туып тұр».
Бұл ретте өз тарапымыздан айта кетейік, әлем бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының 80-90 пайызы ебірейлердің қолында екенін бүгінде ешкім жоққа шығара алмас. Тіпті көршіміз Ресейдің өзінде ұлттың қамын күйттейтін ақпарат құралдары санаулы-ақ. Посткеңестік мемлекеттерде осының о жақ бұ жағында.
- Кемпірқосақтың түстері секілді әр қилы пікірде болатын басылымдар керек. Тіпті сол яхудилерде де болсын, - деді газет әкімшісі.
Еркан Шышманұлының айтуынша, «Zaman» газетінде 28 бөлім бар. Холдинг жанынан ағылшын тіліндегі қосымшасы және шығады. Оны 40 адам әзірлейді. Бізде 90-нан астам әр ұлттың өкілі тұрады, - дейді Еркан мырза. - Ал негізгі түрік тіліндегі басылымның әр бетін 10 адам дайындайды. Жалпы, қызметкерлерінің ұзын саны - 500-ге жуық. Штатта 12 фототілші бар. Түркияның ірі басылымдарындағы журналистердің жалақысы 2-3 мың доллар аралығында.
Басты қағида, газет әкімшісінің сендіруінше, объективтілік, ақпаратты сол күйі жеткізу. Егер бұл қағидадан ауытқысаң қылмыскер атанасың.
- Үкіметтің газет жұмысына ықпалы болмайды, - дейді ол. - Газет ақпараттарды осы холдингке қарасты ақпарат агенттігінен алады. Агенттіктің бүкіл-дерлік Еуропа мемлекеттерінде өкілдері жұмыс істейді. Сондай-ақ әлемнің 81 елінде газет өкілдері ақпарат жинайды.
Бәлкім «Zaman» атауы қазақтілді оқырманға таныс та шығар. Басылымның 36 мемлекетпен бірге әзірлеген жобалары жарық көріп келеді. Соның бірі - еліміздегі «Қазақстан-Заман» апталығы.
Жарнама үшін жарамасқтанбайды
Өз еліміздегі, оның ішінде өз тіліміздегі БАҚ демекші олардың түрік ақпарат құралдарымен салыстыруға келмейтін тұстарын да айта кеткен жөн. Бізде қалай, қазақтілді басылымдардың жағдайы, жалпы айтқанда мүшкіл. Өз жерімізде болсақ та, өзге тілдегі басылымның сөзі жүріп тұр. Мерейі үстем солардың. Таралымын көзі қырағы оқырман өзі-ақ ажыратып алар. Қазақстандағы республикалық күнделікті деген басылымдардың өздері баспадан шыққан бойда оқырманына жете алмайды. Жүйе қалыстаспаған. Бәлкім әлі де қалыптасу үстінде шығар.
«Zaman» газетінің шыға бастағанына биыл 23 жыл толады екен. «Миллиондық межені бағындырдық», - дейді басшы. Байқағанымыз, «біз осындағы ең... ең...» деген сарындағы өзін-өзі жарнамалау деген жоқ. Бұл тек «Zaman»-ға ғана тән емес. Мұндағы басылымдардың көпшілігі мұндай әсіре мақтанудан өздерін алшақ ұстайды. Тіпті, қанша басылымды шолып шықсақ та, оның тарылымы туралы мәліметтерді біле алмадық.
Газеттердің кемі «бес нөлі бар» (...00 000) таралыммен тарайтынын мұнда жарнама берушілер де біледі. Сондықтан, жарнама берушілер алдында «тиражымыз осындай да осындай» деп мақтанып жатудың өзі артық секілді.
Жарнама демекші, теория бойынша кез келген басылым өзін ақтауы үшін оның 60 пайызы жарнама болуы керек. Қай басылымды алсаңыз да көлдей-көлдей жарнамалардан көзіңіз сүрінеді. Біздегі (Қазақстандағы) қазақтілді басылымдардағы жарнама агенттері (бәлкім, газет редакторлары үшін де!) үшін бұл әрине алыстағы қол жетпес сағым көрінетін шығар.
Бәрін айт та бірін айт, бәлкім мұндағы басылымдардың дені саяси құрал болу түсінігінен де сол үшін әлдеқайда арылған шығар. Газет өз шығынын өзі ақтайды.
Осындайда Ақтөбедегі бірнеше жыл бұрынғы сот процесі (преценденті деуге де болады) еске түседі. Орта-Азиялық университетінің сыртқы бөлімде оқитын студенті жергілікті телевидениені, бір емес бірнешеуін, сотқа бергені еріксіз еске оралады. Әлгі студент шағын хабарландыруды ана тілінде бергісі келсе керек. Алайда «жүгіртпе жолдарында» қазақша шрифті болмай шыққан жергілікті арналар тығырықтан шығудың амалын қарастырудың орнына әлгі студентті «алдадың, бізге жолыққан жоқсың» деп өзін кінәлі етуге тырысады.
Қалталы кәсіпкердің де, бұл ретте, жарнамасын алып, алдымен орыс тіліндегі БАҚ-қа жүгінетіні жасырын емес. «Шекер шығаратын Шекербайың» да, «айран сапыратын Айранбегің» де жарнамасын алдымен орыстілді басылымға ұсынады. «Мен бермеймін жарнаманы ермек үшін» қағидасын ұстанған ба деп қаласың осындайда!
Бір газет - 2500 теңге?!
Әдеттегісінше, газет дүңгіршегін көрсем айналып өте алмайтын «ауруым ұстап» кетті ме, Ыстамбұлда да осы «дертімнен айықпасам» керек. Теңгелерімді лирге айырбастап, бірақ есебінен жаңылысып жүрген кезім. Газет сатушысына жолығып, соңғы шыққан газеттерден бере қойыңызшы дегенім сол, «яванжы?» («шетелдіксің бе» дегені - ред.) деп сұрады да, «бүгін тек бүгінгі газетті сатамыз» деп салды. «Неше лир?» дедім. «Иирми беш». Теңгеге шаққанда қанша болатынын есептеп әлекпін. Өйткені Түркия валюталарында нөлдері қысқарыпты. Қисабымша, (қателестім, әрине) бір газет 2500 теңгеге шықты. Тағы сұрадым. Тағы солай деп жауап қатты. «Газеттері құнды екен, бәлкім шынымен де осындай қымбат шығар» деп, не де болса сатып алуға оқталғам... Сөйтсем, біздің теңгемен 25-ақ теңге екен. А2 форматтағы 50-60 парақтық басылымдар осындай «су тегінін» біліппін бе?! Бір емес, он шақтысын сатып алдым.
«Мұны елге әкетем деп әуреленбе, жүктің әр келісі үшін әуежайда қалтаңды қағады деп ескертті» қасымдағы жолдастарым әзіл-шыны аралас.
Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе-Ыстамбұл